Жаңалықтар

Семей – руханият астанасы

Семейдің мәдени ошақтары
Семей – руханият астанасы
26.04.2017 08:00 15505

Абай Құнанбаевтың тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы. Ол – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай. Мұражай ең алғаш қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нің Халық Комиссарлар кеңесінің 1 сәуірдегі № 347-қаулысымен құрылып, 16 қазанда ашылған болатын. Құрылғаннан кейін төрт жыл Бекбай Байсовтың үйінде, 23 жыл Әнияр Молдабаевтың үйінде орналасып жұмыс істеген мәдени орын 1967 жылы Семей өңіріне танымал болған көпес Роман Ершовтың байырғы ғимаратына жайғасады. Қазіргі мұражайдың қосымша құрылысын кейіннен Я.Кириллов бастаған жобалау институтының қызметкерлері жобалайды. Ақынның туғанына 150 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген мерейтой қарсаңында Семей өңіріндегі Абайға қатысты мәдени муражайлардың басы біріктіріледі.1850 жылдары ашылған Ахмет Риза медресесі мен мешіті де осы кезде мұражайдың қасына көшірілген болатын. XX ғасырдың екінші жартысының сәулет ескерткішіне жататын ғимаратта қазір «Абай дәуірі», «Абайтану», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай халық жүрегінде» атты залдар орналасқан.

«Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы. Бұл еліміздегі Алашқа арналған тұңғыш музей.1997 жылы 28 қыркүйекте М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына орай ашылған мұражай Абайдың замандасы, шәкірті, жерлесі Әнияр Молдабаевтың үйіне орналасқан. Ондағы экспозиция заңғар жазушының 1909-1918 жылдардағы Семейдегі кезеңі, шығармашылығы, қоғамдық қызметі мен Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы белсенді қызметі жөніндегі құжаттар мен фотосуреттер сынды төрт бөлімді қамтиды.  «Биыл мұражай ашылғанына 20 жыл толады. Осы жылдар бойы мұражай бала Мұхтардың оқуы мен алған білімі туралы, жас қаламгердің алғашқы шығармалары мен пьесаларының Семей театрлары мен клубтардағы қойылымын, 20-22 жастағы жігіт Мұхтардың тарихи кезеңдегі қоғамдық қызметін жан-жақты көрсете келе, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен байланыстыра насихаттап, жас ұрпаққа қазақ тарихының қилы кезеңдерін көрсетуде өз үлесін қосып келді. 2017 жыл – мерейлі жыл: Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл, Мұхтар Әуезовке – 120 жыл толады. Осы мерейлі оқиғаларға мұражай экпозициясын қайта жаңғырту, толықтыру жоспарланып отыр. Музей қызметкерлері «Алаш арыстары – М.Әуезов» тақырыбын тағы да қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады» дейді Абай қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Маржан Мұхамедова «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайының қайта жаңғыруы» атты мақаласында.

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі мұражайы. Ол – Қазақстандағы көне музейлердің бірі. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1883 жылы саяси жер аударылған орыс демократтары  Е.П.Михаэлис, М.И.Долгополов, П.Д.Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Әр уақытта музейдің қалыптасып,  дамуына ұлы Абай және оның талантты шәкірті, ақын, философ  Шәкәрім Құдайбердіұлы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтер қолдау көрсеткен. Музей құрылғалы  8 рет қоныс аударған көрінеді. 1978 жылдан бүгінгі күнге дейін музей генерал губернатор үйінің ғимаратында жұмыс жасап келеді. Генерал-губернатор Проценконың бұйрығымен салынған сәулетшісі белгісіз ғимарат 1856 жылғы тарих және сәулет ескерткішіне жатады.

Музей қорында саяси жер аударылғандар мен жергілікті зиялылардың  жеке коллекциялары және 34 мың сирек кездесетін басылымы бар ғылыми кітапхана бар.  Қазіргі күні музей қорында 108 мыңнан артық жәдігер сақтаулы екен. Музейдің жаңартылған алты залында жеке-жеке «Палеонтология және геология», «Туған өлкенің  табиғаты», «Археология және этнография», «Қала және өлкенің тарихы», «Алаш қозғалысы және Алаш қаласы туралы», «Семей ядролық полигоны», «Семей тәуелсіздік жылдарында»  атты бөлімдерде орналасқан.

Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы. Бұл – жазушы Ф.М.Достоевскийге арналған Қазақ жеріндегі жалғыз музей.  Музей 1971 жылы 7 мамырда жазушының 150 жасқа толуына орай Семей қаласында ашылған. 1977 жылы музей жанына сәулетші Д.Элбакидзенің қоладан жасалған Ф.М.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың ескерткіші орнатылады. Музей қорындағы ең қымбат жәдігер - Ф.М.Достоевскийдің қолы қойылған кітап, көзі тірі кезіндегі басылымдары, мемуарлық әдебиетттер, атақты жазушылардың қолдары қойылған кітаптар мен сирек кездесетін әдебиеттану басылымдары. Сондай-ақ онда «Шығармашылық», «Жазушы бөлмесі», «Өлі үй», «Қан», «Тер», «Жас», «Тоғысу» атты композициялар бар. Мұражайда «Ф.М.Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығы», «Достоевский және қазіргі заман», «Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы» тақырыптары негізінде үнемі жинақтау жұмыстары жүргізіліп отырады.

Айта кетейік, атақты орыс жазушысы 1854 жылдың наурыз айынан бастап 1859 жылдың 2 шілдесіне дейін Семей қаласында тұрды. Ол әуелде 7-Сібір шебі батальонында қатардағы солдаты боп қызмет етті, кейіннен унтер-офицер дәрежесіне көтерілді. Онда Достоевский тұңғыш ғашығы М.Д.Исаеваға үйленген. Ол «Степанчиково селосы және оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» атты шығармаларын осы Семей қаласында жазған.

Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театры. Ол – бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы. Олай дейтініміз 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың ұйымдастыруымен осы топырақтағы Ойқұдық жайлауында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсауын кескені анық. 1920 жылдары әйгілі Әміре  Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шани, Қалибек сынды майталман өнер иелерін топтастырған «Ес-Аймақ» театры 1934 жылы ғана мемлекеттік музыкалы-драма театры болып ресми түрде ашылады. Бекен Имаханов сомдаған «Абай», Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған «Майра», Тұратай Иісова тірілткен «Қаракөз» шынайы шеберлік пен орасан зор еңбектің нәтижесі еді. Ең алғаш Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен шымылдығын ашқан театр 83 жыл ішінде 300-ден астам спектакль қойып, жалпы саны 10 миллионға тарта көрермендерді қамтыған. Театр алыс-жақын шетел классиктерімен қатар, әлемдік драматургия дәрежесіндегі М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Б.Майлиннің, Ғ.Мұстафиннің, Р.Ғамзатовтың, Ш.Айтматовтың шығармаларын сахнаға шығарды. «Еңлік – Кебек», «Қаракөз», «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу», «Айман – Шолпан», «Бөлтірік бөрік астында» пьесалары театр шығармашылығының алтын қорына айналды. Сондай-ақ театр жанындағы актерлар дайындайтын Театр студиясы  аз уақыт ішінде сандаған жас сахна шеберлерін тәрбиелеп, үлкен өнерге жолдама берді.

Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры. Орыс драма театры 1937 жылы 31 тамызда Семей қаласында ашылады. Театр заманаға сай талаптарға үн қосумен бірге классикалық шығармаларды да сахналап көпшілік көңілінен шықты. Ф.М.Достоевскийдің психологиялық бағыттарды ұстанған қойылымы күрделі шығармалары осы театрда сахналанды.  Театрға Ф.М.Достоевский аты 1975 жылы беріледі.

«Дариға-ай» жастар театры. «Дариға-ай» жастар театры профессор Дариға Тұранқұлқызы және белгілі қоғам қайраткері, Абайтанушы, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Т.Ибрагимовтардың бастамасымен 1999 жылы 14 қарашада  тұңғыш рет Семейде ашылған. Сондай-ақ, театрдың ірге тасын қалауға профессор М.С. Омарбаева, аға оқытушы М.А. Алепарова және театрдың режиссеры һәм көркемдік жетекшісі болған А.Айтибаев сияқты азаматтар да атсалысқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға