Мәжілістің баспасөз қызметі

Сайлаушылармен кездесу: Парламент депутаттары аймаққа сапарға шықты

Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапары барысында Ақтөбе, Атырау және Павлодар облыстарындағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалармен танысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ақтөбе облысында депутат Қазыбек Әлішев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс барысын тексерді. Жоба №50 мектептегі орын тапшылығын шешуге бағытталған. Депутат химия кабинеттеріндегі қауіпсіздікке қатысты ескертулер жасап, қажет болса заңнамаға өзгеріс енгізуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, ол «Жайсаң» шекара бекетінің, Мәртөк ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылыс нысандарын аралап, Шалқар ауданы Бозой ауылында тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.

Сайлаушылармен кездесу: Парламент депутаттары аймаққа сапарға шықты

Атырау облысында Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағындағы «Karabatan Utility Solutions» ЖШС электр станциясының жұмысымен танысты. Станция қазір KPI зауытын қуатпен қамтып отыр, алайда шағын және орта бизнеске электр жетіспейді. Қуаттылығы 165 МВт болатын жаңа қосалқы станция салу қажеттігі туындап отыр. Депутаттар бұл мәселені Парламент деңгейінде көтеруге уәде берді.

Сайлаушылармен кездесу: Парламент депутаттары аймаққа сапарға шықты

Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантай Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №2 сорғы станциясындағы жабдықтарды жаңғырту барысымен танысты. 50 жылдан астам пайдаланылған сорғылар тозып, шұғыл жаңартуды қажет етеді. Депутаттардың айтуынша, 2028 жылға дейін 19 агрегатты ауыстыру жоспарланған, оның алғашқы 5-і үшін 11 млрд теңге қажет. Қазірдің өзінде республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Каналдың маңызы – Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астананы ауызсумен қамтамасыз ету.

Депутаттар аталған жобалардың орындалуын бақылауда ұстап, қажетті қаржыландыру мәселелерін заңнамалық деңгейде шешуге мүдделі екенін білдірді.