Саябақ астындағы зауыт: Гуанчжоудың су тазарту құпиясын білесіз бе?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі – Гуанчжоудың көшелерімен серуендегенде жасыл саябақтар мен зәулім ғимараттарды бірден байқайсыз. Алайда осы әсем көріністің астында тәулігіне миллиондаған тонна кәріз суын тазартып тұрған алып зауыт жасырынғанын екінің бірі біле бермейді. El.kz тілшісі көпшілікке құпия саналатын жер асты кешенінің жұмысымен танысып қайтты.
Судың маңызы сөзсіз, бірақ біз көбіне оның қалай қайтадан тазарып, табиғатқа қандай күйде оралатынын ойлай бермейміз. Ал күн сайын тұрмыста да, өндірісте де жиналатын лас суды өңдеу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Сарапшылар мұндай процестің пайдасы тек экологиямен шектелмейтінін айтады. Суды өңдеу энергияны үнемдеуге, зиянды шығарындыларды азайтуға және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға тікелей ықпал етеді. Осы бағытта Гуанчжоу қаласы жаңа технологияларды енгізіп, су тазарту ісінде өзгелерге үлгі болып отыр.
Жер астындағы жасырын әлем
Қытайдың оңтүстігіндегі алып мегаполис – Гуанчжоу тұрғындары күнделікті серуендеп жүрген саябақтар мен көшелердің астында ауқымды инженерлік кешендер жұмыс істеп тұрғанын біле бермейді. Бұл – жердің тереңінде орналасқан кәріз суын тазарту зауыттары. Мұндай шешім қаланың сәулеттік келбетін сақтап қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді.
Guangzhou Water Investment Group Қытайда алғашқылардың бірі болып осындай жер асты зауытын іске қосқан. Жобаның мақсаты – мегаполистің ең өзекті мәселелерінің бірі саналатын лас суды тиімді тазарту және табиғи тепе-теңдікті сақтау. Бүгінде қала орталығында тоғызға жуық нысан жұмыс істеп тұр. Соның арқасында Гуанчжоудың тәуліктік кәріз суын тазарту қуаты 7,87 миллион тоннаға жеткен.
Бұл зауыттардың басты артықшылығы – жерді үнемдеу, жағымсыз иіс пен қалдық шығармау, сондай-ақ заманауи экологиялық технологияларды пайдалану. Интеллектуалды басқару жүйесінің көмегімен олар тәулік бойы үздіксіз әрі тиімді жұмыс істейді.
Мамандар бұл тәжірибені «Гуанчжоу үлгісі» деп атап отыр. Жер астындағы кешендер қуаттылығы мен технологиялық шешімдері жағынан елде теңдесі жоқ. Тағы бір ерекшелігі – мұндай нысандар тек экология тұрғысынан ғана емес, архитектуралық әсемдігімен де көзге түсіп, табиғат пен қаланың үйлесімін паш етеді.
Су сапасы тәулік бойы қатаң бақыланады
Қаладағы су компаниясы үш деңгейлі бақылау жүйесін енгізіп, тәулік бойы, 24 сағат онлайн қадағалауды қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта алты ауданға қарасты 42 станция жұмыс істейді. Су сапасын күн сайын 56 маман бақылап, 100-ден астам сарапшы зертханалық талдау жүргізеді. Компания деректерді онлайн мониторинг жүйесі арқылы орталықтан басқарып, арнайы «ақылды басқару платформасын» енгізген. Соның нәтижесінде қалдық суды тазарту тиімділігі 50 пайыздан асып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті.
Экологиялық шаралардың арқасында жыл сайын шамамен 4 млн юань үнемделіп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе қала тұрғындарына сапалы су жеткізумен қатар, экологиялық ахуалды жақсартуға да ықпал етуде.
Гуанчжоудың экологиялық музейі
Гуанчжоудың жаңа орталық осінің оңтүстігінде орналасқан Lijiao кешені – кәдімгі өндірістік нысаннан әлдеқайда өзгеше. Бұл жер Қытайдағы сарқынды су жүйесінің өткенін де, бүгінін де көрсететін ерекше орталық. Сол себепті көпшілік оны елдің су тазарту саласындағы «музей» деп атап жүр. Мұнда Industry 2.0 кезеңінен басталып, Industry 4.0 деңгейіне дейінгі дамудың ізі анық байқалады.
Аумағы 29 гектарды құрайтын зауыт тәулігіне 750 мың тоннаға дейін лас суды тазартып, шамамен 2 миллион тұрғынды қамтып отыр. Ол 115,5 шаршы шақырым аумаққа қызмет көрсетеді.
Lijiao бірнеше кезеңмен салынған. Алғашқы екі кезеңі 2004 және 2010 жылдары іске қосылып, дәстүрлі жер үсті зауыттары ретінде жұмыс істеген. Ал 2020 жылы үшінші кезең аяқталды. Бұл жаңа жоба жер астына салынған экологиялық кәріз тазарту нысандарының алдыңғы қатарлы үлгісіне айналып, бүгінде Гуанчжоудың жасыл даму бағытын айқындайтын басты «визит картасы» болып отыр.
Кәріз суын тазартатын зауыттың үшінші кезеңіне кіргенде, кәдімгі өндірістік кешенге емес, саябаққа келгендей әсер аласыз. Таза ауа, құстардың сайраған үні, гүлдердің хош иісі мен қытайлық стильдегі сәулет көз тартады. Бірақ дәл осы көріністің астында, 17 метр тереңдікте, заманауи сарқынды су тазарту жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Жаңа инженерлік шешімдердің арқасында зауыт дәстүрлі нысандарға қарағанда жерді 30–50 пайызға үнемдейді. Барлық процесс жабық жүйеде өтеді: лас су сыртқа шықпайды, ал кешен тәулігіне 35 тоннаға дейін қалдықты залалсыздандыра алады.
Иіс арнайы жүйемен жиналып, тазартылған соң жоғары нүктеден шығарылады, ал дыбыс деңгейі қалыпты нормадан төмен. Зауыт аумағының жартысынан астамы жасыл желекпен көмкерілген. Линнань бағының үлгісінде безендірілген аулада сарқырама бейнесінде жасалған су шығару жүйесі, табиғи тастар мен гүл қоршаулары бар. «Сорғыш қала» концепциясы бойынша жаңбыр бақтары мен құрғақ арналар салынған.
Осының бәрі Lijiao-ны тек технологиялық нысан ғана емес, экологиялық саябаққа айналдырды. Ол көршілес Хайчжоу батпағымен үйлесім тауып, бүгінде Гуанчжоудың «жасыл өкпесі» аталып отыр.
Guangzhou Water Investment Group-қа қарасты Guangzhou Sewage Purification компаниясы әртүрлі су сапасы мен жергілікті жағдайларды ескере отырып, озық әрі тиімді тазарту технологияларын қолданады.
Биохимиялық тазарту кезеңінде жетілдірілген A2/O әдісі пайдаланылады. Оның ерекшелігі – көп нүктеден су қабылдап, ішкі және сыртқы ағынды бірнеше рет қайта айналдыру арқылы тазарту тиімділігін арттыру. Ал терең тазарту сатысында заманауи мембраналық биореактор (MBR) және дәстүрлі құм сүзгіш әдістері қолданылады. Бұл тәсілдер судан азот пен фосфорды және басқа да зиянды қоспаларды тиімді кетіруге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде тазартылған судың сапасы Қытайдағы ең жоғарғы – А деңгейінен де жоғары болып, беткі су үшін белгіленген V санаттағы стандарттан асып түседі. Мұндай жоғары сапалы қайта өңделген су зауыт ішінде өндірістік қажеттіліктерге және көріктендіру жұмыстарына – мысалы, көгалдарға суару үшін қолданылып отыр.
Смартфоннан басқарылатын зауыт
Зауыт қызметкерлері өндірістің барлық кезеңін онлайн жүйе арқылы қадағалай алады. Яғни, зауытты бір орталықтан немесе тіпті смартфоннан басқаруға мүмкіндік бар.
Көміртек шығарындыларының деңгейі, су сапасының көрсеткіштері, ауа жіберу жүйесі, химиялық заттардың нақты мөлшерде қосылуы – бәрі автоматтандырылған. Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен зауыт аумағындағы күзет жүйелері де толық цифрлық бақылауда.
Осындай интеллектуалды шешімдердің арқасында суды тазарту жұмыстары әлдеқайда тиімді әрі жылдам атқарылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл тәжірибе алдағы уақытта Қытайдағы ғана емес, бүкіл әлемдегі экологиялық нысандарға үлгі бола алады.
Гуанчжоудағы жер асты кәріз тазарту зауыттарының ерекшелігі – жер бетін тиімді пайдалану. Мұндай аумақтар бүгінде батпақты саябақтарға, ашық спорт алаңдарына, спорттық кешендерге, өнеркәсіптік парк аймақтарына және басқа да қоғамдық нысандарға айналған.
Lijiao кәріз тазарту зауыты да осы тәжірибеден тыс қалған жоқ. Оның аумағында Guangzhou Water Investment Group-тың инновациялық орталығы орналасқан. Бұл орталық алдағы уақытта Су және экология саласындағы жаңа технологияларды дамытуға арналған инкубатор қызметін атқарады. Сондай-ақ ол Гуандун–Гонконг–Макао шығанағы аймағындағы озық өндірістік тізбектер мен заманауи кластерлердің дамуына жол ашпақ.
Гуанчжоудың жер асты экологиялық кәріз тазарту зауыты қоршаған ортаны қорғау нысанын жаңа қырынан көрсетті. Дәстүрлі инженерлік кешендер енді жасыл бақтарға, қалалық сәнді ландшафтарға және экологиялық ағартудың заманауи алаңына айналып отыр. Бұл – су инфрақұрылымын дамытудың мүлде жаңа моделі. Ол қоршаған ортаны қорғау қызметін ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарына арналған демалыс орындары мен табиғи көріністерді де біріктірді.
Осы тәжірибе саланың дамуына жаңа мүмкіндік беріп, Гуанчжоудың жоғары сапалы жасыл дамуына серпін қосты.
Алдағы уақытта Guangzhou Water Investment Group экологиялық өркениет тұжырымдамасына сүйене отырып, көміртек шығынын азайту, бейтараптыққа қол жеткізу және жасыл, төмен көміртекті жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Компания жергілікті тұрғындарға таза су мен жасыл табиғат сыйлап қана қоймай, оны өз даму стратегиясының да ажырамас бөлігіне айналдыруды көздеп отыр.

