© Pixabay/aiCanvas

Саусақтардың ұзындығы адам миының көлеміне тікелей әсер етеді – ғалымдар

Адам баласы әдетте бірегей биологиялық құбылыс деп сипатталады. Ғалымдардың айтуынша, оның эволюциялық дамуы негізінен екі басты артықшылыққа байланысты: мидың көлемі және қолдың ерекше икемділігі. Дәл осы «тандем» адамзатқа күрделі еңбек құралдарын ойлап табуға, мәдениетті дамытуға және қоршаған ортаға бейімделуге жол ашты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдардың басым бөлігі эволюция барысында интеллект пен қимыл-қозғалыс қабілеті қатар дамып, бір-бірін өзара жетілдіріп отырғанын айтады. Заттарды неғұрлым шебер пайдалану қажеттілігі мидың жоспарлау, ойлау және әлеуметтік өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін кеңейтсе, ми көлемінің ұлғаюы қолдың дәл әрі күрделі қозғалыстарын дамытуға жағдай жасаған.

Алайда бұл тұжырым ұзақ уақыт бойы тек болжам күйінде қалып келді. Археологиялық және палеонтологиялық деректер ми мен қол икемділігінің қатар дамығанын көрсеткенімен, қайсысы себеп, қайсысы салдар екенін нақты дәлелдей алмады.

Жақында Communications Biology сайтында жарияланған зерттеу бұл ғылыми жұмбаққа айқын жауап берді. Ғалымдар заманауи эволюциялық талдау мен статистикалық модельдеу әдістерін қолдана отырып, тірі және жойылып кеткен 94 примат түрін зерттеген. Соның нәтижесінде қол құрылымы мен ми көлемі арасындағы байланыс бары анықталды.

Артем Чурсинов

Зерттеу көрсеткендей, бас бармағы ұзын приматтардың миы үлкен болады екен. Бұл заңдылық лемурлардан бастап адамдарға дейін барлық приматтарға тән. Яғни қол икемділігі мен ми дамуының өзара байланысы тек Homo sapiens-ке ғана тән құбылыс емес.

Зерттеудің жетекші авторы, Рединг университетінің ғалымы Джоанна Бейкердің айтуынша, жаңа қимыл дағдылары пайда болған сайын мидың «есептеу қуаты» да артқан. Бұл байланыс миллиондаған жыл бойы эволюция барысында қалыптасқан.

Ғалымдар әсіресе неокортекс пен мишыққа ерекше назар аударған. Көру-қимыл үйлесіміне жауап беретін осы ми бөлімдерін салыстыру нәтижесі бас бармақтың ұзындығы мен неокортекстің көлемі артқан сайын қолдың ептілігі де жоғарылай түсетінін көрсетті. Ал мишықта мұндай айқын тәуелділік байқалмаған.

Қорытындысында зерттеу қолдың дәл қимылын қамтамасыз ететін моторика мен мидың маманданған аймақтарының дамуы тығыз байланысты екенін дәлелдеді. Қарапайым тілмен айтқанда, приматтар эволюциясында ми мен қол – бірін-бірі жетілдіріп отырған біртұтас жүйе.