Жаңалықтар

Сайлау өткізу – қазақстандықтардың тағдырына қамқорлық таныту

El.kz редакциясы ҚР Мәжіліс Парламенті және Маслихат сайлауына байланысты пікір жинауды жалғастыруда.
27.01.2016 05:20 3945

El.kz редакциясы ҚР Мәжіліс Парламенті және Маслихат сайлауына байланысты пікір жинауды жалғастыруда. Бүгінгі санымызда ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Болатова Гүлжауһар Жамбылқызының пікірін ұсынамыз.

Сайлау өткізу – қазақстандықтардың тағдырына қамқорлық таныту

– Жақында Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев 13 қаңтарда депутаттардың бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің өкілеттілігін мерізімінен бұрын тоқтату туралы бастамасына орай Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына байланысты Жарлық шығарғаны баршамызға аян. Ел болашағы үшін алаңдайтын қоғамның барлық мүшелеріне қатысты алғанда бұл мәселе  ешкімді де бей-жай қалдырмасы белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындауға байланысты шешім қабылдамас бұрын, оны ақыл таразысына салып, жан-жақты безбендеп барып жасаған тоқтамы болатын. Осы ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповпен, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен аталмыш бастама жөнінде кеңескен еді. Бұдан бөлек  отандық және шетелдік көптеген сарапшылар кезектен тыс сайлау өткізуді орынды ұсыныс ретінде бағалап жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп, біліп отырмыз. Еліміздегі біршама қоғамдық ұйымдар, партиялар да Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізуді құптап отыр және сайлауға белсенді қатысатындықтарын да мәлімдеп жатыр. 20 наурызға белгіленіп отырған сайлауға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: «Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді»,-деп өз пікірін білдірген болатын. Қанша қаржы үнемделетінін тиісті мамандар есептеп шығарып та қойды. Сондықтан әлемді экономикалық дағдарыс қыспаққа алған осынау қиын уақытта бұл сайлауды уақытынан бұрын өткізген дұрыс деп санаймын және ол Елбасымыз жариялаған Ұлт жоспары  -  бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды жүзеге асыруға кең жол ашады деп есептеймін. Алдағы уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университет ұжымы және өзім қызмет етіп жатқан Журналистика және саясаттану факультетінің ұжымы уақыт талап етіп отырған шешімдерді қолдап,Отанымыздың келешегі үшін  әрқайсысы сайлау учаскелеріне барып,  өз таңдауын жасайды деп сенемін.


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға