Жаңалықтар

Семей туралы қызықты деректер

ТМД-дағы ең үлкен аспалы көпір – Семейде екенін білесіз бе?
Семей туралы қызықты деректер
26.04.2017 07:51 21850

Семей – қазақ футболының отаны

1913 жылы  Семей қаласында «Нептун», ССК (Семей спорттық кружогы), «Ярыш», «Олимп» және «Спорт» сияқты Қазақстанның алғашқы футбол командалары құрылады. Мұсылман жастарының командасы болған «Ярыштың» алғашқы ұйымдастыру жиналысы 10 адамның қатысуымен 1913 жылы тамыз айында өткен болатын. Команда құрамына кіру жарнасы 50 тиын болып бекітіледі. Оларға допты жергілікті етікші таза былғарыдан тігіп береді. Бір жыл өткен соң «Ярыш» ересектер және жастар сынды екі команданы құрайды. Солардың бірінде қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов те болған. Жазушының ұлы Мұрат Әуезовтың айтуынша «Ярыш» доппен ғана емес, басқа да спорт түрлерімен айналысқан және олар халық аспаптар оркестірін құрып, қабырға газетін де шығарған көрінеді.

1914 жылы семейліктер алғаш рет Томск қаласының политехникалық институты студенттерімен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл Қазақстан футболының тұсауы кесілген жыл болып есептеледі. Бүгінде тарихта ізі қалған «Ярыш» футбол командасының ойыншылары түскен фотосуреттің бір-екі түпнұсқасы ғана Семейдегі Абайдың мемлекеттік мәдени-тарихи және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы мен Бөрілідегі М. Әуезов мұражай үйінде сақталыпты.  Суреттің артқы бетінде орыс тілінде командадағы 24 спортшының аты-жөні жазылған.  «Ярыш» командасының эмблемасындағы «Ярыш» командасы. Семипалат» деген жазу араб харпінде болған.

Семей – Алашорданың астанасы болған қала

Озық ойлы қазақ зиялылары 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда I «Жалпықазақ» съезін өткізді. Осы құрылтайда қазақ елінің мүддесін қорғайтын «Алашорда» үкіметі құрылады. Сол жылдың 5-13 желтоқсаны күндері Орынборда II бүкіл қазақ құрылтайы өткізілді. Осы жиында Алаш астанасы — Семей қаласы болып бекітіліп, ол «Алаш» қаласы деген жаңа атауға ие болады. Алашорда басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп, 1920 жылға дейін Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы болды.

ТМД-дағы ең үлкен аспалы көпір – Семейде

Биіктігі 90 метр, ені 35 метр, ұзындығы 750 метр болатын Семейдегі аспалы көпір Ертістің арғы жағы мен бергі жағын ғана емес, Азия мен Еуропаны, қыр мен Сібірді жалғастырып тұр. Семей қаласының мақтанышы саналатын бұл көпір ТМД мемлекеттерінің ішінде жалғыз, ал әлемде көлемі бойынша 17-орынды иеленеді. Стратегиялық маңызы зор нысан 2000 жылы 17 қазанда салынған. Тәуелсіздіктің төл туындысын тұрғызған жапондық «Аячай» фирмасы. Бас менеджер Мацузава басқарған бұл фирманың мұндай көпір салуда тәжірибесі бұрыннан-ақ бар көрінеді. Олар Америкада, Түркияда және Оңтүстік Кореяда осындай көпірлердің құрылысын жүргізіпті. Ал 16 шақырым жол құрылысын жүргізген – Түркияның «АлсимАларко» фирмасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға