Жаңалықтар

Саз балшық өнері жайында не білеміз?

Ата-бабалардан жеткен саз өнерінің сыры неде? Оның адамға тигізер пайдасы қандай?
Саз балшық өнері жайында не білеміз?
08.05.2019 18:48 28332

Саздан жасалған құмыралар, мүсіндер, ыдыс-аяқтарды жәрмеңке, саябақтарда және т.б жерлерде жиі кездестіреміз. Алайда көпшілігіміз  оларға аса қатты мән бере бермейтініміз рас. Бұған дейін саз балшықтардың адамға  тигізер пайдасы туралы естіген боларсыз? Саз балшықта табиғаттың қандай құпиясы жатыр?  Қазіргі адамдардың көпшілігі арт-терапияға жататын саз балшық терапиясы жайын біле бермейді. Біз бүгінгі материалда оның пайдасы мен көздің жауын алатын мұндай әсем  заттардың жасалуы әдіс-тәсілдері туралы айтатын боламыз.  

Елордалық Ерболат Қарабдал  саздан құмыра жасау өнерімен бала кезден бастап айналысады. Құмырашылар отбасынан шыққан оның арғы ата-бабасы да қолөнерден кенде болмапты. Әкесі Кендебай  Қарабдалов қыш құмыраларды жасаудың хас шебері. Осы салаға бар өмірін арнаған  құмырашы-қария 45 мемлекеттің саз өнерінің әйгілі академигі де атанған. Әкесінің бойындағы бұл талант балаларын да айналып өтпеген.  Қазіргі кезде Ерболаттың өзінен бөлек, қарындасы Гүлназ да, інісі Шынболат да әке өнерін жалғастырып келеді.  

–Бұл ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнер. Мұны ұмыт қалдыруға біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Біз  көзімізді тырнап ашқаннан бастап, мәдениеттің, өнердің, тарихтың исі аңқыған  шеберханада өстік. Менің бала күнгі ойыншығым да, ермегім де осы саз балшық болды. Бұл менің бос уақытта шұғылданатын сүйікті хоббиіме айналды. Негізгі кәсібім – заң саласы – дейді Ерболат Қарабдал.

Фотода: Ерболат Қарабдал

Басқа балалар секілді ойыншық көлікке емес, саз балшыққа құмартқан Ерболатқа атадан мирас болған өнерді «Елордамызға неге таныстырмасқа?» деген ой келеді. Өйткені, бұл қала жыл сайын мыңдаған туристер мен қонақтардың ірі ордасы. Осы мақсатта қолөнерші 2009 жылы Шымкенттен Нұр-Сұлтанға көшіп келеді.

Ерболаттың айтуынша, құмыра жасау үшін адамға ең алдымен шыдамдылық, ниет, тазалық керек. «Саз балшық сырттай лас болып көрінгенмен, өте кірпияз дүние» дейді этно-дизайнер. Ал адамдардың көбісі сол саз балшықтан қолдан әр түрлі бұйымдар жасауға болатынын біле бермейді.

– Саз балшықтан қазіргі заманда тұтынып жүрген әр түрлі көлемдегі құмыралар, ыдыс-аяқтар сынды өзге де заттарды жасауға болады. Көптеген Азия мемлекеттерінің мейрамханаларында пайдаланылып жүрген құмыралар, шәйнектер, кеселер, астаулар, табақтар, тарелкелер сынды ас үй заттарының көбісі керамикадан, саз балшықтан  жасалады,  – дейді қөлөнерші.

Қолдан неше түрлі заттарды дайындауға 1 сағаттан 1 аптаға дейін уақыт кетеді екен. Мұның бәрі жұмыстың қиындығына байланысты болып келеді. Бұған бастысы  жоғарыда айтып кеткеніміздей, шыдамдылық пен жұмысқа деген ыждаһаттылық қажет. Жаңаны ойлап тауып, жаңалықтарды ашу үшін шебердің ой-өрісі мен фантазиясы да  мол болуы керек.  

Ерболат арнайы тапсырыстармен 1 литрліктен бастап,  300 литрлікке дейінгі көбінесе ас әзірлейтін құмыраларды жасайды.  Үйдің, офистің  көркін аша түсетін осындай құмыралар жасалу технологиясына қарай 200 теңгеден  2000 долларға дейін  саудаланады екен..

Фотода: Сыйымдылығы 300 литрлік құмыраның жанында Кендебай Қарабдалов

Саздан жасалған заттар жылдың 12 айында сұранысқа ие деген құмырашы осыдан 2 жыл бұрын елде өткен халықаралық ЭКСПО көрмесіне де атсалысқанын айтады. Яғни сонда өзінің бір топ әріптестерімен бірге  бұған қызығушылық танытып, сатып алушылардың  тапсырысқа берген бұйымдарын лезде  дайындап,  тұтынушы қолына ұстатып, пайда тауыпты.

Бір қызығы Ерболат алғашқы табысын небәрі 11 жасында саздан түрлі бұйымдар жасап, жұртқа шеберлік сағатын өткізіп тапқан екен.

– Осыдан 20 жыл бұрын  Шымқаланың саябағында серуендеп жүрген халыққа құмыра, тұмар, майшырақтарды қолдан жасап сатып, ең алғаш  тапқан табысым 150 теңге еді. Ол кезде 150 теңгенің құны қазіргі таңмен  шамамен 15 000 теңгедей болып қалады. Одан кейін сабақтан босаған кездері де саябақтарда неше түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп жүрдім. Осылайша өз еңбегіммен табыс тапқан мектептегі ең бай оқушы болып шыға келдім, – дейді шебер.

Өзінің маңдай терімен тапқан ақшасына бала Ерболат мектепке қажетті құрал-жабдықтар  тіпті  кейде  киім-кешегіне дейін  сатып алып жүріпті. Бір қызығы қаншама жылдар өтсе де, Ерболат  әлі күнге дейін Шымқалаға бара қалса, өзінің алғаш ақша тапқан саябағына соғып кетеді. Бұл орын балалық шақтың керемет естеліктерін есіне түсіреді.

Көпшілігіміз елордадағы  музыкалық кештер мен концерттер өтетін  Astana Music Hall-дың Ерболаттың авторлық жұмысы екенін біле бермейміз. Оның айтуынша, оқиға былай болған; Бас шаһардан Шымқалаға келген бір топ делегация  Ерболаттың өнерін тамашалап тұрады. Саздан құмыраның пішінін жасап бітіріп, енді қолына алып жатқанда байқаусызда құмырашының  дымқол қолынан жаңа ғана дайындалған туынды сырғып жерге түсіп кетеді.  Пішіні жартылай болып қалған құмыраны қайтадан қолына алайын деп жатқанда Ерболатқа «Тиіспеңдер!» деп сырттан бақылап тұрған делегацияның мүшелері  айғайлайды. Содан делегацияның  архитектор, инженер, құрастырушылары (конструктор) құмыраны әр түрлі ракурста бір сағаттай суретке түсіріп, макетін қағазға сызып алыпты. Осы суреттердің арқасында арада көп уақыт өтпей  елордада пішіні құмыра тәріздес Astana Music Hall  музыкалық орталығы құрылады.

Атадан мирас болған өнерді өлтірмей, ары қарай насихаттап келе жатқан Ерболат тіпті елорданың білім басқармасына мектеп, бала-бақшаларға ермексаздың орнына  саз балшықтарды пайдалану жайында арнайы ұсыныс-хат жолдапты.  Соның арқасында бұл мектептік бағдарламаларға қосылып, қазіргі кезде оқушылар саз өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр.

– Мысалы, Нұр-Сұлтандағы  Назарбаев Зияткерлік мектебі, халықаралық НұрОрда мектебі, Жамбыл Жабаев атындағы №4 білім ордасы, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептерімен қатар, өзге де облыстарда  осы саз өнерінен арнайы сабақтар өтіп жүр.  Білім ордаларында оқушыларға 3 сыныптан бастап құмырашылықты үйретіп жатыр, – дейді Ерболат Қарабдал.

Қолөнер шеберінің айтуынша, топырақтың баланың денсаулығына тигізер пайдасы зор. Біріншіден, сазбалшықтың құрамында 60%-ға жуық кальций элементтері бар. Яғни сазды ұстаған кезде балаға алақаны арқылы организмге пайдалы дәрумендер тарайды. Оны қолмен илеу арқылы сүйек қатаяды.  Екіншіден,  бала еңбекке үйреніп, шеберлігін шыңдайды. Туған жердің топырағымен  баланың бойында елге, жерге деген ерекше сезім, құрмет қалыптасады. Сонымен қоса, балаларға балшық илету арқылы әр түрлі психо-физиологиялық аурулардың  алдын-алуға болады. Мәселен, көз, құлақ, мұрын, сынды көру, есту, сезу мүшелерінің қабілетін жақсартуға болады. 

Ерболаттың айтуынша, еліміздің кез-келген аймағында сазбалшық бар. Олар тек табиғат климатына қарай бөлінеді дейді.

Нұр-Сұлтанның саз балшығы қаттылау болып келеді. Сондықтан илеуге оңайлықпен көне қоймайды. Ал оңтүстік аймақтарда, мысалы, Тараз, Алматы, Талдықорған, Қызылорда жақтың саздары илеуге тез көнеді және 70-80%  таза табиғатта кездеседі. Ал қалған облыстарда көбінесе өңдеуге тура келеді. Оларды тастан, құмнан және басқа да табиғи қоспалардан айырамыз.

Ес білгелі осы өнермен айналысып келе жатқан Ерболат қазіргі күні шәкірт тәрбиелеп жүр. Осы уақытқа дейін саз өнерінің қыр-сырын үйреткен оқушылары түрлі халықаралық, республикалық  сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

– Менің ойымша, адамның шеберлігі сайыстарға қатысу не қатыспауынан бағаланбайды. Оны шебердің жасаған бұйымына  қарай бағалау қажет. «Қолынан шыққан дүниесі қалай жасалған? Саз балшықпен қалай жұмыс істейді? Қандай технологияны пайдаланған?» сынды сұрақтарға жауап берумен шебердің қаншалықты шебер екенін білуге болады, – дейді этно-дизайнер.

Фотода: Этно-дизайнер өзінің шәкірттерімен бірге

Өнерлі кейіпкеріміз саз балшық жайында  өте қызық ақпараттар айтады. Бұл өнер жер бетіндегі барша адамға ортақ өнер дейді ол.

– Ертеде адамдар тұрмыстық заттарды саздан жасаған. Орта ғасырларда сусындарды құюға, азық-түліктерді сақтауға осы саздан жасалған құмыраларды пайдаланған. Өйткені құмыраларда сақтаған заттар бұзылмайды, тағамдар ашымай табиғи қалпын ұзақ уақыт сақтайды екен. Мәселен, грузиндер шарапты осындай ыдыстарға ұзақ уақыт сақтауды дәстүрге айналдырған, – дейді этно-дизайнер.

Ерболат секілді елордада Биназир Сұлтан  есімді қыз баласы осы өнерді көпшілікке үйретумен айналысып келеді.  Ол әкесінен келген қасиеттің отын өшірмей, табыс табудың негізгІ көзіне айнладыра білген. Биназир колледжде оқып жүргеннен бастап даун синдромына шалдыққан, аутизммен ауыратын балаларға саздан арт-терапия ретінде сабақтар жүргізіпті. Осындай әлеуметтік жобаларға белсене ат салысып, түрлі конкурстарға қатысады. Сөйтіп, сол байқаулардың бірінен 1 миллион теңге ұтысқа кенеледі, бұл ұтыс өзінің жәрмеңкелерін өткізуге керемет қолдау бола білген.  Күн өткен сайын істеген жұмысына сұраныс артып,  ол да Шымқаладан Бас қалаға көшіп келіпті.

– Негізі өзім скульптур болғандықтан  тас, мрамор, гипс және басқа да материалдардан  барлық пішінде заттар жасай аламын. Реалистпін. Соған машықтанғанмын. Маған адам мүсінін де, ыдыс-аяқтарды да жасау еш қиындық туғызбайды.

Фотода: Биназир Сұлтан 

Биназирдің айтуынша, қыш өнерін меңгеруде ешқандай қиындық жоқ. Тек адам мүсінін жасайтын скульптур болу үшін жоғары білім қажет екен.

Көбінесе саздан тасбақа пішінінде жасалғандар сұранысқа ие дейді шеберіміз.. Өйткені бұл кәдімгі тірі тасбақа сияқты болып көрінуімен  жұртшылықтың назары осыған  ауады екен. Жалпы бұлардың бағасы шамамен 100 теңгеден басталып 2000 теңгеге дейін барады. Мұның бәрі көлеміне байланысты болып келетінін айтады Биназир Сұлтан.

Ерболат мен Биназир қолөнері арқылы қазақтың мәдениетін жалпақ әлемге танытуға өз үлестерін қосып жүр. Шетелдік меймандарға қазақи менталитетімізді жан-жақты таныстырып жүрген қолөнершілеріміздің өнерлері өркендей берсін дегіміз келеді.

(Суреттер Ерболат Қарабдал мен Биназир Сұлтанның жеке мұрағатынан және

ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға