Жаңалықтар

Саттар Ерубаевтың еңбек жолы мен өнегелі өмірі

Саттар Ерубаев кім?
Саттар Ерубаевтың еңбек жолы мен өнегелі өмірі
09.04.2017 12:30 10709

Көп мәліметтерде Саттар Ерубаевтың 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты «Арыс» совхозындағы Ұзынқұдық» жайлауында туғаны айтылған.

Саттар дүниеге келген кезде Саттардың әкесіне жақын ағайыны Тебейдің үйіндегі Тәлімі дейтін шешеміз «Бапаны келін қып түсіргеннен кейін Асқармен жаз жайлауымыз да, қыс қыстауымыз да бірге болатын. Саттар күзем алып болғаннан кейін Ұзынқұдықта туды. Ал менің Әмзем одан екі ай кейін тоқсанның басында туды», – деген. (Саттар Ерубаев. Мәңгілік өмір. Алматы, «Жазушы». 1994, 448-бет) Біздің қолымызға 100 жылдан кейін қолға іліккен құжаттар Саттар Ерубаевтың 1914 жылы емес, одан бір жыл бұрын дүние есігін ашқанын нақыталайды. Соны ешқандай аудармасыз бергенді жөн деп таптық: «Подтверждается дата поступления Саттара в ЛИЛИ – именно 21 июня 1931 г. Далее - новые разночтения. С.Ерубаев записан как студент отделения языковедения. А самое главное и очень важное – годом рождения казахского публициста указывается 1913-й, а не 1914-й, как повсеместно пишут его биографы. Сохранился и лицевой счет студента 2 курса С.А. Ерубаева. На стипендию он зачислен с 1 сентября 1931 г. (80 рублей). В декабре с него удержано за питание в институтской столовой по талонам 25 руб. Другие расходы – подпис¬ка на заем и оплату комнаты в общежитии.», (А.ЖАНГОЖИН. Караганда - Санкт-Петербург. Индустриальная Караганда.-2005.-4 авг.-С.7)

Бұдан бөлек, Саттар Ерубаевтың «Мәңгілік өмір» дейтін новелласында мынадай аса құнды дерек кездеседі. «Бұл 1920 жылы болатын. Онда мен 7-де едім», – деп жазады. Мұнда да сол 1913 жылды меңзейді.

Рас, біздің жыл санауымызға келің¬кіремейтін, ай есебіне негізделген хижра бойынша бір жыл әрлі-берлі сырғи береді. Мысалы, адам бақилық болғанда құрсақта болған 9 ай да қоса есептеледі. Негізінде, Саттардың біресе 1913, екіншісінде 1914 болып жүруі осы¬дан болар деп есептейміз, әрі мұны әбестік деп санау артық болар.

Саттар Ерубаевтың жатқан жері әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазіргі Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойында, батыр бабаның сағанасының маңында мұсылмандар қорымы болатын. Кейіннен ол жер тегістеліп, орнына Ақши, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты Алматының айна¬ласындағы елді мекендерге сапар шегетін  автобус бекеті тұрғызылды.

Саттар Ерубаевтың өмірбаянын  хатқа түсірушілер әлеуметтік жағдайы кедей еді дегенді көбірек айтады. Бұл, әрине, сол кездің ұстанымына сай болатын. Шындығында, оның баба¬сы Ерубай бай болған, елдің сөзін сөйлеген. Білегінде күші, ауызында сөзі бар алғыр да шешен адам болыпты. Әділетсіздік жасаған шонжарлардан жасқанбай, шындықты бетке тура айтқан. Сол кездегі шонжарлар Ерубайды қарсылас ата жауларына шоқпар ретінде пайдаланбақ болып, би сайлайды. Бірақ Ерубай би болғаннан кейін, елдің жай-жапсарына қаныға жүріп, шама-сынша әділ, парасатты жан болады. Елінің жанашыр азаматы, халқының қалаулысы болып өмірінің соңғы күніне дейін халық құрметіне бөленіп өтеді. Ерубай ердің жасы елуінде қазіргі Шымкент облысы, Қызылқұм (Отырар) ауданы¬ның «Овцевод» совхозындағы Сумағар деген жерде көз жұмады. «Осы жерде әл-Фарабидің әкесі қызмет еткен, өзі де сонда туды деген ғылыми тұжырым жасалып жүрген «Оқсыз» деген адаса төбе бар. Сүйегі сол Оқсызға қойылады.

(Саттар Ерубаев. «Мәңгілік өмір».Алматы. «Жазушы», 1994.; Әдіғам Шілтерханов.11.05.1982. 444-445 беттер)

Естеліктерде «партия қызметкері» деп жай ғана айтыла салатын Ысмайы¬л-ов Нұртаза ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовпен тонның ішкі бауын¬дай араласқан адам. Ұлы қаламгердің «Өскен өркен» романының басты кейіп-кер¬лерінің бірі болатын. Сол кездегі Шаян ауданының (романда «Ноян ауданы») 1-хатшысы болған. 1961 жылы Мұхтар Әуезов Шаянға келгенде, кезінде «Шаян халық театры» Кремль сахнасына қойған «Еңлік-Кебек» драмасын жазушының өзіне арнайы көрсетіп, қойылымнан соң өз үйінде күткені белгілі болған. Ысмайылов Нұртаза мен Мұхтар Әуезовтің соншалықты бір-біріне жақындасып кетуіне себепші болған Саттар Ерубаевтың өзі екен. Себебі, Мұхтар Әуезов сол Саттар қайтыс болғанда қатты қайғырып, «қазанамаға» қол қойғандардың бірі болса, Нұртаза Ысмайылов Саттардың жақын туысы болатын.

Саттар туралы сөз болғанда оның өз әке¬сі Асқар туралы аз айтылады. Оның әрине, өз себеп-салдары бар болғандықтан арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз. Арғы атасы Ерубай биден Асқар, Жүсіп, Нақып, Жақып, Бейсенбі деген бес ұл өмірге келеді. Осы бес ағайынды ұлдардың арасындағы Асқар Саттардың әкесі болады.

Ерубай биден туған Асқар да жасынан зерек болып өсті. Ұзын бойлы, аққұба жанның орысша-қазақша сауаты  бар болған. Түркістанның теріскейіндегі Қаратау алабындағы Шоқытас Керімбек болыстың қарамағында 30 жылдай старшын болыпты. Асқардың ақындығы басқалардан өзгеше екен. Бірде ол үлкен отырыста бет біткенің көріктісі, қос бұрымы етегіне төгілген аруға жолығады. Асқардың Пәтек дейтін қызға үйленіп, одан Қасым, Есім сияқты ұлдарды сүйіп, балалы-шағалы боп қойған кезі болатын. «Шешесі Бапа орта бойлы, қараторының реңдісі болатын» - деп суреттелетін қыз баласы Асқардың бойындағы ұйықтап қалған ойды оятып, қанды қыздырады, сезімді сергітеді. Ата салтымен үйлене салған ол - кербұландай бұлғаңдаған қыздың қызуы оттай сөздерінен бас тарта алмай қалады. Әрине, бізге олардың сол айтыста қалай сөз қағыстырғаны анық емес. Әйтсе де сол айтыстың аяғы ұлы махаббатқа ұласып, жер дүниеде теңдесі жоқ қазақтың біртуар ұлы Саттардың келгені анық.

Саттар фамилиясын өз әкесінің емес, бабасының атымен атады. Саттардың өзі «Менің құрдастарым» атты жартылай өмірбаяндық романында: «...1931 жылы Ленинградта оқып жүргенімде «әкең өлді» деген хабар келді. Мен жылағам жоқ. Бірақ неге екенін қайдам, жолдастарымның барлығын жинап алып, «әкем өлді» деп айттым да, жүгіріп үйге кіріп кетіп қалдым. Кешке біздің екінші курстағы барлық студенттер жиналып келіп, маған көңіл айтты. Менің қайғыма ортақ екенін білдірді. Сонда грузин баласы Сивадзе: «Қайғырма, біз екеуміз Совет өкіметі дейтін өлмейтін әке тауып алғанымыз жоқ па?!» – деді. Сонда мен қайғыдан емес, қуанғандықтан жылап жібердім», – деп жазған еді. Саттардың әкесі 1931 жылы өліп, Түркістан қаласына қойылады». (Сонда 446-бет).

Жұмай апай өз естелігінде: «Асқар ата Шойтөбе жағына қауын-қарбыз егетін еді. Қауын-қарбыз піскен кезде алып келуге кейде атпен Саттарды жіберетін. Біліп қалсам, мен де барам деп артынан жүгіретінмін. Көңілімді қимаған Саттар атына міңгестіріп алатын», – деп жазған.

Саттар қайда және қалай оқыды? Біз оны Нұртаза Ысмайыловтың жазба-ларынан табамыз: «Менің шешем Мәлике (төркіндері Мәлеш деп атайтын) Асқардың өзіне тете інісі Жүсіптің үлкен қызы болатын. Біздер қазіргі Арыс қаласының төңірегіндегі Қаражантақ, Қараспан деген жерлерде көшіп-қонып жүргенбіз. Кей кездерде Сырдария бойындағы Көксарай көлін жайлаушы едік. Шешемді ағайын-жұрт өте қатты сыйлайтын.Төркінінен алып келген аяқ машинасы бар болатын. Ол кезде киім тігетін орын болмағандықтан, ауыл арасында ағайындардың да киіміндерін  тігіп беретін. Жас кезінде кейбір ауыл әйелдері мені «мәшинеші шешейдің баласы» деп те атап жүретін. Әкесінің қалада тұрғандығынан болар, шешемнің қалта сағаты болатын. Ораза айларында ауыз бекіткенде, кейбір бұлтты күндері шыдамсыздау ағайындар біздің үйге күннің батқанын анықтау үшін ат шаптыратын. Шешем жылына бір рет Арыс станциясынан пойызға мініп, Түркістан қаласына әкесінің үйіне төркіндеп барып қайтатын. Сол кезде көбіне мені де ала кететін».

Саттар Ерубаевтың қазіргі Отырар ауданының аумағында дүниеге келгенін айтқанымызбен, оның өнегелі өміріне өрнек берген киелі Түркістан қаласы еді. Осы қалада оның балалық шағы өтіп, мектеп қабырғасын көрді, білім алды, қай кезде болмасын, қайда жүрмесін Түркістанға оралып отырды, оны талмай жырына қосты.

«Нағашымның үйі сол кездегі тәртіп бойынша бастырмалатып салынған болатын, – дейді Нұртаза Ысмайылов. – Саттар мен Өмірзақ екеуі бастырма астында аласа столға сүйеніп сабақ оқып отырды. Мен соларды төңіректеп жүрдім. Шешемнің сіңлісі Бибін апай (ол кезде бойжеткен қыз) Өмірзақтан да, Саттардан да көп үлкен, теріс қарап өрмек тоқып отырды.

Бір уақытта Өмірзақ стол астынан рогаткасын суырып алды да, ылайдан арнайы жасалған кішкене домалақ кесекпен өрмек тоқып отырған Бибін апайдың жон арқасын көздеп атып жібереді. Бибін апай орнынан да тұрған жоқ, қатты тиген кесектің орнын алақанымен басып жылады.

Саттар Өмірзақтың бұл қылығына қатты ренжіп, ұрысты, ақылын айтты. Сонда менің аңғарғаным, Өмірзақпен жасы қатар болса да, Саттар ерте есейіп, ерте өскен еді. Ол өзін сол кездерде үлкен кісілердей ұстайтын.

Осыдан екі-үш күн өткеннен кейін, Өмірзақ мені қалаға ертіп барды. Қаланың орталығын аралатып, Саттар оқитын мектепке де алып келген. Біз келсек, шамасы, үзіліс уақыты болуы керек, мектептің ауласы ығы-жығы толған оқушылар екен. Көп баланың ішін аралап жүріп Саттарды тауып алып, мені Саттардың жанына тастап кетті. Саттар мені қасына алып, оң жақтағы қатардың ең соңғы партасына отырды. Сабақ үстінде оқушылар өте тәртіпті отырды, барлығы да мұғалиманың аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алатындай ықыласпен тыңдап отырды. Сабақ беріп тұрған денесі нәзік,  реңді жас орыс әйелі сөзін тоқтатқан кезде, бәрі қолдарын көтерді, шамасы, «мен айтамын, мен айтамын» дегендері-ау деп ойладым. Саттар қоңыраудан кейін мені бірге алып үйге қайтты. Жол-жөнекей менен бір сағатта не оқыдың, нені  түсіндің деп сұрады. Мен ештеңе түсінбедім деп басымды шайқадым. Саттар мұғалімнің берген сабағын түсіну үшін жақсы оқитын болу керек деп күлді. Саттарды менің соңғы көргенім осы болды...» (Сонда. 465-бет).

Бұдан байқалып тұрғандай, «менің жасым алтылар шамасында болуы керек, әлі мектепте оқымаған кезім» дегеніне қарағанда, бұл кез 1920 жылдарға келетіндей.

«Әлі есімде, 1925 жылы Түркістанда алғаш қазақ бастауыш мектебін бітір-ген бір топ бала осы қуанышымыздың құрметіне Қожа Ахмет Яссауи күмбе-зінің ең биігіне шығуды ұйғардық. Әбді Тұрсынбаевтың бастауымен Нұріллә Әбілдаев, Ысмайыл Нышанбаев, Иса Алтынбеков, Саттар Ерубаев және мен соншалық қуанышымыздан алып-ұшып, сан жетпес басқышпен жоғары тыр-мысып бара жатырмыз. Бір уақытта кілт тоқтай қалған ең ұзынымыз Әбді:

– Қожа Ахмет Яссауи әулиенің әруағына сүйеніп, төбесіне шығып, сыйынып көрелікші, мүмкін сол кісінің қасиеті¬мен үлкен ғалым болып шығармыз, – деп еді, тізбектің ең соңында кіп-кіш¬кене боп келе жатқан Саттар сәл еңкейіп алға ұмтылған қалпы:

– Қожа Ахмет Яссауи оқымысты ақын, оның өз алдына ұстаған жолы бол-ған, – деді.

Бәріміз тоқтай қалысып, таңданыс¬тық. Біздің алдымызда күнде көріп жүрген Саттарымыз емес мынау, Яссауидің құдіретімен бір жақтан келе қалған бір ғұлама сияқты.

Әбді оған қадалып:

– Оны қайдан білесің? – деп сұрады.

– Білем, – деді Саттар.

– Дұрыс біліп тұрсың. Мен саған оны қайдан білесің деп тұрмын ғой, – деді.

– Кітаптағы тарихтан, – деді Саттар әдетінше қасын кере әнтек ойлана қалып.

– Оу, «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» дегендей, пошымың мен тұрысың мынау, сонша үлкен білімді қалай таптың?

– Көкем Ташкент кітапханасынан кітап әкелген екен, содан оқыдым.

– «Кітапхана» деген не? Сарай ма, кітап жинайтын, жоқ магазин бе?

– Үлкен қалаларда оқып шығып, қайтып беруге болатын кітаптар жинайтын үй болады екен ғой. Ол бізде жоқ. Қожа Ахмет мынау жақын жердегі Сайрамда өскен. Әкесімен келісе алмай өзі үлкен ғұлама болған соң, мынау үлкен шаһар Түркістанға келіп, ақындық дәурен кешіпті. Түркістан күнде базарлы, үлкен қала болған соң оның күнделікті келетін жолаушылары бір қаладай болады екен. Ол кісі сол қалың халықпен араласыпты. Бұл мешітті сол кісінің құрметіне Ақсақ Темір салдырған екен, – деп бізді таң-тамаша етті жас білімпаз. Біз бір сәт аңырап тұрдық та, Әбдінің сілтеуімен жүріп кеттік.

Ол:

– Мейлі, не де болса әйтеуір сол адамның әруағы қолдап, ғалым болсақ екен, – деді.

– «Ғұламалық» дегенге әлденеше жылдар мектепте білім алып, сандаған кітап аударып, бойға сіңіріп барып қана қол жеткізеді, немесе жайдан-жай дари салмайды, – деді Саттар тағыда. Әбді тағы да оған:

– Оны да сол кітаптан оқыдың ба? – деді.

– Жоқ, басқа кітаптан оқыдым. Содан кейін ағам айтты, – деді Саттар тура молданың алдында тұрғандай, екі қолын алдына ұстап.

– Өзің құртақандай бола тұрып, бізге ақыл үйретуден қаймығатын емес¬сің ғой, – деді Әбді ренжігендей.

– Сөз тура келген соң айтып тұр¬ғаным, – деп басын төмен салды ол. Біз өз кішілігін көрсетіп, әдептілік ілтипат еткен Саттарға елжірей қарадық.

Яссауи мұнарасының басында тұрып, біздің аяғымыздың астында сан үйлердің құмырсқа илеуіндей жыпыр¬лағанына таңырқастық...» («Мәңгілік өмір». 467-бет)

Саттар Ерубаевтың бар болғаны 23 жыл ғұмыр кешкенін ескерсек, оның ақын¬¬дығы ертерек басталғанына назар аударамыз. Оған әкесі Асқардың, анасы Бапаның үлкен әсері болған сияқты.

Үстінен теміржол өтетін Түркістан қаласы дәл сол уақытта білім мен ғылым шоғырланған орталық болған. Осы білім мен ынтаның арқасында 1931 маусым айының 21 жұлдызында бірден Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтының 2-курсына оқуға қабылданады. Оған дейін Түркістан қалалық комсомол комитетінде қызмет істепті. 1933 жылы оқуды бітіргенде «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әдебиеті» тақырыбында диплом жұмысын жазып, оны өте жақсы қорғап шығады.

Ол қысқа ғұмырында әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер салаларына жанын сала құлшына әрі өнімді еңбек етеді. Ол – өмірге деген, айналасындағы адамзат баласына деген шексіз сүйіспеншілігін, достарына деген сезімін көзі тірісінде-ақ айтып үлгерген ақын. Оның дос туралы:

Мен білмеймін шекарасын солтүстік пен түстіктің,

Мен білмеймін шекарасын жолдастық пен достықтың, – деп тебіренгені ешкімді де бейжай қалдырмайтын ой...

Ол қазақ әдебиетінде пародия жанрына алғашқылардың бірі болып өз қолтаңбасын қалдырды. «Өз пародияларым туралы» атты мақаласында ол: «Әдетте мені пародия жазушы дейді. Расында да, менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақ та мен қазақ әдебиетінде пародия жанрын бірінші болып жаза бастадым.

Ал оның «Менің құрдастарым» атты романы қазақ совет әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына арналған Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» сияқты романдардың алдыңғы қатырнда тұрды.

Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі қаламгер Ғаббас Қабышевтің Олжас Сүлейменовке жазған хаты жарияланды. Ондағы айтылатын мәселенің мәнісі сол, Олжекең қазақ журналистикасының «жарық жұлдыздарына» арнайы сыйлық тағайындап, оған Г.Толмачев дегеннің атын бермекші болған. Осыны білген Ғ.Қабышев ағамыз: «Саттар Ерубаевтан артық кім бар? Қазақ журналистикасын 30-жылдары биікке көтерген сол емес пе еді?» - деп ақыл қосады. Біз де, әрине, бұған бейілдар екенімізді білдіреміз.

Болашақ ұрпақ, оның ішінде саттартанушылар оның «соцреализм» әдісінің негізін қалаған «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әде-биеті» тақырыбындағы диплом жұмысына назар аударса болар еді деп ойлаймыз.

Саттар Ерубаев тұңғыш директор болған Алматы қаласындағы Опера және балет театрына ескерткіш тақта орнататын уақыт жеткен жоқ па?!.

Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,

 Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.

Өмір деген өксігімді баса  алмастан жүр едім,

Бір жабыққан көңілімді аша алмастан жүр едім,

– деп жырлаған Саттар бар-жоғы 23 жыл ғұмырында қазақ көгінен мезгілсіз ағып түскен жарқын да жарық жұлдыздардың бірі болғанын мәңгілікке дәлелдеді. Саттардың мезгілсіз қазасына байланысты «Қазақ әдебиеті» газетінің 1937 жылы 5 июньдегі санында мынадай мәтіндегі қазанама басылды.

«Жолдас Ерубаев барлық білімін, мәдениетін көркем әдебиет майданына жұмсаудан шаршап, жалықпайтын еді. Соңғы екі жылда, жұмыстары¬ның көптігіне қарамастан Ленин комсомолының бақытты, қызықты өміріне арналған «Менің құрдастарым» атты үлкен романын жазып бітіруге бар күшін жұмсады. Бірақ, мезгілсіз ажал 23 жасқа жаңа жеткен, жаңа гүлденіп келе жатқан жас жолдасты, тым болмаса оның соңғы романын аяқтатпастан  ортамыздан жұлып әкетті.

Біз, оның жасы үлкен ағалары, әдебиет майданындағы замандастары қымбатты жолдастың туған-туысқандарына көңіл айтып, жалғызынан айрылған қарт шешесінің қолын қысамыз».

Мұқанов, Әуезов, Қаратаев, Тәжібаев, Жароков, Тұрманжанов, Орманов, Сыздықов, Хасенов.

Міне, бұл күндері оның өмірге келгеніне жүз жылға жуық уақыт өтсе де, мәңгі жас, мәңгі албырт, тірі тіршілікке мәңгі ғашық болып өткен Саттар Ерубаевтың шығармашылығы да, бізге жеткен сирек суреттеріндегі балғын жүзі де баяғыдай болып көрінеді. Өйткені оның шығармалары бізді әнтек әсершіл, сезімтал, ерекше шаттық билеген іңкәр әлемге жетектейді. Оның «Бақыт туралы балладасын» оқып шығып, БАҚЫТ туралы ұғымның соншалықты күрделі әрі тым қарапайым екендігін түйсінесің. Ол жансебіл еңбек пен тасқындаған шабыттың мәңгілік өмірмен астасқандағы шексіздігін ғана шын «Бақыт» деп сол кездің өзінде түйсіне білген жан. Бақыт ұғымының жас мөлшеріне қатыссыз екенін дәлелдеп кеткен бірден-бір дарабоз талант. Оның шығармаларын оқып отырып, өмірден ертең өтерін біліп отырған қыршын таланттың жеке басына қатысты пессимизмге берілген бей-жай көңілін аңдай алмайсың. Керісінше, онымен бірге шаттана, қуаныш құйынына ере отырып, ерекше шабыттана түсесің. Осындайда ұлы Абайдың:

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс.., –

деген өлең жолдары ойға еріксіз орала береді.

Иә, ол сол кездердегі буырқанған қазақ қауымының ортасына тым жас кезінде келді, өте жас кетті және біздің санамызда да мәңгі жас қалпында қалып қойды».

«1923 жылы Түркістанда жетіжылдық мектепте оқып жүріп, сол мектепте комсомол қатарына өтеді. Мектепті бітіре салысымен Түркістан аудандық комсомол комитетінде біраз уақыт қызмет істейді. Бұл уақыт 1927 жылдарға сәйкем келеді.Оның негізгі шығармашылық өрлеу жылдары да осы кезден бастау алған. Саттар белсенді комсомол қызметкері бола жүріп, өзінің білімге деген құштарлығын да аңғартпай қалмайды.Соның арқасында Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын арнайы курсқа оқуға жіберіледі. Курсты үздік үлгеріммен бітіріп, 1930 жылы Қазақтың оқу комиссариатының жолдамасымен Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтына оқуға қабылданады.

Ленинградта оқып жүргенінде Саттардың ішкі дүниесі, рухани өсуі сол елдің әлеуметтік және саясаттық ахуалына байланысты болуы заңдылық та еді. Осы оқу кездерінде бірталай ленинградтық ақын-жазушылармен танысып, олармен кейін де қарым-қатынаста болып тұрады.

1933-1934 жылдары Саттар елге қайтып келген соң, біраз уақыт «Ленинская смена» газетінің өнер және әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Кейіннен «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. «Пионер» газетінің редакторы, мәдениет саласында музыка театрының директоры да болып жұмыс жасайды.

1935 жылы С.Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түсіп, оқуын жалғастырады. Аспирантурадағы оқуы басталғанда Саттар сырқаттанып, бір айдай емханада жатады. Дәрігерлер оған климатты ауыстыру керегін айтып, еліне оралуына кеңес береді.

Алматыға оралғаннан кейін Саттар дертіне қарамай белсенді өмір сүреді. Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасына доцент болып орналасады, әдеби үйірмені басқарады.

1934 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйғаруымен Саттар Қарағандыға жастар газетін ұйымдастыруға жіберіледі, сол газеттің редакторы болып, кейіннен жауапты редактордың орынбасары қызметін атқарады. Бұл газет «Қарағанды пролетариаты» деп аталған болатын. Жастар баспасөзі Саттардың қаламын ұштады, журналистік-ұйымдастырушылық шеберлігін шыңдады, қоғамдық белсенділігін арттырды. Алайда, өмірге ғашық қаламгерді жылымшы дерті асқынып қара жермен қауыштырмай тынбайды. 1937 жылы Алматы қаласында қазақтың Саттары мәңгілік сапарына аттанып кете барады. Сонау, жиырма жетінші жылдан бері ол ғазиз жүрегі ғапылға қош айтқан отыз жетінші жылға дейін бір тыным көрмей, өнімді еңбек етті.

Гүлім Қуанышова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға