©El.kz/Артем Чурсинов

Саяхатты жоспарлау: ЖИ-ге арналған нақты промттар тізімі

Жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі құралдар сапар немесе саяхат бағытын құрауға, тұратын жер табуға және тіпті саяхатты ерекше ететін идеялар ұсынуға көмектеседі. Бірақ бұл дегеніміз тек ЖИ көмегіне сүйену қажет дегенді білдірмейді, себебі кей жағдайларда ақпарат ескірген болуы мүмкін немесе нақты, уақытқа тәуелді мәліметтерді (мысалы, көлік кестесі, концерттер) дәл көрсете алмауы ықтимал, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бүгін біз сапарды жоспарлау үшін пайдалануға ыңғайлы және нақты промт-үлгілерді назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Жақсы промт жазудың негізгі қағидалары

Маршрутты толық әрі түйінді жоспарлап беру үшін чат-ботқа мына мәліметтерді алдын ала айтыңыз:

  • бағыт пен сапар күндері;
  • тасымал түрі (әуе, пойыз, автокөлік және т.б.);
  • сапарға аттанатындар саны (жеке, жұп, отбасы, достар);
  • қызығушылықтары (табиғат, мәдениет, гастро, экстремал);
  • қонуға арналған талаптар мен локация (орталықта/қаланың шет жағы және т.б.);
  • бюджет;
  • арнайы жағдайлар (баламен, үй жануарына, мүгедектігі бар адаммен саяхат).

Мысал:

«Маған 15-17 сәуір аралығында жас жұпқа арналған Венецияға 3 күндік маршрут керек: негізгі көрнекті орындар, жаяу серуендер, ашық верандасы бар дәмханалар мен бюджетке тиімді нұсқалар».

Пайдалы промттар

1. Сапар уақытын анықтау

«Мен [Ақтауды] толассыз кептеліс пен жаңбырлы ауа райынан қашып кетіп көргім келеді. Қай мезгіл ең қолайлы саналады? 5 күндік бағдарлама және тегін іс-шаралар (фестивальдер) ұсын».

2. Жүктер тізімін жинау

«7-10 мамыр аралығында [Алматыға] белсенді демалысқа барамын. Жүк көлемі шектеулі – 20 келі. Қажетті заттардың толық тізімін – киім, гигиена, құжаттар, техника ескеріп жаса».

3. Бюджетті жоспарлау

«[Ыстамбұлға] 4 күнге барамын, жалпы бюджет – $500. Мені не қызықтырады: мұражайлар, көшедегі тағам, шопинг. Күн сайынғы шығындарға бөліп бюджет жаса және үнемдеуге кеңестер бер».

4. Орналасатын жер іздеу

«Маусымда [Тбилисиге] бір аптаға барамын. Тұруға күніне 25 мың теңге бюджет бөле аламын. Airbnb-де жоғары бағаға ие, ыңғайлы орналасқан пәтерлер тізімін ұсын».

5. Қысқа тілдік база

«[Жапония] үшін туристке қажет 10 пайдалы сөз/сөйлем дайында: амандасу, рахмет, қайда, дәріхана, көмек керек және т.б.»

Маршрут пен экскурсиялар: нақты мысалдар

Белсенді демалыс (табиғат)

«[Черногория]-ға 10 күн. Бастапқы нүкте – [Будва]. Жолда табиғат орындарын барынша қамтитын, экстремалды элементтері бар маршрут жаса. Көлік түрі – жалға алынатын автокөлік».

Мәдени бағдарланған маршрут

«[Өзбекстан] арқылы 6 күндік маршрут: әр күнге нысандар, жұмыс уақыты, ұсынылатын уақыт пен қозғалыс тәсілдері (автобус, пойыз, такси). Туристер көп болатын уақыттан аулақ бол».

Оңтайландыру (арада әр қала)

«13-27 қарашада [Таиландқа]: Пхукеттен бастаймын, соңын Бангкокпен аяқтаймын. Барлық үлкен жағажайлар мен Бангкоктің көрікті жерлерін қолжетімді маршрутпен салыстырмалы түрде жоспарла».

Қосымша нұсқалар

«[Белград]-тың туристік емес, жергілікті тұрғындар ғана білетін орындарын көрсетіп, 1-2 күндік маршрут ұсын».

