Жаңалықтар

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын жаңа заң әзірленеді

Фото: qamshy.kz
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын жаңа заң әзірленеді
07.06.2022 18:04 2397

Бүгін көрнекті ғалым және мемлекет қайраткері, Мемлекеттік комиссияның мүшесі Борчашвили Исидор Шамиловичтің төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті,- деп хабарлайды El.kz.

Еске сала кетейік, жұмыс тобы ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығына сай қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметінің шеңберінде құрылған болатын. Оның құрамына мемлекеттік комиссия мүшелері, көрнекті ғалым-заңгерлер, Парламент депутаттары, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкерлері жұмылдырылған.

Жұмыс тобының міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша сапалы жаңа заңдар әзірлеу.

Отырыс барысында мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында мұрағат материалдарын зерделеу, құқық қолдану практикасы, ұлттық заңнаманы және шетелдік тәжірибені талдау қорытындылары бойынша бірқатар проблемалар анықталғаны айтылды. Соның салдарынан Қазақстан үшін ерекше құрбандардың бірқатар санаттары қолданыстағы заңға енгізілмеген және ақталмаған.

Алдағы уақытта заң жобалары шеңберінде оларды шешу үшін заңнамалық кедергілерді жою жоспарланып отыр. Осылайша жұмыс тобының бірінші отырысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы заң тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Атап айтқанда, толық заңды ақтау мәселелерін қарау, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендердің санаттарын және оларды айқындау тәсілдерін кеңейту, оңалту рәсімдерін жеңілдету, оңалтудың тұтас жүйесін институционалдық нығайту және құру жоспарланған.

Сондай-ақ бірқатар басқа да ғылыми-теориялық, заң шығарушылық және ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша жұмыстар жалғасын таба бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға