Францияда саясаткерлер арасында ерекше үрдіс қалыптаса бастады. Олардың кейбірі өз бұлшық етін көрсету арқылы жұрт назарын аударуға және сайлаушылармен ерекше байланыс орнатуға тырысады, деп жазады El.kz интернет порталы lemonde.fr-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін француз демократиялық дәстүрі саясаткердің ақыл-ойына, пайымына және шешендігіне көбірек мән берсе, бүгінде дене бітім мен физикалық күш те саяси бейненің бір бөлігіне айналып отыр.
Франция президенті Эммануэль Макронның өзі бұл бағытта көзге түсіп жүр. 2025 жылдың көктемінде француздар Елисей сарайының фотографы жариялаған суреттен президенттің бокс жаттығуы кезінде ширығып тұрған бейнесін көрді. Онда Макрон жұдырықтасып, бицепстері тартылып, тамырлары білініп тұр. Кейін дәл осы парақшада президенттің G7 саммитіне дейін Рокки тауларының етегінде жүгіріп жүрген және қайтар жолда ұшақта иығын ұстап, ойға шомған суреттері жарияланды. Барлық фотоларда назар оның бұлшық етті дене бітіміне аударылған.
Анже университетінің профессоры, саясаттанушы Франсуа Урман бұл құбылысты басқаша түсіндірді.
2017 жылдан бері Эммануэль Макрон республика элиталарына тән арық, әлсіз дене бейнесінен бас тартып, керісінше күшті, бұлшық етті дене арқылы үстем еркектік пен биліктің символын қалыптастырғысы келеді, - деді ол.
Бұл үрдіс тек Макронмен шектелмейді. Ұлттық бірлік партиясының жас жетекшісі Жордан Барделла да спортпен айналысудың арқасында «киім өлшемі үлкейгенін» айтып, өз дене бітімімен мақтанады. Бұрынғы президент Николя Саркозидің ұлы Луи Саркози жалаңаш кеудемен бразилиялық жию-житсу жаттығуын жасап жатқан бейнесін Le Figaro сайтында жариялаған. Ал коммунист сенатор Ян Бросса өзінің Fitness Park залындағы жаттығуларын жиі БАҚ өкілдерімен бөлісіп отырады.
Маман пікірінше, мұндай үрдістің артында қоғамның қазіргі белгісіздік жағдайында физикалық күшке сүйену ниеті жатыр. Гренобль-Альпі университетінің профессоры, «Бұлшық ет фабрикасы» (La Fabrique du muscle, L’Échappée, 2022) кітабының авторы Гийом Валле былай дейді:
Бұлшық етке деген қызығушылықтың артында қарапайым түсінік бар — яғни адам қарсыласын оймен емес, күшпен жеңеді деген сенім. Ал француз дәстүрінде, әсіресе Ағарту дәуірінен бері, басты құндылық әрқашан ақыл мен рух болған.
Сарапшылар бұл құбылысты «тердің пасторалы» деп сипаттайды. Яғни саясаткерлердің физикалық еңбегі мен дене шынықтыру арқылы өздерін қарапайым халыққа жақын етіп көрсету тәсілі. Мұндай тәсіл бұрын көбіне авторитар басшылардың тәжірибесіне тән болса, қазір демократиялық мемлекеттерге де ене бастаған.
Франсуа Урманның айтуынша, Эммануэль Макронның бокспен түскен фотосуреті де кездейсоқ уақытта жарияланған жоқ.
Кейбір сарапшылар бұл суретті Владимир Путинге берілген саяси жауап ретінде бағалады, - дейді ол.
Шынында да, сурет Макронның Батыс елдерінің Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін меңзеген мәлімдемесінен кейін шықты. Осыдан соң ресейлік ақпараттық ресурстар президентті қатты сынап, тіпті Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев оны «зоологиялық қорқақ» деп атаған болатын. Бұл айыптаулар Макронның халықаралық сапары алдында айтылған.