Ас мәзірі мен шопинг үшін промттар

Мейрамхана гиді

«[Шымкентте] 2 күн боламын, жергілікті тағамдардың дәмін татқым келеді. Бюджеттік опциялар: орталықтағы топ-3 мейрамхана және жекелеген тағамдардың сипаттамасы».

Көшедегі тағам

«[Марокко]-да міндетті түрде дәм тату керек көше тағамдарының тізімін жаса. Жергілікті тұрғындардың кеңестерін ескере отырып қай жерде тамақтанған дұрыс екенін қос».

Шопинг-бағдар

«[Буэнос-Айресте] 1 күн шопинг: үй заттары мен жергілікті өнімдер сатылатын базарлар мен сауда орталықтары. 6 сағат ішінде бәрін жаяу жүріп өте алатындай маршрут жаса».

Жеке гид ретінде промт (толық мысал)

«Өзіңді туристік сарапшымын деп есепте. Біз 25 маусымда Астанадан Ыстамбұл арқылы Прагаға ұшып барамыз. Алдымен Праганы көріп, жергілікті тағамдардың дәмін татып, негізгі көрнекті жерлерді аралаймыз. Әуежайдан қонақүйге дейін және қала ішінде қозғалыс кеңесіне, валютаны қайда айырбастауға болатынына, алаяқтардан қалай сақтануға болатынына қатысты кеңес бер. Біз жаяу серуендегенді және қоғамдық көлікті жақсы көреміз».

Тағы бір нақтыланған промт:

«Сен Копенгаген мен Норвегияны керемет білесің. Біз 23 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында жолға шығамыз. 3 күн Копенгагенде болып, жергілікті тағамдардан дәм татып, танымал жерлерін аралап, сонан соң Ослоға барамыз. Жас жұппыз, бюджетіміз – 2 мың доллар, табиғаттың сұлулығын көргіміз келеді, бірақ жаппай туризмді ұнатпаймыз және туристер арасында танымал орындарға барғымыз келмейді. Сондықтан бізге ыңғайлы маршрут ұсынып, хостел/кэмпинг секілді түнейтін жерлер, үнемді тамақтану орындары және жанармай бекеттерінің тізімін жасап берші».

ЖИ ақпаратын тексеріп алған жөн (неліктен және қандай қателіктер болуы мүмкін)

Сарапшылар былай деп ескертеді: ЖИ көбіне тұрақты, өзгермейтін мәліметтерге жақсы. Бірақ:

Көлік кестелері, билет бағалары, жергілікті іс-шаралар мен концерттер жиі өзгеріп отырады, сондықтан ЖИ бұл мәліметтерді жаңарта алмауы мүмкін.

ЖИ-дің дереккөздері ескірген болуы ықтимал: ол музей секілді мекемелер мен ғимараттардың жұмыс уақытын дұрыс көрсете алмауы мүмкін.

Тестілеу нәтижелері бойынша ChatGPT-ден 100 қысқа маршрут сұралғанда, ол 90% жағдайда логикаға сай келмейтін бағыттар мен «жабық» нысандар тізімін ұсынған.

Ұсыныс: ЖИ- берген жоспарлары мен уақыттарын міндетті түрде ресми сайттардан, жергілікті көлік операторлары мен билеттер сатылатын платформалардан тексеріп алыңыз.

Қорытынды: ЖИ-ді қалай тиімді қолдану керек

Тапсырманы нақты әрі түсінікті етіп беріңіз. Себебі ол – нәтиженің кілті.

ЖИ-ден жоспар сұраңыз, бірақ оның мәліметтерін ресми дереккөзден тексеріңіз (кестелер, билеттер, жұмыс уақыты).

Сұрауларыңызды (промттарыңызды) нақты және қысқа етіп жасаңыз. Мысалы: «3 күн, жануармен, бюджет X, ашық аспан астындағы мейрамханалар».

Жеке ерекшеліктеріңізді жеткізіңіз. Саяхат стиліңізді, физикалық мүмкіндіктеріңізді және шектеулеріңізді айтыңыз.

Жергілікті нюанстар мен қауіпсіздік туралы сұраңыз. Жергілікті әдет-ғұрып, тыйымдар, алаяқтық қаупі сияқты маңызды мәліметтерді біліңіз.

ЖИ – сапарды тез жоспарлауға және жаңа идеялар алуға тамаша құрал. Бірақ нақты, уақытқа тәуелді мәліметтер талап етілгенде, ресми дереккөздермен сәйкестігін тексеріп пайдаланыңыз.