Сайлау саяси ахуалдың күрт өзгергендігімен ерекшеленеді
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ өкілдігінің бас сарапшысы Болат Әуелбаев алдағы сайлау науқаны бойынша өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды El.kz
«Қазір саяси жүйенің белсенді трансформациясы жүріп жатыр және сайлау - бұл біздің қоғамымыздың, мемлекетіміздің осы трансформация кезеңдерінің бірі. Сайлау биылғы жылы саяси ахуалдың күрт өзгергендігімен ерекшеленеді. Адамдар өз пікірлерін ашық түрде білдіруде. Саяси және қоғам қайраткерлері де белсенді бола бастады», - дейді сарапшы.
Сондай-ақ сарапшы Қазақстан жұртшылығы кез келген тоқыраудың аса жағымсыз салдарға әкелетінін жақсы біледі деп отыр. Мәселен, қаңтар оқиғасын мысалға келтіруге болады. Қазақстандықтардың алдында кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын бағалай отырып, өз таңдауын жасау міндеті тұр. Бүгінгі таңда адамдар бәріне қатты қарайды және оларды популистік ұрандар қызықтырмайды, күшті платформалар қажет деп санайды.
«Қазір 30 жыл ішінде жинақталған мәселелер ашық талқылануда. Трансформацияға аз уақыт қалды, өйткені әлемде геосаяси жағдай шиеленісуде, бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға да әсер етеді. Бұл көрші елдердегі санкциялық режимдер, коммуникациялар мен логистиканың үзілуі, әлемде де, ТМД кеңістігінде де мемлекетаралық қақтығыстардың өршуі», - деді Болат Әуелбаев.