Жаңалықтар

Сәуле Жанпейісованың балалық шағы

Дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы Сәуле Жанпейісованың балалық шағына саяхат. 
Сәуле Жанпейісованың балалық шағы
27.03.2017 16:04 6521

Балғын шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы, ұшқырлығы бар.

Ғабит Мүсірепов

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды. 

Бүгін дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші Сәуле Жанпейісованың балалық шағына саяхат жасаймыз. Әншінің балалық шағы –  үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

Туған жеріңіз қай өңір?

─ Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма аулында дүниеге келдім.

Балалықтың алғашқы белгілері жадыңызда неше жастан бастап сақтала бастады?

─ Менің адам болып есімді біле бастағаным екі жастан енді асқан кезім. Әлі есімде, анамның қатты аурғыштап жүрген кезі болса керек, бір күні ауруханадан үйге келді. Біз үйде төрт бала едік. Алдымда екі әпекем және кішкентай інім бар. Анамыз өзі сырқаттанып жүрсе де бізге базарлық әкеліпті. Соның ішінде пісте де бар екен. Анық есімде қалғаны сол пістелерді енді шығып келе жатқан екі маңдай тісіммен шайнап шаққан кезім...

Күні бүгінге дейін көз алдымда қалғаны — шешеміздің өмірден өмірден озған сәті. Салт бойынша ауылда қайтыс болған адамды киіз үй тігіп бір күн ерулеп барып жерлейтін. Мен сол мәйіт жатқан киіз үйден айланып кетпей қойдым. Үлкендер сүйекті көтеріп жерлеуге алып бара жатқанда, соңдарынан «тәтемді қайда апарасыңдар?» - деп, бақырып жылағаным есімде. Анамызды «тәте» дейтін едік. Жиылған әйелдердің біразы мені аяп, көз жастарына ерік берді. Сол кезде нағашы апам баурына басып «тәтең келеді, құлыным» - деп кемсеңдеді. Сонда да қоймай, жерлеуден жылап қайтқан әкемнің алдынан жүгіріп шығып, «тәтемді қайда апарып тастадың, әке-ау?» - деп көз жасым бұлаудай болып тұрдым. Әкем де нағашы апамның жауабын қайталады...

Қарап отырсаң, қазіргі үш-төріт жастағы балалардың өзі есінің бар жоғы белгісіз. Ал менің сол кезден бастап есім кірді. Ерте есейгенім содан да шығар... 

─ Қыз бала көбіне анасының ақылымен жүреді. Сіз тәтеңізден жастайыңыздан айырлыпсыз, одан кейін кімнің тәрбиесінде болдыңыз?

─ Зейнеп деген әжеміз тәрбиелеп өсірді. Ол кісі ақылы мен ашуы қатар жүретін өте адуынды еді жарықтық. Біз төрт бала сол кісінің қолына қарадық. Әжем інімізді ұл бала деп еркелтіп, еркіне жіберіп өсірді де, үш қызды  үй шарауасына күңіндей жұмсады. «Қызға қырық үйден тиым» дейтін қағиданы мықтап ұстанып, бізді қия бастырмады. Ол кездер ауылдың негізгі тіршілігі мал болғандықтан жұмыстың ауқымдысы да сол малдың айналасында болатын. Біздің үйдің шараусы ер әйелдің жұмысы деп бөлінген емес, әжеміз қайда жұмсаса сонда кете беруші едік. Үй тазалаудан бастап қой жаю, шалғы мен шөп ору, көгеніс егу қайсыбірін айтайын, қысқасы біз еңбекпен өстік. Қой мен ешкіні көгендеп қойып талай сауғаным есімде. Осы күнгі қаланың қыздарын қайдам, ауылдың қыздарының өзі біз істеген тірлікті істеп көрген емес.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Мектеп табалдырғын қалай аттадыңыз? Алғаш сабақ берген ұстаздарды атасаңыз?

─ Әлі көз алдымда, мектепке барғаныма қуаншым қойныма симай мәз болдым. Бара сала ең алдыңғы қатардағы бірінші партаға жайғастым. Несібелі деген орта жастағы апай алғаш сабақ берді. Өте салиқалы, мейірбан жүзді кісі болатын. Ешқашанда алдындағы шәкіртіне дауыс көтеріп ұрысқан емес. Киген киімінің реттілігімен, жазуының маржандай әдемелігі күні бүгінге дейін санамда сайрап тұр. Одан кейін екінші сыныпқа келгенде Алтынгүл деген жас  мұғалім оқытты. Ол да ибалы, мінезі жібектей әдемі  еді. Барлық оқушыларды өз бауырындай тең көретін. Бізде ол апайды ерекше жақсы көретінбіз. Ол уақытта біз жақта қыз алып қашу деген болды. Жақсы қыз көрсе болды, жігіттер танысын-танымасын, қыздың қарсылғына қаратпай алып кетіп үйленіп алатын. Жігітті танымаса да, қыз сол үйде қалып қоятын. Бір қызығы ажырасу деген мүлдем болмайтын. Алтынгүл мұғалімге де көз тігіп жүрген боз балалар көп еді. Содан алаңдады ма, көп ұзамай өз ауылына қайтып кетті.

─ Оқу үлгеріміңіз қалай еді? Мектепте бастан кешкен қызықтарыңызды айтып беріңізші?

─ Әрине мен сабақты өте жақсы оқыдым, алғыр болдым. Төртінші сынып оқып жүрген кезіміз. Өзімізше етек жеңімізді түзеп, «есейдік» деп жүрміз. Сыныпта он екі қыз, он үш ұл, жалпы жиырма бес оқушы болды. Бір күні ұлдардың ойына қай сайтан салғанын қайдам (күлді), қыздармен қол беріп амандасамыз дегенді шығарды. Оған қыздар қарсы болдық. Біз көнбеген соң ұлдар мұғалімге: «Апай біз қыздармен қол беріп амандасайық десек, қыздар қосылмады. Сіз айтыңызшы?» - деп, хат жазыпты. Апайымыз: «қыздар, онда тұрған түкте жоқ, қол беріп амандаса беріңдер» - деп кері хат жолдаған екен. Біз оны үлкен шаруа көріп жүрміз. (күлді). Жақсы көретін апайымыз әлгіндей сәлем айтқан соң, біз қарсы болмадық. Тәңертең сабаққа келе сала ұлдармен тізіліп тұрып алақанымызды тиістіріп сәлемдесіп жүрдік. Бір күні күндегіше қол беріп амандасып жатқан едік, Талғат деген бала «о, мадам» деп менің қолымнан сүйіп алды. Мен не істерімді білмей жылап жібердім. Cүйтіп тұрғанда келесі сабақ басталып кетті. Әдебиет пәні болатын. Ол пәннен менің әкем беретін. Әкем кіріп келді. Оқушылардың бәрі тұрып амандасып жатыр. Мен болсам жылап отырмын. Әкем отыруға рұқсат берді де, «не болды, Сәулеге кім тиді?» - деді. Сыныптың іші жым-жырт, сынып старостасын тұрғызды. Староста қыз сасқанынан: «ағай, Мақұлбеков Талғат Сәуленің қолынан сүйіп алды» - деді. (Күлді) Ол кезде бұзықтық жасаған балаларды екі қолы мен бір аяғын көтертіп, бұрышқа теріс қаратып тұрғызып қоятын. Әкем Талғатқа қандай жаза қолданғаны есімде жоқ... Ескерту жасаған болу керек. Содан қайтып ұлдарға қол бермей кеттік.

─ Оқушы кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

─ Екінші сыныптан бастап ән айта бастадым. Әлі есімде, жаңа жыл кеші болатын залдың іші ине шаншар жер жоқ, лық толы көрермен. Мен алғаш рет «Ұшып барамын» деген әнді айттым. Жұрт қошеметтеп «тағы бір ән, тағы бір ән» деп қолқа салған соң, «Алматым жүрегімде» деген әнді айттым. Халық және шулады, сол ортада отырған әкем мен әжемді «мына қыздарыңыз болайын деп тұр екен!» - деп, құттықтап жатты. Содан бастап ауылдың үлкен-кіші шараларынан қалмай ән шырқап ауылдың гүліне айналдым. Сүйтіп жүрген күндердің бірінде әкем әдебиет сабағында бізге «Кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Мен «әнші боламын» деп жазған шығармама әкем бес қойды...

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ Өзіңіз ауылдың гүлі болыпсыз, әрі сабақты да жақсы оқыған екенсіз, шыныңызды айтыңызшы, мектепте ұлдардан хаттар жиі келетін бе еді?

─ Әрине келді. (күлді) Ол кезде балалық сезім ғой. Есімде, тоғызыншы сынып оқып жүрген кезіміз, бұрынғыға қарағанда есейіп қалғандаймыз. Бойымызды түзеп, кәдімгідей бойжеткен атандық. Ұлдар да өздерін дәу жігіттердей сезініп қыздармен кездесе бастады. Бір күні Жайылманың оныншы сыныпта оқитын баласы маған сезімін білдірді. (Күлді). Ол кезде біз Маятастан Жайылмаға қатынап оқимыз. Екі ауылдың арасы әжептәуір жер. Ана ұл маған жүрейік деп жабысып жүргенен кейін, «жүріп көрсем қайтеді» деген ой келді. Оның үстіне маңайымдағы қыздардың барлығы ұлдармен кездесе бастады. Мен де мақұл көрдім. Екі күн өтпей жатып әлгі ұл «кешке үйіңнің маңына келемін. Кездесейік!» - деп, айтты да, менің қарсы болғаныма қарамастан кетіп қалды.  Содан кешке дейін жүрегім атша тулап қорқып жүрдім. Жігітпен оңаша кездесіп кім көрген дейсің? Күн ұясына батқан шақта, сырттан ысқырған адамның даусы естілді. Үйде шелекте су бар жоғына қарамай қолыма іле салып тысқа шықтым. Әлгі бала келіп тұр. Мен оған «айттым ғой келме деп! Әкем көрсе..» - дей бергенім сол еді, бір кезде «әй жігіт мұнда кел!» деген дауыс естілді. Жалт бұрылып қарасақ, ауылдың жиырмашақты баласы жилып тұр екен. Өзі бір жүректі бала болса керек, менің «барма, олар өлтіреді!» деген сөзіме қарамай «қазір келем» деді де, жиырма балаға бір өзі кетті. Ауыл балалары оны ескі тамның артына қарай алып кетті. Мен үйге кіріп кеттім. Ертесі біздің үйдің тауықтары жоғалып кетті. Әкем «тауық ұрланды» деп милиция шақырды. Милицялар күманды адамды іздестіре бастағанда, біздің балалар «кеше Жайылманың бір баласы жүрген...» деп көрсетіп жібреген екен.Сонымен милициялар тауып алып, мектеп директорына айтқан. Директор дереу әлгі баланы шақыртты. Сөйтсек ол өзінің жиені болып шықты. Директор ашуланып:

─ Жаның барында айт, ол ауылға неге бардың? – деп, шүйлігеді ғой. Ана балада үн жоқ.

─ Стаханшыл ағайдың тауықтары ұрланыпты. Сен бе, ұрлаған?

─ Жоқ...

─ Онда неге бардың? Айт! – деп, құлағын бұрағанда әлгі ұл жыламсырап:

─ Сәулеге бардым, - депті. Мұндай жауап күтпеген мектеп директоры «мырс» етіп күліп жіберіп, «әй, азамат, бара ғой!» - деп, жібере салыпты.

Осылайша менің алғашқы махаббатым «тауық ұрлану» оқиғасымен аяқталды. (Күлді).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға