Сенатор ауылдағы жас ветеринарларға қолдау көрсетуді ұсынды
«Қалдық қағидасы» бойынша қаржыландыру, кадр тапшы, инфрақұрылым ескі және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Сенатор Ольга Булавкина қазақстандық ветеринарлардың проблемалары туралы өзінің депутаттық сауалында айтты,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ольга Булавкинаның сөзінше, адам мен жануарлар әлеміне, бүкіл экожүйенің әл-ауқатына ветеринария саласы тікелей байланысты. Алайда, осынша маңызды болса да саланы дамытуға бюджет қаржысы аз бөлінеді. Ауылдағы ветеринар мамандардың жалақысы төмен, еңбек жағдайы ауыр, инфрақұрылымы әлсіз, жағдайы ерекше қиын.
Бюджет қаржысын бөлу деңгейі нашар, ветеринария саласындағы кейбір функцияларды бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне бірнеше рет беру салдарынан еліміздегі ветеринария станцияларының 36%-ы және ветеринария пункттерінің 77%-ы ғимаратынан айырылып қалды. Ал 70%-дан астам арнайы техниканың жағдайы нашар. Қалаға қарағанда ауылдық жердегі ветеринар мамандардың жалақысы едәуір төмен. Жоғары білімі бар жас мамандар шамамен 190-230 мың теңге алады. Ветеринарлар бұл ретте көбінесе ондаған елді мекендерге қызмет көрсетуге мәжбүр, ал онда инфрақұрылым жоқтың қасы, - деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар сенатор ауыл ветеринарларының орташа жасы зейнеткер болуға жақындағанын атап өтті. Жануарлардан ауру жұқтыру қаупі жоғары, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, ветеринарлық, медициналық және экологиялық қызметтер арасындағы үйлестірудің нашарлығы жағдайды төмендетіп барады.
Депутат ветеринар мамандарын даярлау жөніндегі бюджет қаржысының тиімділігіне талдау жүргізуге және оқу бағдарламаларының саланың мұқтажына қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға шақырды. Заманауи жабдықпен және жаттығу құрылғысымен қамтамасыз ету арқылы колледждерді жаңартуды ұсынды. Осылайша жас мамандар ауылдан шықпай-ақ сапалы білім алуға болады. Ольга Булавкина оған қоса мамандарды қайта даярлауға мақсатты грант енгізуді, жылжымалы ветеринария емханасын құруды және ауылда жұмыс істеуді жоспарлап отырған түлектердің стипендиясын арттыруды ұсынды.

