Жаңалықтар

Сауд Арабиясымен бірлессек біздің экономикамыз қазіргіден 10 есе дамиды – Талғат Қалиев

Саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстан мен Сауд Арабиясының инвестициялық келісіміне қатысты пікір білдірді
Сауд Арабиясымен бірлессек біздің экономикамыз қазіргіден 10 есе дамиды – Талғат Қалиев
Фото: ult.kz 25.07.2022 11:03 2788

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев Қазақстан мен Сауд Арабиясының инвестициялық келісіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz

Оның айтуынша, Қазақстан мен Сауд Арабиясы инвестициялық байланыс орнатса, біздің елімізде кәсіпкерлік және серіктестік қызметтегі қарым-қатынаспен қатар экономикалық серпіліс жанданады.

«Таяу шығыс елдері аграрлық секторда өте дамыған елдердің қатарында. Бұл елдерде климатқа, орналасқан жеріне байланысты ылғалды үнемдеу технологиялары пайда болған. Ал, мұндай технологиялар бізге де керек. Біздің елімізде аграрлық секторды дамыту керек. Сауд Арабиясы Қазақстанға кезінде агро секторды дамытатын инвестиция әкелетін ойлары болды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен байланыса отырып, өндірістік секторды дамытуды қолға алу туралы келіссөз жүргізді. Араб елдерімен келіссөз жүргізу біздің еліміз үшін үлкен бастама. Кезінде Араб елдерінің потенциалына мән бермедік. Олардың технологиялары мен инвестициясын аса бағаламадық», - деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Енді олармен бірге серіктес болуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында инвестициялық байланыс орнаса келешекте біздің елімізде көптеген зауыттар, өндіретін компаниялар және бірнеше мың жұмыс орны ашылады. Сауд Арабиясымен бірлессек біздің экономикамыз қазіргіден 10 есе дамиды. Өйткені, біз тек қана шикізат өнімдерін сатпаймыз, терең өңдеу өнімдерін экспортқа шығарамыз», - деді саясаттанушы Талғат Қалиев.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға