Жаңалықтар

Сенатор елімізде мүгедек балалардың саны артып жатқанын айтты

Сенатор елімізде мүгедек балалардың саны артып жатқанын айтты
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 18.04.2024 12:23 636

Сенатор Ләззат Қалтаева Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда мүгедек балалар санының өсіп бара жатқанына байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың мәліметінше, 2021 жылы бұл көрсеткіш 25,8%-ды, ал 2022 жылы 26,6%-ды құрады. 2022 жылғы балалар мүгедектігінің түрлері бойынша бірінші орында туа біткен аурулар, екінші орында жүйке жүйесінің аурулары тұр. Бұл деректер проблемаларды кешенді шешуді қажет ететін қосылған дерт түрлерінің өсіп бара жатқанын көрсетеді.

Сенат жанында өткен жылы құрылған Инклюзия кеңесі өзінің жеке отырысында балалар мүгедектігі тақырыбын қараған болатын. Ата-аналар бұл мәселені Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуде де көтерген болатын. Инклюзия кеңесінде депутаттар, ата-аналар мен сарапшылар қауымдастығының мүгедек балаларға қатысты көтерген мәселелердің ауқымы өте кең. Бұл мәселелерді үш негізгі бөлікке бөлуге болады. Бұл балалар мүгедектігінің алдын алу, әлеуметтік қолдау және оңалту, сондай-ақ мүгедек балаларға білім беру және оларды қоғамға араластыру болып отыр, - деді сенатор.

Ләззат Қалтаева Үкімет назар аударуы тиіс мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында балалар мүгедектігі саласы бойынша ғылыми зерттеулерге қаржы бөлмеу және қолдаудың жоқтығы, үш жасқа дейінгі балаларда дамудың бұзылуын кеш анықтау, шектеулері бар балалардың жеке қажеттіліктерін есепке алмау бар.

Өңірлер бойынша балалар мүгедектігінің өсу себептерін талдау, балалардың туа біткен дімкәстік қаупін азайту мақсатында осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдауды ұсынамыз. Балаларда дамудың бұзылуын анықтау тұрғысында жаппай скрининг жүйесін жасау және денсаулық сақтау ұйымдары базасының жүйесінде балалардың дамуына ерте араласудың пәнаралық топтары қызметін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және ұсынуды, мүгедек балалардың жасы мен дамуындағы тежелудің көптеген түрін ескере отырып әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіруді және қолдау көрсетуді сұраймыз, - деді сенатор депутаттық сауалында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға