«Семейный капитал» қаржы пирамидасының басшысы ұсталды
«Семейный капитал» қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған азаматтың заңсыз әрекетін ҚМА астаналық департаменті әшкереледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасап, клиенттермен келісім-шарт жасасқан, оның шарты бойынша 300 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі инвестиция, 30-дан 60 пайызға дейін артық төлеммен тұрғын үйді алудың күту мерзімі 6 айдан 10 айға дейін көрсетілген.
Соның салдарынан азаматтар уәде еткен пәтерлерін алмаған, салған қаржысы қайтарылмаған.
Осылайша, аталған азамат жалпы сомасы 450 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген.
Оқи отырыңыз:
- Павлодардағы кеуіп бара жатқан қызғылт көлді комиссия тексереді
- Елімізде жеке меншікке өтіп кеткен университеттер тексеріледі
Ол қамауға алынып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады. Егер сіз және сіздің туыстарыңыз жосықсыз кәсіпкерлердің осындай әрекеттеріне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша ЭТД немесе көрсетілген телефондар бойынша хабарласыңыз: 1458, 8 (7172) 70 84 79 (ішкі 21384).
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.