Жаңалықтар

Семейде 40 көшедегі жол жөнделетін болды

Семейде 40 көшедегі жол жөнделетін болды
Фото: Абай облысы әкімдігі 08.05.2024 03:25 599

Семейде биыл жалпы ұзындығы 36 шақырым болатын 40 көшенің жолына орташа жөндеу жүргізілетін болады. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жұмыс барысын тексеріп, мердігер ұйымдарға жұмыс қарқынын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

әкімдіктің мәліметінше, биыл жалпы ауданы 130 073 шаршы метр қиыршық тас төселген жолдар тегістеліп, жалпы ауданы 19 320 шаршы метр жол төсеміне жөндеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары 6 мың шаршы метр аумақта (Абай, Шмидт көшелері, Сол жағалау айналма жолы, Глинка, Промышленная, Автогуж көпір, Гагарин және т.б.) орындалған. Сонымен қатар жалпы ауданы 75 мың шаршы метрді құрайтын квартал аумақтарын жөндеу жоспарланған. Бүгінде 8 аула аумағында жұмыс аяқталды. Мамыр айының ортасында жалпы ауданы 27 000 шаршы метрден асатын жаяу жүргіншілер жолына  жөндеу жүргізіледі.

Қалада барлығы 1500 жаңа белгі, 20 жол учаскесіне жасанды жол төмпешіктері және 10 учаскеге «Қорғау» жарық диодты жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады.

Айта кетсек, Семей қаласында жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1179 көше, оның ішінде асфальтталған жабыны бар 476 көше (жалпы ұзындығы 306 шақырым) және асфальт жабыны жоқ 703 көше (жалпы ұзындығы 450 шақырым) бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға