Сенатор Геннадий Шиповских қазақ тіліндегі үздік екі кітапты атады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских қазақ әдебиетін тұрақты оқитынын айтты. Бұл туралы ол El.kids YouTube арнасына берген сұхбатында бөлісті.
Сенатор қазақ тіліндегі ұлттық рух пен тарихи танымды күшейтетін еңбектерге тоқталды.
Әрине, қазақша кітап оқимын. Неге оқымасқа? Түрлі шығарманы оқыдым. Соның ішінде екі туындыны ерекше атар едім, – деді ол.
Алғашқысы – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы. Төрт томнан тұратын көркем эпопея ұлы ойшыл Абайдың тағдыр жолын, күрделі кезеңдерін, алғашқы махаббатын, отбасы өмірін кеңінен суреттейді. Депутаттың айтуынша, бұл шығарма – тек бір тұлғаның ғұмырнамасы ғана емес, тұтас дәуірдің айнасы.
Екінші атап өткен еңбегі – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» атты үш бөлімнен тұратын тарихи трилогия қазақ хандығының қалыптасу кезеңін баяндайды.
Иә, бұл кітаптың тілі кейбір оқырманға күрделі көрінуі мүмкін. Бірақ мазмұны терең, тарихи салмағы зор. Егер өскелең ұрпақ осы еңбектерді оқи бастаса, ұлттық рухқа, тарихқа, құндылыққа бай дүниемен сусындайды, – деді сенатор.

