WWE

Сауд Арабиясы әлемдегі басты рестлинг-шоуды өткізу үшін 250 млн доллар төледі

WWE тарихындағы басты жыл сайынғы премиум-шоу – WrestleMania алғаш рет Солтүстік Америкадан тыс жерде ұйымдастырылмақ. 2027 жылы бұл дүбірлі дода Сауд Арабиясында өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Екі күнге созылатын шоуды ұйымдастырушылардың бірі – Турки әл-Шейх. Журналист Ник ЛоПикколоның дерегінше, бұл іс-шара Сауд Арабиясында өткені үшін WWE 250 миллион доллар табыс табады.

WWE және GEA турнирді жыл сайынғы мәдени-спорттық фестиваль Riyadh Season аясында өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін бұл фестиваль Эр-Риядқа әлемдік деңгейдегі ММА және бокс жекпе-жектерін тартқан болатын.

Белгілі журналист Дэйв Мельтцердің айтуынша, Сауд Арабиясы билігі WrestleMania 43-ті «тарихтағы ең жұлдызды шоуға» айналдыруды көздеп отыр. Осы мақсатта WWE аңыздарын қайта шақыру жоспарда бар: Дуэйн «Скала» Джонсон, Стив Остин, «Гробовщик» және Шон Майклз.

Алғашында WrestleMania-ны 2028 жылы өткізу ұсынылғанымен, Сауд Арабиясы елдің 300 жылдық мерейтойына орай турнирді 2027 жылы ұйымдастыруды талап еткен. Жанкүйерлер күтіп жүрген басты жаңалықтардың бірі – Дуэйн Джонсонның қатысуы. Жергілікті ұйымдастырушылар тамыз айында оның Коди Роудс немесе Роман Рейнспен жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін алға тартқан. «Скаланың» сыйақысы индустрия тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болуы мүмкін.

Эр-Рияд АҚШ-тан тыс WrestleMania қабылдайтын екінші қала болмақ. Бұған дейін бұл шоу Канададағы Торонто қаласында 1990 және 2002 жылдары өткен. King Fahd Sports City Stadium (қазіргі уақытта қайта жөнделіп жатқан) басты аренаға айналуы ықтимал. Жоспар бойынша стадион құрылысы 2026 жылы аяқталады. Реконструкциядан кейін арена 70 200 көрерменді қабылдай алады, әрі қосымша кеңейту мүмкіндігі де бар.

Айта кетейік, WrestleMania-ның Солтүстік Америкадан тыс өткізілуі WWE жанкүйерлері арасында түрлі пікірталас туғызып отыр.