Жаңалықтар

Сенат төрағасы БҰҰ-ның Жаһандық конференциясында сөз сөйледі

Сенат төрағасы БҰҰ-ның Жаһандық конференциясында сөз сөйледі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 28.11.2024 00:18 84

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық конференциясында сөз сөйледі. Іс-шара діни нысандарды қорғау мәселелеріне арналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәулен Әшімбаев өз сөзінде киелі діни нысандар адамзаттың менталитетін, этикасын, өткенін тануға қажетті маңызды рухани және тарихи-мәдени мұра екенін атап өтті. Олар айрықша ұлттық және өркениеттік кодты сақтауға ықпал етеді. Сондықтан Сенат спикері БҰҰ Өркениеттер альянсының және Португалия Үкіметінің бастамасымен өтіп жатқан Жаһандық форумның күн тәртібі қазіргі сын-қатерлер аясында ерекше мәнге ие екенін айтты.

Бұл ретте БҰҰ-ның діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарары туралы сөз болғанын атап өткен жөн. Қазақстан 2023 жылы БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге аталған құжаттың тең авторы болды. Қарарда діні немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ, діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, мәдени орталықтар мен ғибадат орындарына нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің айыпталатыны туралы айтылған.

Болашақ ұрпақ үшін қолымыздағы баға жетпес құнды жәдігерлерді сақтау аса маңызды. Осы орайда бүгінгі конференция аталған жаһандық мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам екені анық. Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының конфессияаралық диалогқа ықпал ету, діни рәміздерді қорлауды айыптау туралы қарарын және БҰҰ-ның 2023 жылғы Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайды. Біздің еліміз аталған маңызды құжаттарды әзірлеуге белсенді қатысты. Халықаралық қауымдастық онда көрсетілген қағидаттарды ұстануы керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге үнемі баса мән беріп келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Үкіметтердің, азаматтық қоғамның, дін көшбасшыларының және әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін ортақ іске жұмылдырудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерді еңсеру, халықтар, мәдениеттер мен діндер арасында диалог қалыптастыру, өңірлік қақтығыстарды, діни жанжалдар мен этносаралық алауыздықты тудыратын, діни нысандарды қорлауға үндейтін рухани тоқырауды болдырмау үшін қажетті кешенді тәсілдерге де назар аударылды.

Экстремизм актілері мен дінаралық шиеленістер көбінесе алалаудың салдарынан және диалогтың болмауынан туындайды. Бұл факторлар ықтимал қақтығыстарды одан әрі арттыра түседі. Алайда, осындай конференция сияқты жаһандық диалогтар өзара түсіністік пен сенімге ықпал ете алады. Бүгінде зардап шеккен діни нысандарды қалпына келтіру ісінде қаржы тапшылығы маңызды проблема болып отыр. Өйткені бұл жұмыс көбіне қымбат және техникалық жағынан күрделі екені белгілі. Осыған байланысты халықаралық деңгейде қаржылай қолдаудың маңызы зор. Жалпы, мемлекеттер алдын алу шараларын әзірлеу жолында бір-бірімен, ЮНЕСКО-мен, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасымен және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатуы қажет деп есептейміз, – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қазақстанның рухани дипломатияны ілгерілету, елдегі конфессияаралық бейбітшілік пен бірлікті сақтау, діни нысандарды қорғау жолында атқарып келе жатқан жұмыстарына және Парламенттің осы бағыттағы заң шығару қызметіне тоқталды.

Қазақстанда 100-ден астам этникалық топ тұрады және 18 конфессияның 4000-ға жуық діни бірлестігі бар. Сондай-ақ елде мешіттер, православие, католик, протестант шіркеулері, синагогалар, бахаи мен кришнайттердің ғибадат үйлері және Будда храмдары сияқты 4000-ға жуық діни нысан қызмет көрсетеді. Біз осындай әралуандықты бағалаймыз және діни нысандарды қорғау үшін құқықтық базамызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Сонымен қатар Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу арқылы дінаралық диалогты халықаралық деңгейде белсенді түрде дәріптеп келеді. 2025 жылы өтетін келесі съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады және ол дінаралық толеранттылық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға