Жаңалықтар

Сенатор «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуды ұсынды

Сенатор «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуды ұсынды
Фото: © Pixabay.com 11.04.2024 16:15 706

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында Қазақстанның қолда бар ғарыштық әлеуетін сақтау және зымыран ғылымын дамыту жөнінде тиісті шараларды қабылдауға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатордың сөзінше, «Байқоңыр» ғарыш айлағы – Қазақстанның маңызды ғарыш ресурсы, алайда аэроғарыш өнеркәсібіндегі күрделі жағдайға байланысты оның дамуына қауіп төніп тұр. Ғарыш саласын дамыту проблемаларын шешу біздің Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары 2014 жылдан кейін жалғасын таппады. Сондықтан осы саладағы мемлекеттік саясатты қайта қарау және ұзақ мерзімді даму тұжырымдамасын әзірлеу керек.

Ғарыш саласын қаржыландырудың әдістері мен тәсілдерін қайта қарау қажет. 2025 жылға осы жобалар бойынша бюджетте көзделген қаржы болмағандықтан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыста бұрын басталған жобалардың аяқталмай қалу қаупі бар. Бірегей құрастыру-сынау кешенін жыл сайын күтіп ұстауға қажетті қаржы бөлінбей қалған. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі KazSat тобын одан әрі дамыту жөніндегі нақты стратегияны айқындауға мүмкіндік бермейді. Шұғыл шаралар қабылданбаса, KazSat-3R спутнигін ғарышқа шығару тоқтатылады, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатор соңғы жылдары біздің ғарыш айлағымызға сұраныс төмендеп келе жатқанын, сондықтан Қазақстан «Союз-5» жаңа зымыран тасығышын пайдалана отырып «Бәйтерек» жобасын іске асыруды бастағанын атап өтті. Алайда геосаяси жағдайға байланысты жоба қазіргі уақытта үзіліске душар болды. Байқоңыр ғарыш айлағының белсенділігін сақтау үшін жаңа жұмыс орындарын ашу және мамандардың құзыретін арттыру, сондай-ақ басқа да бірегей зымыран кешендері мен ғарыш инфрақұрылымын пайдалану және «Бәйтерек» жобасын іске асыруды жалғастыру қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға