Жаңалықтар

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

Астанада «Салт-дәстүрді сақтай отырып...» қыш-құмыралар көрмесі өтті.
06.10.2016 11:43 17851

Психотерапияның маңызды салаларының бірі – арт-терапияға жататын саз балшық терапиясы Қазақстанда әлі де толық зерттелмеген сала. Дегенмен жұртшылық арасында арт-терапияға деген қызығушылық өте жоғары. «Өнер терапиясы көмегімен – жеке тұлғаны мазалайтын өзекті мәселелер шешімін тауып, эмоционалдық қысым, агрессия төмендейді» дейді мамандар.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

Астанада өткен қыш құмыра жасау өнері көрмесінде қыш шебері Анар Омарова мен Болатбек Салаев көрме қонақтарына арнап шеберлік сыныбын өткізді.

«Арт-терапияны жүргізу барысында топ құрамы 15-20 адамнан аспауы керек. Одан көп болған жағдайда, қатысушыларға да, психотерапевке де оңайға соқпайды. Топтың мүшелерінің көп болуы жасалған жұмыстарға талдау, қорытынды шығару үшін қиындық келтіреді» дейді қыш құмыра шебері Болатбек Салаев.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

Болатбек 1991 жылы Маңғыстау өңірінде туған. Қазіргі уақытта «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер Қоғамдық бірлестігі өткізетін шеберлік сыныптарында қыш ыдыстарын жасауды, мүсін қашауды үйретіп жүр. Астана қаласындағы көптеген мүсін жұмыстарын жасауға қатысқан. Астанадағы әйгілі мұз қалашық мүсіндері, Орал, Өскемен қалаларында орналасқан Қаратай батыр мен Қадыр Мырза Әли ескерткіштері де - Болатбектің қолынан шыққан дүниелер.

«Мүсін жасауға бала кезден қызықтым. Суретті жақсы салатын едім. Алғаш анамның портретін салдым. Тарихи тұлғаларға құрметім ерекше болғандықтан, көбіне елге еңбегі сіңген қайраткерлердің портретін саламын» дейді Б.Салаев.

Болатбек Салаев көрмеге келген қонақтарға құмыра жасау тәсілін түсіндіріп, формаға келтіруге көмектесті.

Қыш құмыра жасау үшін алдымен сазбалшық әбден араластырылады. Одан кейін оны теңдей бөліп, иленген саз қыш шеңберіне орналастырылады. Дайын болған құмыра қалыбы екі күн жылы жерде кептіріледі. Кейін мың градус ыстық пешке күйдіріледі.

Жалпы, арт-терапия көмегімен адам өз сезімдерін терең түсініп, жүгендей білуге үйренеді. Бұл оның әлеуметтік ортаға тез бейімделіп, кіріп кетуіне бағыт-бағдар беріп отырады. Креативтілік адам бойында сенімділікті оятып, оның қалыптасуына негіз болады. Қоршаған ортаны, шындықтағы болмысты өз тұрғысынан қабылдауына көмектеседі. Арт-терапияның әрбір функциясы жеке адамның үйлесімді дамуына үлес қосады.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

«Қыш бұйымдарын тапсырыс бойынша да жасауға болады. Мысалы, жарнамалық кәдесыйлар, интерьерді безендіру. Кеңселерді немесе сауда орталықтарын әдемі гүлге арналған құмыралармен безендіру, қыштан жасалған картиналар ілу мен фотосуреттерді қолдан жасалған рамкаларға орналастыру үлкен сұранысқа ие. Интерьеріңіз ерекше қайталанбас көрініске ие болады» дейді қыш шебері Анар Омарова.

Анар мен Болатбектің бірлесіп жасаған туындысы «Қошқар мүйізді» құмыра көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Авторлардың айтуынша, қазақтың қолтума сәндік өнерінің барлық түрлерінде де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады. Ою мен өрнек қолөнер бұйымдарының тұтынушылық және эстетикалық мәнін аша түседі.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

Ал, мынау тұрған «Алладиннің сиқырлы шамы» қонақтардың нағыз көзайымына айналды. Ертегі желісі бойынша хан сарайын тұрғызатын сиқырлы шамның бүйірін ысқылап, арман-тілектерін айтқандар көп болды.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

«Бала мен әже» тақырыбына арналған өнер туындылары көрменің ажарын ашты. Әже мен немере, ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет сезімдері бейнеленген қыш құмыралардың да айтары бар екен.

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

Автор Анар Омарова бұл ерекше дизайнды құмыралардың мағынасын былай деп түсіндірді:

«Қаланың қым-қуыт тіршілігінің қамымен жүргенде біз нағыз құндылықтарымызды ұмыт қалдырып жатамыз. Кез-келген үйдің, офистің көркін ашатын осындай қыш-құмыралар арқылы ұмыт қалған ұлттық мәдениетімізді есімізге қайта салғымыз келді. Байлық деген қымбат дүние-мүлік емес, байлық – бала. Біздің еліміздің, жеріміздің болашағы – балалар. Осы тақырыптағы сәндік қолданбалы жанрдағы туындыларды бүгінгі көрмеде көпшілікке ұсынып отырмыз».

Саз балшық терапиясының пайдасы қандай?

«Бұл - біріншіден, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартылған сый. Сонымен қатар, ұлтымыздың ерекше өнерін – қыш бұйым жасауды кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында қолға алынып отыр. Жалпы «Астана» сурет галереясы мұндай рухани шараларға үнемі қолдау білдіріп келеді», – дейді «Астана» Ұлттық сурет галереясының жетекшісі Асылхан Сәдуов.

«Салт-дәстүрді сақтай отырып...» қыш-құмыралар көрмесі Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері саласындағы шығармашылық ынтымақтастықтың жақсы дәстүріне айналмақ. Ерекше көрмені «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер Қоғамдық бірлестігі мен «Астана» Ұлттық сурет галереясы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Көрме 7 қазанға дейін жалғасады.


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға