Жаңалықтар

Сенат қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық туралы заңды қабылдады

Жалпы рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды
Сенат қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық туралы заңды қабылдады
Фото: gov.kz 27.10.2022 11:00 2033

Сенаттың жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Бұл Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ізгілік идеясының негізінде игі ниеттілік танытып, қаңтар оқиғаларына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Ұсынып отырған заң жобасы қаңтар оқиғасына кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартып отыр. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады», - деді сенатор Ләззат Сүлеймен.

Осы орайда ол заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.

Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады.

Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген.

«Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі.

Жалпы рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлғалар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылып жатыр. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды», - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға