Жаңалықтар

Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар - орманшы

Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар - орманшы
Фото: t.me/qr_tjm 21.06.2023 18:00 1602

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тұрғыны Ардақ Сағынбаев өңірдегі орманшылық саласында жұмыс істейді. Ол әкесінің жолын жалғастырушы. Себебі әкесі ұзақ жылдар бойы орманшы болып еңбек еткен. Бүгінгі күні екі ағасы да осы салада еңбек сіңірген қызметкерлер. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Кент орманшылығының мемлекеттік инспекторымен El.kz ақпараттық агенттігі тілшісі әңгімелескен еді.

Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар - орманшы
Жеке мұрағат

Әке көрген оқ жонар немесе орманшылар династиясы

Ардақ Сағынбаев 1978 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазір 4 баланың әкесі.

Ол «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Кент орманшылығында мемлекеттік инспектор болып жұмыс істейді.

Орман шаруашылығы саласында әкем жұмыс істеген. Қазір әкеміздің жолын қуып, мен және екі ағам еңбек етіп келеміз. Кішкентаймыздан осы өзіміздің Кент орманшылығында өсіп-өндік. Тау-тасты аралап, өстік, - дейді инспектор.

Ол табиғатты қорғаушы ретінде еңбек етуді 2012 жылдары бастаған.

Қарағандыда білім алдым, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығы бойынша білімім бар. Оқуды бітіргеннен соң, ауылыма оралып, жұмысқа орналастым. Кейін Көкшетауға жоғары оқу орнына түсіп, орман шаруашылығы бойынша оқыдым. Қазір осы салада жұмыс істеп жүргеніме 11 жылдай уақыт болып қалды, - деп айтты Ардақ Сағынбаев.

Табиғат пен адам

Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар - орманшы
Жеке мұрағат

Адам мен табиғат бір-бірімен байланысты ғой. Оның үстіне өзім тау-тасқа шығып, орманды аралап өскен баламын. Табиғатты жақсы көремін. Әкем мен үлкен ағаларымнан көріп өскенді қазір өзім қайталап жүрмін, - дейді мемлекеттік инспектор.

Ардақ Сағынбаев мемлекеттік инспекторлардың негізгі атқаратын міндетін түсіндіріп өтті.

Біздің міндетіміз – орманды аман-есен сақтап қалу, толықтыру, аң-құсын санап, оларды күзетіп, осы байлықты келешек ұрпаққа қалдыру. Яғни ата-бабамыздан қалған табиғатымызды сақтау, көбейту міндеті біздің және баршамыздың мойнымызда. Осы міндетті орындау үшін далада жүріп, берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тырысамыз, - деді ол өз сөзінде.

Инспектордың бір жұмыс күні

Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар - орманшы
Жеке мұрағат

Жұмыс уақытым таңғы сағат 9-да басталады. Таңғы жиналыста басшыларымыз тапсырмаларын береді. Инспекторлар жиналыстан соң орманды бақылауды бастайды. Өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, күннің ыстығынан, найзағай ойнағаннан өрт болуы мүмкін. Сөйтіп өрттің қайдан шығуы мүмкін екенін бақылаймыз. Қазір құрғақшылық кезеңі. Жылда өрт болады. Кейінгі 5 жылда жер құрғап кетті. Жауын аз түседі. Биыл да аптап ыстық, - дейді ол күн райы туралы.

Мемлекеттік инспектор Ардақ Сағынбаев атап өткендей, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінде демалуға арналған арнайы жерлер бар. Ол орындарға туристер ақша төлеп кіреді. Демалыс орындарында орналасқан бақылау пунктерінде мемлекеттік инспекторлар бар. Олар туристер демалып жүрген жерлерді бақылауда ұстайды.

Инспекторлар үнемі тау-тасты аралап жүретіндіктен, броконьерлерден қауіп жоқ. Өмірімізге қауіп төнген кез болған жоқ, - дейді маман.

Инспекторлар орманды қалай аралайды?

Барлық инспекторда рация жоқ, бірақ кейбірінде бар, десе де барлығы бірдей қамтылмаған. Қазір байланыс жақсы ұстайды. Бір жағдай бола қалса, бірден телефон арқылы да байланысамыз. Бірақ интернет таудың басында ғана ұстайды. Жұмыстан берілетін атымыз бар, оған қоса жеке мотоцикліміз бар. Мотоцикл жылдам жүреді емес пе? Бір жерді тексеру керек болса, жылдам жетіп аласың. Оған қоса, арнайы киім беріп тұрады, - дейді Ардақ Сағынбаев.

Оның сөзінше, жұмыстан берілген атты күтіп-баптау инспекторлар мойнында. Тіпті жем-шөбіне де ақша бөлінбейтін көрінеді. Жеке мотоциклге де бензинін инспекторлар өз ақшалары есебінен құяды.

Атқа өзіміздің жануарымыздай қараймыз, - деді ол.

Өрт бола қалса, инспектор алдымен не істеуі керек?

Қалың өрттің ішіне ойланбай кіре салуға болмайды. Өртті алдымен бақылап алып, қай жағынан кіруге болатынын анықтау керек. Мұндай жағдайда ең бастысы – адамның қауіпсіздігі. Табиғаттың барлығы адам үшін керек емес пе? Сондықтан бірінші кезекте адам қауіпсіздігін назарда ұстау керек, - деп есептейді мемлекеттік инспектор.

Ол өрт болған жағдайда орманшылар бір-бірінің жағдайын біліп отырғаны абзал екенін айтты.

Яғни алдымен өрттің қайдан шыққан бақылау керек. Инспекторлар бір-бірімен байланысып, жағдайды бір-бірінен біліп отыруы керек. Өрт – өте қауіпті, тілсіз жау. Сол үшін адамдар бөлініп кетпей, бірге топ болып жүруі керек. Біз де жұмыста жүргенде бір-бірімізді үнемі түгендеп жүреміз. Қандай жағдай болса да, өрттің ортасына кіріп кетуге болмайды. Ең алдымен өрт қай жерден басталды, сол жерге барып оны сөндіруді бастау қажет. Сонда ғана нәтиже болады, - деп түсіндірді инспектор Сағынбаев.

150 мың теңге бір отбасын асырауға жете ме?

Мемлекеттік инспекторлар 150 мың теңгедей жалақы алады. Аз немесе жетпейді деп айта алмаймын. Өйткені, қазір қарап отырсақ, жұмыссыз жүрген адамдар да, 150 мың теңгеден төмен жалақы алатын адамдар да бар. Осыған да тәубе деймін. Өзімізге жетеді, - деп айтты ол.

Инспектордың сөзінше, қазір өрт қауіпі аса жоғары кезең болғандықтан, орманшылар демалыссыз жұмыс істейді.

Жұмысқа күнде шығамыз. Сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істейміз. Себебі қазір өрт қауіпі жоғары кезең басталды. Біз, инспекторлар мұндай кезеңде қалай демалып жатамыз? Барлығымыз күнделікті жұмысымызды істейміз, - деді ол.

Ардақ Сағынбаев инспекторлардың табатын жалақысы аз екенін айтып, құзырлы органдар оны екі есе көтеруге уәде бергенін атап өтті.

Айлығымыз 100 пайызға көбейеді деп жатыр. Көбейсе, жақсы болар еді. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір қымбатшылықтың заманы. Бәрі қымбат. Тіпті күннен күнге қымбаттап жатыр десем де болады, - деп айтты ол.

Ардақ мырзаның айтуынша, инспекторлар жетіспеушілігі сезіледі.

Мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеу үшін арнайы білім, диплом талап етіледі. Онсыз жұмысқа алмайды. Семейдегі жағдайдан кейін біраз нәрсе өзгеретін шығар деп ойлаймын, - деп сөзін қорытындылады Кент орманшылығының мемлекеттік инспекторы.

Айта кетейік, «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесін сыртқы жағымсыз әсерлерден ерекше қорғауды және қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен ұлттық парк шекарасының айналасында ені кемінде екі шақырым болатын жалпы ауданы 138 917 гектар қорғау аймағы белгіленді.

Табиғи парк 4 орманшылықтан тұрады. Олар:
Тау орманшылығы – 28 300 га;
Қарқаралы орманшылығы – 22 311 га;
Кент орманшылығы – 41 397 га;
Бақты орманшылығы – 20 112 га.

Еске сала кетейік, Абай облысында алапат өрт болып, салдарынан 15 инспектор қаза тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, тиісті мемлекеттік органдардың өртке дайындығын сынға алған болатын. Сонымен қатар Президент төтенше жағдайға дайындық деңгейін төтеп бере алатын дәрежеге жеткізуді тапсырды.

Жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс. Үкімет осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауы керек. Орман алқаптарына келіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олар от жағып, оны өшірмей кетеді, бұл қайғылы жағдайға алып келеді, - деп айтқан болатын мемлекет басшысы штабтың отырысында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға