Жаңалықтар

"Сайын ағаның стиліне еліктеп жазамын". «Жусан иісі» әдеби байқауының жеңімпазы

"Сайын ағаның стиліне еліктеп жазамын". «Жусан иісі» әдеби байқауының жеңімпазы
Фото: Жеке мұрағат 18.05.2023 18:13 1072

Әр заманда қазақ әдебиетіне қадау-қадау тұлғалар легі келіп отырды. Бейімбет пен Жүсіпбек, Мұхтар мен Ғабит секілді марғасқалардың буыны тақыр жерге тау тұрғызып, жоқтан бар жасады. Осы алмаға ат байлаған аймадет ағаларының ізін басып желкілдеген жас өркендер келді. Сайын, Мұхтар, Әбіш, Қабдеш, Әкім, Қалихан... Ұзаққа кететін тізім. Осы қуатты толқынның ішінде бөгенайы бөлек болмысымен, дара қолтаңбасымен Сайын Мұратбековтің алар орны ерекше.

Жас қаламгер туралы әйгілі Ғабит Мүсірепов: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз» деп айтқан сөзі ізін басар құлынның бітімін танығаннан еді. Сайын Мұратбековтің лирикалық прозасы сансыз жүректі әлдилегені, рухани нәрге айналғаны анық. Сайын шығармаларын оқыған оқырман алғашқы тәтті әсерін ешқашан жоғалтпай, талмап жүреді. Қазіргі таңда Сайын Мұратбековтің есімі ұлықталып, жыл сайын әдеби байқаулар өтіп келеді. Республикалық «Жусан иісі» әдеби байқауының жеңімпазы Қыдыр Байдүйсеновпен шағын әңгіме-дүкен құрған едік. Қаламгер бізге Сайын Мұратбековтің аты-жөнін алғаш рет қайдан кездестіргені туралы ыстық естелігімен бөлісті. Бұл – сол дәуірдегі оқырман қауымның Сайын шығармаларын қаншалықты сүйіп оқығанының және бір айғағы.

Сайын аға туралы бала кезден есімнен кетпей келе жатқан бір естелік жайында айтсам ба деп едім.

Мен кітапты көп оқитынмын. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары газет, журнал беттерінде жарық көрген әңгіме, повестерді қалт жібермеймін. Кейініректе Сайын ағаның «Ауыл оты», «Отау үй», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін» және т.б. кітаптарын ауыл кітапханасынан алып, оқып өстік қой. Бірақ, жазушы Сайын Мұратбековтің атын алғаш рет кітап мұқабасынан емес, қолжазба қалың дәптер бетінен оқыған едім.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бойжеткен қыздар мен бозбалалар қалың дәптерге Ш.Қалдаяқовтың жаңадан шыққан әндерін, жас ақындардың махаббат туралы өлеңдерін қолмен көшіріп жазып, гүлдің суретін салып безендіріп, бір-біріне альбом сыйлайтұғын еді. Сондай қолжазба дәптердің біреуі менің де қолыма түсті.

Кітапты көп оқығанның әсері ме, бала кезімде «Сағынышты сәлем хат» деген әңгіме жаздым. Алыс аудандардың біріне тұрмысқа шыққан шешемнің сіңлісі Бәтимаға арнап жазылған сағынышты сәлем хат мәнерінде.

Бір-бірімен көріспегелі алты-жеті жылдың жүзі болса керек. Шешем сіңлісін сағынып, «Әлгі Бәтима неғып жүр екен?» деп күрсініп, жиі-жиі айта берген соң отыра қалып хат жаздым. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, топырақтан асыл, жапырақтан жасыл...» деп басталатын сәлем хатым оқушы дәптерінің он бетінен ары асып кетіпті. Ол әңгімем, өзім әңгіме деп атағаныммен де, нақты Бәтима тәтеме арналған хат болған соң, адресін жазып, поштамен салып жіберсем, поштадан қайта қайтып келіпті. Конверт, тойыс, хаттың көлемі тым қалың деп. Заказной хат қып жіберу керек деген бе, немене... Шешем оны қайдан білсін... «Бәтимадан хат келді» деп қуанған анам, көрші үйдің қызына хатты оқытып (мен үйде жоқ едім), хатты тыңдап отырғандар күлкіге әбден қарық болыпты.

Бұл хатта (әңгімеде) не туралы жазылмаған дейсіз. Қаншайым жеңгеміздің егіз бала тапқаны туралы, Зауқия кемпірдің күрік тауығы он балапан басып шығарып, балапандарын қарақұс іліп әкетіп, жеп қойғаны туралы, Қусақ өзенінің бойында биыл жыланның ерекше қалың (көп) екені туралы, Тарыбай атамның бақшасына түсіп, қауын ұрлап, әкемізден қалай таяқ жегеніміз туралы, Тасыбай шалдың тарғыл сиырының бұзауымен қоса жоғалып кеткені жайында айтып... әйтеуір, жазбағаным қалмапты.

Ауыл арасында сөз жатушы ма еді. «Қыдырдың Бәтимаға жазған хаты» деп ауыл арасына тез тарап кетті.   

Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім Әлмұрат ағай:

– Сен ел айтып жүрген хатыңды маған әкеп берші, оқып көрейін, – деді.

Үш-төрт күннен кейін Әлмұрат ағайдың үйінде тұратын бір қыз өзінің қолдан жазылған қалың дәптер (общая тетрадь) альбомын маған әкеп берді. «Жоғалтып алмай, ертең қайтарып бер!» деп... Арасында бір бет қағазда Әлмұрат ағайдың ақыл-кеңесі бар екен: «Жазғандарың ұнады, тоқтап қалма, ары қарай да жаза бер. Айтар ойың жинақы болсын. Әңгімеңді шұбыртпай, ұзаққа созбай, қысқа жазуға тырыс. Бейімбет Майлинды, басқа да үлкен жазушыларды көп оқып, ізден» депті.

Дәптердің бас жағына қыздың ұқыпты, әдемі жазуымен: «Сайын Мұратбеков» деп ірі әріптермен жазыпты да, ары қарай әңгіме ме, повесть пе, қолмен көшіріліп жазылыпты. Қай әңгіме, қай повесть екені есімде жоқ, мүмкін, «Менің қарындасым» атты повесі болар, одан бері көп уақыт өтті, повесті дәптерге көшіріп жазған қыз шығарманың атын жазбапты...

Міне, жазушы Сайын Мұратбеков ағаның атымен алғаш рет осылай танысқан едім. Кейіннен Сайын ағаның кітаптарын кітапханадан алып оқып, газет, журнал беттерінде жарияланған дүниелерін іздеп жүріп, бір-бірімізден сұрап алып оқып жүріп өстік қой.

Сайын Мұратбеков ағаны көрмесем де ол кісінің жазған әңгіме, повестерінен алған тәлім-тәрбием, үйренген нәрсем көп, тіптен, бір әңгіме жазсам да өзімше, Сайын Мұратбеков ағаның әңгімелерінің стилінде  жазуға тырысамын.

Әңгіме жанрының қас шебері, жазушы Сайын Мұратбековті еске алуға арналған «Жусан иісі» атты республикалық әдеби байқауда менің жазған «Аукцион хикаясы» атты әңгімем бірінші орын алып, жүлдегер атанғанына қуанамын және мақтанамын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға