Жаңалықтар

Сатыбалды ескерту жасады

Бұл – жауапсыздық. Әр нысанның артында халықтың тұрғанын ұмытпаңыздар.
Сатыбалды ескерту жасады
Фото: дереккөз 04.10.2022 09:02 1844

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс мерзімінен кешіккен нысандарды жаппай тексеріп, жауапсыз мердігерлерді қатаң сынға алды, деп хабарлайды EL.KZ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, әлемдік озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт пен «Қылует» рухани орталығының құрылысын аралады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапсыз мердігерлерге қатаң ескерту жасады. Өңірдегі құрылыс мерзімінен кешіккен нысандарды жаппай тексерген облыс басшысы міндеттемелерге құлықсыздық танытқандарды тиісті органдардың құзыретіне тапсыруды жүктеді. Ал мердігерлер кездескен кей кедергілерді еңсере алмағанын алға тартты. Құрылыс материалдарының қымбаттап, шекарада шектеулер болғанын айтты. Алайда аймақ басшысы істі созып жіберген кәсіпкерлерге жауапкершілік таныту қажет екенін жеткізді.

Сіздерді мәжбүрлеген ешкім жоқ. Мерзімнен кешігіп, сылбырлыққа салынып жүргендерге ескерту берілген. Ертеңін ойламай, бірнеше нысанды мойнына алып, жөнімен бітіре алмай отырғандарға кешірім болмайды. Маған сылтау айтудың қажеті жоқ. Бұл – жауапсыздық. Әр нысанның артында халықтың тұрғанын ұмытпаңыздар. Талапқа бағынбайтындардың жырын созбай, құзырлы органдардың құзыретіне тапсырыңыздар - деді әкім.

Облыс басшысы Түркістандағы құрылыс алаңдарын аралап, игерілген қаржы мен атқарылған жұмыстың айырмашылығын есептеуді міндеттеді. Жалпы қазіргі таңда облыс орталығының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Керуен сарай» тұрғын үй кешенінің құрылысына 500 адам жұмылдырылған. 4,5 га жерде орналасқан заманауи баспаналар кешені жыл соңында пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Сонымен қатар Түркістан қаласында әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтерді. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 мың шаршы метр. Бүгінде мешіт құрылысының монолит құю жұмыстары толық аяқталып, қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәулеті ерекше мешіттің ішкі және сыртқы безендірілуі шығыс нақышында жүргізілген. Жоба жан-жақты зерделеніп, әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Тіпті, іргесінің берік болуы үшін арнайы технология әзірленген.

Ал  күнгей өңірде салынып жатқан «Қылует» рухани орталығы кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынып жатыр. Дархан Сатыбалды игі бастаманың маңыздылығына тоқталып, сәулеті мен маңызы ерекше нысанның облыстың руханиятына оң серпін беретінін айтты. 0,86 гектар аумақта орналасқан рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр.

Ал жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Қарилар мен болашақ дін ғұламаларын даярлайтын медресе де 2022 жылы тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға