Жаңалықтар

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

Пікірсайыс
19.03.2016 07:47 3968

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың сайлауалды пiкiрсайысы  өтті.

Оған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, Қазақстанның «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстанның коммунистік халық партиясының құрметті хатшысы Владислав Косарев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Зәуреш Батталова, «Бірлік» партиясының мүшесі Роза Қуанышбаева қатысты.

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

Пікірсайыс 3 раундтан тұрды. Алғашқы раунд «әлемдік экономиканың нақтылығы: проблемалары мен перспективалары» деп аталды. Екінші раундта саяси пікірсайысқа қатысушылар «қазіргі жағдайдағы инфрақұрылым, көлік, логистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.  Соңғы раундта пікірсайысқа қатысушы партиялардың өкілдері өз сайлаушыларына үндеу арнады.

Алғашқы болып сөз тізгінін алған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов «Нұрлы жол» Қазақстанды Еуразиядағы ең ірі хаб ретінде қалыптастыратынын айтты.

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

«Біздің басты міндетіміз – «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама еліміздің барлық өңірлерін сапасы жоғары автокөлік жолымен байланыстыратын болады. Ол үшін бүгінгі таңда 7 мың шақырым жол төселуде. Оған қоса 2 мың шақырым теміржол салынады. Ал Каспийде заманауи паром кешені ашылады. Олардың барлығы елдің тауар экспортын 1,5 есеге, яғни 150 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға және көлікпен тасымалдау құнын 2 есеге төмендетуге мүмкіншілік береді», – деді ол.

Ал «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін азаматтардың жеке қоныстарының мүмкіндіктерін мейлінше пайдалану керектігін айтады.

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

«Экономиканың басым бағыттарының бірі – ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз ол ауылды және ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады. «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында осы бағытта нақты ұсыныстар енгізіп отыр», – деді Ә. Бектаев.

Келесі кезекте сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бүгінде  әлемдік дағдарысқа мұнай мен жалпы шикізат ресурстары бағасының құлдырауы себепші болып отырғанын айтты. Ол осы жағдайдан шығудың жолы ретінде отандық өндірушілерді қолдауды ұсынды. «Ақ жол» партиясы жетекшісінің айтуынша, қазір бізге тұтынушылық және басқа да тауарларды дамытуға күш салатын кез жетті.

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

Теледебаттың екінші кезеңінде саяси партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, пікір алмасты.  

Пікірсайыс ережесіне сәйкес, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев «Бірлік» партиясына «Бүгінгі күні «жасыл экономика» мәселесі өте өзекті. Осы бағытта «Бірлік» партиясы қандай жұмыс жасауда және не ұсынасыздар?» – деп сұрақ қойды.

«Бірлік» партиясының өкілі Роза Қуанышбаева «жасыл» экономиканы дамытудың жеті негізгі бағытына барынша назар аудару керектігін атап өтті.  

«Бірінші кезекте, жаңартылатын энергия көздерін енгізу қажет. Әрине, біздің мемлекетіміз табиғи байлықтар ресурсына ие. Дегенмен, олар шексіз емес, бір күні қоры таусылады. Сонымен қатар, тұрғын үй шаруашылығындағы шығындарды азайту керек. Ауыл шаруашылығында органикалық жер өңдеу процесі мен егінге баса назар аударылуы шарт. Бұл  табиғи компоненттерді пайдалануға жол ашады»,  деді –  Р. Қуанышбаева.

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаевқа «біздің бағдарламамызда да ауыл мәселесі қамтылғандықтан, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға қатысты сіздердің партияларыңыздың жоспары бізді қызықтырады», – деді.

Әли Бектаев өзіне қойылған сұраққа былайша жауап берді: «Ауылдағы тұрғындардың табатын табысы тікелей сол ауылдағы шаруашылықтарға байланысты. Бүгінгі таңда ауылдағы көптеген азаматтардың табысы өздерінің жеке қожалығынан түсіп отыр. Қазақстанда екі миллионнан астам жеке шаруа қожалықтары бар. Олардың басты проблемаларына қаржының қолжетімсіздігі, жайылымдардың жетіспеушілігі жатады. Біз,  сондықтан да,  жеке шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейміз. Бұл жағдайда тиісті деңгейде қызметтік және қаржылық қолдау көрсетілсе жеке шаруа қожалықтарының табысы артатын еді».

Саяси партиялардың сайлауалды теледебаты өтті

Соңғы раундта ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың өкілдері сайлаушыларға өз үндеулерін жолдап, 20 наурызда өтетін сайлауға белсене қатысуға шақырды.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ, Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға