Жаңалықтар

Семен Раков: көпұлтты отбасы – бірнеше мәдениеттердің тоғысатын ұясы

Семен Раков: көпұлтты отбасы – бірнеше мәдениеттердің тоғысатын ұясы
31.05.2019 19:19 2664

Бүгінгі сұхбатымызда Қарағанды қаласының «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Семен Вячеславович Раковпен өрбітетін боламыз. Семен Вячеславович этномәдени бірлестіктің жұмысына жанашырлықпен қарап, қоғамдық өмірге белсене араласатын, шаршауды білмейтін, еңбекқор жан. 

20160609182352.jpg

— Семен Вячеславович, қоғамдық бірлестік қашан құрылған?

— Орталық 1996 жылдан бастап құрылды. Бастапқы кезде атауы басқаша болатын. 2011 жылы қайта тіркеуден өтті. Атауы өзгергенмен, бағытымыз, ұстанымымыз және мүшелеріміз өзгерген жоқ. Қарағанды бойынша казактар үш жүздей болады, ал орталықта елу үш мүше бар.

Өзім 2001 жылдан бері төрағалық етіп келемін. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін.

— Бірлестіктің негізгі мақсаты қандай?

— Мақсатымыз – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдағы этникааралық және конфессияаралық келісімді сақтау. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, жастардың адамгершілік және рухани дамуына атсалысу. Этникалық топтардың өзара іс-қимылының ұлттық өзіндік ерекшелігі мен дәстүрлерін одан әрі дамыту мақсатында тарихи мұраны сақтау.

— Қоғамдық бірлестіктің мүшелерінің міндеті белгіленген бе?

— Иә, барлық бірлестіктер секілді, біздің қалыптасқан әдебіміз бар. Қоғам мүшелері казактардың салт-дәстүрлерін жандандырумен айналысады. Бірлестік жанында «Казачья вольница» шығармашылық ұжымы құрылған. Оның қатысушылары республикалық және облыстық іс-шараларда өнер көрсетіп, жоғары жүлделерге қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар казак қоғамдық бірлестігі жастармен тығыз жұмыс істейді, жастардың ұжымдық жауапкершілігін түсінуге жәрдемдеседі. Қайырымдылық концерттік бағдарламалармен балалар үйлерінде өнер көрсетеді. Жыл сайын балаларға жаңа жылдық шырша өткіземіз.

Сонымен қатар Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында дәстүрлі өткізілетін «Масленица» халықтық мерекесі облыстың барлық тұрғындары үшін тұрақты ұйымдастырушысы.

— Басқа да бағыттарда жұмыс жүргізіп отырсыздар ма?

— Жалпы этномәдени бірлестіктің жұмысы патриоттық тәрбиеге, ұлттың тарихына, мәдениетіне құрметпен қарауға, елде болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытуға және оның болашағына жауапкершілікпен араласуға бағытталған.

Бірлестіктің жоспары зор, бірақ оларды жүзеге асыруға уақыт әрдайым жеткілікті бола бермейді. Мүшелеріміздің кейде оқудан, жұмыстан қолы тие бермейтіндіктерінен, барлығына бірге жиналу оңай емес.

Бірақ облыс бойынша концерттер беріп, казактардың тарихын, оның заманауи қоғамға кірігуі туралы айтып беруге ниетті. Бұл жоспарларды облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ қолдайды.

1VBe9mUQ41Q.jpg

Фотосурет қоғамдық бірлестіктің жеке мұрағатынан алынды.

— Бірлестік қаланың қай жерінде орналасқан?

— Достық үйінде өз кабинетіміз бар. Оны өзіміздің ұлттық нақышта безендіріп қойдық. Бұл мүмкіндік үшін қала әкімдігіне, Қазақстан халқы Ассамблеясына көп рақмет! Достық үйінің құрылғанына жалғыз біз емес, барлық этномәдени орталықтар разы.

Өз кабинетімізде жиі бас қосып, жиналып отырамыз.

— Қарағандыда басқа да казактардың этномәдени орталығы құрылған ба?

— Біз облыстық қоғамдық бірлестікпіз. Теміртау, Қарағанды қаласында бізден бөлек бірлестіктер бар. Олар өз бағыттарымен жұмыс істейді, дегенмен бәріміздің мақсатымыз бір – ұлттық болмысымызды насихаттау.

— Бірлестіктің жанынан жексенбілік мектеп ашқан боларсыздар?

— Жоқ, жексенбілік мектеп жоқ. Бірақ Проваславный соборда бар. Алайда балаларымызға орталықта ұлттық мәдениетті, әдет-ғұрыпты үйретеміз. Сонымен қатар ән айту, би билеу өнеріне баулимыз.

— Шығармашылық ұжым туралы айтып өттіңіз. Соған толығырақ тоқтала кетсек.

— Ұжым 2000 жылдан бастап құрылған. Ересектер облыс көлемінде жақсы танылып жүр. Павлодар, Көкшетау облыстарында концерт қойдық. Алматы, Барнаулға бардық. Қоржынымызда Гран-при да бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдуымен Көкшетауда «Ән – халықтың жаны» фестивалі жыл сайын өтіп тұрады. Соңғы екі жыл бойы сол фестивальдің бас жүлдесін біздің өнерпаздар иеленіп жүр.

Концерттік дайындығымызды көбіне «Горняков» мәдениет үйінде өткіземіз. Әкімшілікпен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, олар дайындық өткізуге рұқсат берген. Олармен өзара бірлестікте жұмыс істейміз. Олардың да іс-шараларына атсалысамыз.

Балалардың ұжымы да сол жерде аптасына бір рет, жексенбі күні дайындық өткізеді. Сондай-ақ балалар Достық үйіндегі шеберлік сыныптарға қатысады. Балалар ұжымында түрлі ұлттар бар: қазақтар, украиндар, белорустар. Өзара түрлі конкурстар өткіземіз. Жалпы даму жағынан кенде емеспіз.  

Ұжымдарда қазақша, белорусша, басқа да тілдерде ән айтылады. Құрылғандағы мақсаты ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау болса да, әр мүшемізге тұрып жатқан елімізді сүйіп, құрметтеуге шақырамыз. Әр адам өзінің туған жерінің, тұрып жатқан елінің адал ұл-қызы болуы керек деп есептеймін.

Сонымен қатар біздің мәдениетімізді, өнерімізді өзгелерге көрсетіп, өзгелерден өзімізге өнеге алудамыз.

DVnKcJP6xqA.jpg

Фотосурет қоғамдық бірлестіктің жеке мұрағатынан алынды.

— Семен Вячеславович, сіздің отбасыңыз көпұлтты екенінен хабардармын. Сол туралы әңгімелеп берсеңіз.

— Иә, дұрыс айтасыз. Менің отбасым көпұлтты. Жұбайым – кәріс, қызымның жолдасы – белорус. Тіпті Конго елінен де күйеу баламыз бар.

Туған-туыстарымның барлығы интернационалды отбасын құрған. Біз еш уақытта бөлінбейміз, өзара толыққанды түсіністікте өмір сүрудеміз. Бұл тамаша!

Отбасылық дастарқан басында жиналғанда, біріміз укаринша, біріміз қазақша, біріміз белорусша ән саламыз. Қызықты әңгімелерімізді айтамыз. Бұл үлкен қызығушылық пен оптимизм тудырады. Отырысымыздың сәні осымен кіреді. Бұл әркімнің басына келе бермейтін бақыт деп есептеймін. Өзара туысқанбыз, бәріміз бір отбасымыз. Бір-біріміздің мәдениетімізге үлкен қызығушылықпен қараймыз. Көпұлтты отбасы – бірнеше мәдениеттердің тоғысатын ұясы. Сонымен қатар дастарқан үстінде бәрімізді байланыстыратын түрлі ұлттың тағамы қойылады – кәріс салаты, орыс тұшпарасы, қазақша ет.

— Өзіңіз осы Қарағанды қаласында туғансыз ба?

— Мен Омбы облысында туғанмын. Қазақстанда қарулы күштер әскерінде он екі жыл қызмет еттім. Қызметтен кеткен соң қасиетті Сарыаарқа жерінде тұрақтап қалдым. Отбасын құрып, тамырымды жайдым. Бүгінгі күнде Қазақстанда өзімді бөтен санамаймын. Маған бұл жер өте жайлы, бәрін туғанымдай көремін.

Менің ата-бабам ертеден қазақтардың жерінде шайқастарға қатысқан. Бүгінде анам, бауырларым Омбы жақта тұрып жатыр. Қазақстанда тұрақтап қалу туралы шешімімді оң қабылдап, қолдады. Бұл шешіміме еш уақыт өкінген емеспін.

— Семен Вячеславович, сұхбатыңызға рақмет, бірлестіктеріңізге табыс тілеймін!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға