«SCAT» авиакомпаниясының әуепаркі тағы бір жаңа ұшақпен толықты
«SCAT» авиакомпаниясының әуепаркі тағы бір жаңа ұшақпен толықты, деп хабарлайды El.kz.Бұл туралы Азаматтық авиаация комитеті мәлімдеді.
8 қыркүйек күні кешкісін елімізге «SCAT» әуе компаниясының үшінші «Боинг-737» әуе кемесі келді. Сыйымдылығы 189 орындық бұл ұшақ авиакомпанияның әуе кемелері паркін 29 бірлікке дейін, оның ішінде «Боинг» үлгісіндегі 22 әуе кемесіне дейін ұлғайтады.
Өткен айда авиакомпания сыйымдылығы 189 және 174 кресло (оның ішінде бизнес-кластағы 12 кресло) болатын 2 «Боинг-737» ұшағын алған еді.
Әуепаркін ұлғайту, тасымалдау сыйымдылығын ұлғайту және рейстердің кешігу санын азайту жөніндегі осы жұмысты Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті қазақстандық авиакомпаниялармен бірлесіп жүргізуде.
Әуе кемесін пайдалануға қосу авиакомпанияның тасымалдау сыйымдылығын арттырып, тасымал кестесінің уақтылы орындалуы мен әуе билеттерінің ұсыныстарына оң әсер етеді.
Сонымен қатар, жылдың соңына дейін отандық тұрақты тасымалдаушылар паркі тағы 11 ұшаққа толығады деп күтілуде. Осылайша қазақстандық авиакомпаниялардың тасымалдау сыйымдылығы 20% - ға артып, ұшуларды уақтылы орындауға оң ықпал етеді. Қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелерінің паркін кеңейту жұмысы жалғасуда және Азаматтық авиация комитетінің тұрақты бақылауында болады.