ҚР ТЖМ

Щучинскідегі жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды

27.02.2026 10:11

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жойқын жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан 28 адам зардап шеккен. Олардың 13-і ауруханаға жатқызылып, сегізіне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Зардап шеккен 28 адамның 15-і кафе қызметкері, ал 13-і – тамақтануға келген қонақтар. Өкінішке қарай, жеті адам көз жұмды, олардың барлығы – дәмхана қызметкерлері. Олардың қатарында 16 жастағы қыз бар.

Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Олардың жағдайы медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

ТЖД дерегінше, өрт сөндіру жұмыстары кезінде жанып жатқан дәмхана ғимаратынан көлемі 50 литрлік бес газ баллоны мен екі оттегі баллоны шығарылған. Бұл ішкі кеңістікте қайталама жарылыстардың алдын алуға мүмкіндік берген.

Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен нақты мән-жайы анықталып жатыр. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі – Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бойынша жүргізілуде. Аталған баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел желі іске қосылды: 8 (7162) 51-42-98.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 26 ақпан күні кешкі уақытта болған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шыққан. Жарылыс сәті бейнежазбаға түсіп қалған. 27 ақпан таңына қарай қаза тапқандар саны жеті адамға жеткені белгілі болды.

Жарылыс пен өрттің видеосы тарады

Shchuchinsk.city паблигінің мәлімдеуінше, жарылыс сәті қарсы беттегі кафеде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Щучинск | Казахстан 🇰🇿 (@shchuchinsk.city)

Жарылыс бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде болған.

Жарияланған кадрлардан ғимараттың күшті жарылыс пен өрт салдарынан толық қирағанын көруге болады. Жақын маңда тұрған автокөлік те зақымданған.