Жаңалықтар

Саяси кезең: мемлекет пен халықтың рөлі

Саясаттанушы Индира Рыстинамен сұқбат
Саяси кезең: мемлекет пен халықтың рөлі
Фото: dalanews.kz 20.11.2022 14:37 1472

Бүгін болашақ Қазақстанның даму жолын белгілейтін ерекше күн. Бұл күні 18 жастан асқан әр азамат өз таңдауын жасауда. Бұл саяси күн жаңа өзгерістерге бастайды деп сенетін саясаттанушы Индира Рыстинаны әңгімеге тарттық.

– Индира Сәдібекқызы,  сіз осы жолғы саяси додадан қандай жаңашылдық көріп тұрсыз?

– Саясат тұрғысынан қарайтын болсақ, осы жолы біз Президентті бір рет қана сайлауға қадам жасап жатырмыз. Әртүрлі сайлаулар болды. Осы жолы біз Конституциялық реформадан кейін  Президентті 7 жылға бір-ақ рет сайлаймыз. Осы сайлаудан кейін Президент болатын тұлғаны екінші рет сайлай алмаймыз. Жалпы 2022 жыл саяси оқиғаларға толы болды. Жаңа бастамалардың куәсі болдық. Ел тәуелсіздігінің 31 жылдығын саралайтын болсақ, биылғыдан өзгерістер болмаған екен. Осы сайлаудан кейін жаңа бір өзгерістердің болатынына сенімдімін. Президент сайлау, ол  жаңа үміттер. Келешек талап ететін жұмыстардың орындауы. Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына түсіп отырған екі кандидат нәзік жаратылыс иесі. Бұл да жаңашылдықтың бір парасы деп білемін.

– Индира Сәдібекқызы, көршілес елдердегі геосаяси мәселерді көріп, біліп отырсыз. Әлем елдері әбігерге түсіп жатқанда бұл сайлау қаншалықты қажет болды?-деген пікірлер айтылып жүр. Ал, сіз бұған не дейсіз?

– Рас, көптеген елде геосаяси жағдай тұрақты емес. Ресей мен Украина қақтығысына әлем көз тігіп отыр. Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабахқа таласы, қырғыздар мен тәжіктер де өзара келісе алар емес. Бізбен шекаралас елдерде осындай түсініспеушіліктер орын алып жатқанда бұл сайлаудың не керегі бар дейтіндер де табылды. Алайда, бізге ең алдымен ішкі тұрақтылық ауадай қажет. Оған осы сайлау керек болды. Сайлаудан кейін өзіміздің саяси қадамдарымызды жүзеге асырамыз. Оған мүмкіндік бар. Тек, бірлігіміз берік болсын деп тілейік.

– Халық жақсы жаңалық күтеді.  Жаңа өзгерістерден де үмітті. Әділетті Қазақстанды жаңа кадрлармен құру мәселесі де айтылып жүр.  Алайда, сайлаудан кейін кадрға қатысты саяси қадам болады деп ойлайсыз ба?

– Менің ойымша кадр тапшылығы тек қана мемлекеттік басқару жүйесінде ғана емес, барлық салада бар. Дегенмен, сайлаудан кейін елдің келешегіне көз жеткізе алатын, өз ісінің маманы, халықпен санасатын, жұмысын ашық жүргізетін тұлғалар келеді деп сенемін. Солай болу керек. Негізінен бізде білікті жас кадрлар бар. Бірақ, оларға сену керек. Шетелде оқыған жастар қазір билік басына тартылып жатыр. Жас министрлер өз жұмысын жаңа бағытта көрсетіп жүр. Олардың жұмыс ұстанымын қоғам қабылдай қоймайтын шығар, бірақ заман талабына өтеп отыр ғой. Мүмкіндік берейік, сенім артайық. Бұрыннан келе жатқан мамандар тәжірибелі деп те айтып жатамыз. Мынаны ұмытпайық, заман талабы басқа. Біліктілікті қажет етеді.

– Индира Сәдібекқызы, шағын сұхбатыңызға рахмет. Ал, қазақстандықтарға айтарымыз, кемелді келешекке бұғаналы бетбұрыс жасағымыз келсе, дауыс беруге асығайық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға