Жаңалықтар

Жаңа тұғырнама – болашаққа жасаған тағы бір қадам

«Берекелі отбасы», «Білімді ел», «Халық саулығы», «Еңбек – табыстың кілті» бөлімдері арқылы адам, қоғам, мемлекеттің тұтастығын сақтауға және Қазақстан азаматының өз елі, өз жерінде болашағына алаңдамай өмір сүру үшін күш салуды жоспарлайды
Жаңа тұғырнама – болашаққа жасаған тағы бір қадам
Фото: жеке мұрағат 12.10.2022 16:27 2882

Жуырда өткен «Amanat» партиясының XXIV съезінде президентікке кандидат ұсынылып, жаңа саяси тұғырнама қабылданған болатын. Жаңадан қабылданған саяси тұғырнамаға қатысты «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Ербол Данағұлов партияның биылғы өткізген съезінің орны бөлек екенін атап өтті. Себебі отырыста елімізге маңызы зор шешімдер қабылданған.

««AMANAT» партиясының бұл съезін тарихи деп айтуға толық негіз бар. Өйткені оның орны да, мәні де тым бөлек. 1200-ден астам адамды біріктірген партия съезінде ел тарихындағы маңызды шешімдер қабылданды. Алдымен кезектен тыс Президент сайлауына өз үміткеріміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсындық. Сондай-ақ Мемлекет басшысының саяси реформаларымен үндес жаңа саяси тұғырнамамызды қабылдадық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдайтын саяси партиялар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың Халықтық коалицияға бірігуі елді елең еткізген жаңалықтардың бірі болды. Сондықтан бұл съездің партия өмірінде ғана емес, қоғам үшін де маңызы аса жоғары деп ойлаймын», - деді «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Оның айтуынша, билікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың келу туралы партия ұсынысын барша халық қолдап отыр. Себебі ол еліміздің ішкі және сыртқы жағдайын жақсы білетін, қарапайым халықтың қамын ойлайтын бірден-бір тұлға.

«Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз халықшыл бағыттағы саясатты ұстанады. Атап айтқанда, коронавирус пандемиясы кезінде белсенді әрекет етіп, төтенше жағдайлар болған жерлерге дереу өзі барып, жағдайды өз бақылауына алды. Конституциялық референдумға байланысты бүкілхалықтық референдум өткізді, өз өкілеттігін шектеді, әлеуметтік реформаларды, сондай-ақ саяси реформалар мен әкімшілік реформаларды жүзеге асырды. Ол өзінің реформалары, әлеуметтік бастамалары мен іс-әрекеттері арқылы ел­мен тығыз байланыста екенін дәлелдей алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – тәжірибелі саясаткер және әлемдік деңгейдегі беделді дипломат. Еліміздің ішкі мәселелерімен бірге халықаралық жағдайды да жақсы біледі. Сондықтан да әлемдегі геосаяси ахуал ушыққан кезде Президент саясатының төңірегінде топтасуымыз дұрыс. Қазіргідей шешуші тарихи кезеңде қоғам ауызбіршілік танытып, Президент бағытына қолдау көрсетіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын Халықтық коалицияның құрылуы қоғамның Президент бастаған жаңару үрдісін жалғастыруды құптайтындығын көрсетті. Халық Президенттің өзі бастаған реформаны өзі соңына дейін жеткізуін қалап отыр. Ендеше, бұл шешімді ел болып, жұрт болып қолдауымыз керек», - деді ол.

Сондай-ақ Ербол Данағұлов партия съезінде жаңа саяси тұғырнаманы қабылдау үшін бірқатар жұмыстар жүргізілгеніне тоқталды.

«Ұйымның мақсат-міндеттерін толық қамтып, оның алдағы стратегиялық миссиясын белгілейтін құжатымыз дайын. Бұл ең алдымен халықтың пікірімен сәйкес келеді. Өйткені сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалды. Съезде осы жұмысты толық аяқтап, делегаттармен бірге қорытындыладық. Еліміздің тәуелсіздігі, ұлтымыздың азаттығы, қоғамның еркіндігі – біздің ең ұлы құндылығымыз болса, партияның жаңа тұғырнамасында тәуелсіздігіміздің мәңгілігін сақтау мақсаты бірінші тұр. Сондай-ақ партия еліміздегі әр адамның құқығы мен бостандығын қорғауды бұлжымас қағида ретінде айқындады. Біз халық тарихының, тағдырының, болашағының алтын діңгегі – ана тіліміздің мәртебелі болуына мүдделі және белсенді азаматтық ұстанымы бар, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз. Сонымен бірге саяси тұғырнамада ұлттық қауіпсіздікке, заң мен тәртіпке, мемлекетті тиімді басқаруға, аймақтардың дамуына, алтын бесігіміз – ауыл мәселесіне, экономикамыздың күретамыры – ауыл шаруашылығына, экологиялық саясатқа басымдық беріліп отыр», - деді.

Сонымен қатар Ербол Данағұлов қабылданған саяси тұғырнама әділетті Қазақстанды құруға жасаған бір қадам дейді.

«Басты құжат «Берекелі отбасы», «Білімді ел», «Халық саулығы», «Еңбек – табыстың кілті» бөлімдері арқылы партия адам, қоғам, мемлекеттің тұтастығын сақтауға және Қазақстан азаматының өз елі, өз жерінде болашағына алаңдамай өмір сүру үшін күш салуды жоспарлайды. Бір сөзбен айтқанда жаңа тұғырнама болашақтағы бағытымыз бен даму бағдарымыз. Әділетті Қазақстанды құруға жасаған тағы бір қадамымыз. Алдағы уақытта басты құжатта көрсетілген бағыттарды нұсқаулық ете отырып, мемлекетті дамыту мен халықтың әл ауқатын жақсартуға еңбектенуді жалғастырамыз. Біз үшін ең басты ұлттық құндылықтарымыз - еліміздің тәуелсіздігі, ұлтымыздың азаттығы, қоғамның еркіндігі маңызды. Ендеше, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмыс жасауымыз маңызды», - дейді «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға