Сәтпаев пен Анарбековтер болмаса, «Қайраттың» матчын ешкім көрмейтін де еді – Құрман
Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман El.sport YouTubе арнасына берген сұхбатында «Қайраттың» Чемпиондар лигасы аясында өз алаңында өткізген соңғы матчына қатысты пікір білдірді.
Құрман клубтың «Брюггеден» жеңілісіне таңғалмағанын, қайта дәл осындай нәтиже күткенін алға тартты.
Дәл осындай нәтиже күттім. Себебі клубтың жеңілісіне әсер еткен факторлар көп. Алдымен алматылық ұжым Чемпиондар лигасынан гөрі алдағы ҚПЛ-ға дайындығын пысықтап жатыр. Мұның алдында сыртта оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Құрамда өзгерістер бар. әлі де бірнеше легионер келеді. Осындай ауыс-түйіс болып жатқан кезде «Қайраттан» нәтиже күту қиын. Команда қазір «Тобылмен» өтетін Супекубок матчына даярлық жасап жатыр десек те болады. Ол ойын да Астанада өтеді, - деді Құрман.
Сарапшының сөзінше, «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жоспарын орындап қойған.
Қайрат» – Чемпиондар лигасынан алатынын алып қойған команда. Клуб қаржы тауып, U19 құрамасын ойнатып алды. «Реал» келді, біраз тәжірибе жинап, енді тек лигадан ләззат алу керек деген мақсатпен жүр. Клубтың ірі есеппен жеңіліп жатып гол соғатыны ғана жұбаныш. Соның ішінде қазақ балалары гол соқты, – деп нақтылады ол.
Дегенмен Құрман матчты Алматының Орталық стадионында өткізу қажет еді деп санайды. Жанкүйерлер санының аз болуына әсер еткен фактор ретінде осы жайтты да атап отыр.
Бұл ойынды Алматыда да өткізе беруге болатын еді. «Қайрат» басшылығында қауіп болғаны рас, себебі алдыңғы жылы «Челси» келгенде Алматыда күн өте суық болды. Бірақ қазір жылы. Алдыңғы «Олимпиакоспен» өткен матчта да күн жылы болды. Орталық стадионда өткенде жанкүйерлер де көбірек болатын едә. Астанада күн суық, оның үстіне жұмыс күні. Шыны керек, басында бәріміз Астанада өтсін деп шуладық. Ауа райынан бөлек имиджі ойладық. Бірақ «Қайрат» матчтың елордада өткенінен позитив көруі керек. Себебі Суперкубок матчы да осы «Астана Аренада» өтеді. Футболшылар алаңға бойын үйретіп алды, – дейді маман.
Федерация өкілі матчқа келген көрермен санының тым аз болуына әсер еткен факторларға да тоқталды.
Дастан Сәтпаевтың матчқа қатыспауы да әсер еткені анық. Билет бағасы да тым қымбат. Мұның бәрі матчқа келуге ынталандыратын дүниелер ғой. Билет бағасын клуб басшылығынан сұрау керек. Дегенмен маған берген сұхбатында Қайрат Советайұлы мұның себебін Чемпиондар лигасының элиталық турнир екендігімен түсіндіріп, сол үшін билет құны қымбат екенін алға тартқан. Өздері қожайын, қандай шешім қабылдаса да өздері біледі, – деді Құрман.
Құрман клуб толыққанды межесіне жетті деп санайды.
Клуб басшылығымен сөйлескенде негізгі мақсат Чемпиондар лигасына жолдама екенін айтқан, сондықтан мақсат толық орындалды. Соның ішінде бөлінетін қаржы көлемінің артуы, Еуропада имиджінің жақсаруы, нәтижеге қарамастан, «Реал Мадридтің» келуі секілді жайттар бар. Шыны керек, «Қайраттың» легионерлерінің де деңгейі төмендеу, сондықтан оларды осыдан 10 жыл бұрынғы «Астананың» жетістігімен салыстыруға келмейді, – деді қауымдастық президенті.
Ол клубтың көпшіліктің махаббатына бөленуіне отандық футболшылардың үлесі зор деп санайды. Әйтпесе бұл матчтарды ешкім көрмейтін де еді деп отыр.
«Қайратта» ойынды алға сүйреген – өзіміздің жігіттер. «Қайратқа» деген сүйіспеншілік Дастан Сәтпаев, Темірлан Анарбековтердің арқасында келді. Олар болмаса, бұл Чемпиондар лигасын ешкім көрмейтін еді, көрермен саны әлдеқайда аз болатын еді. Бір қуанатынымыз, Дастандарды ойнатып алды. Қазақ балаларының құнын арттырып алды. Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуының бекер еместігін дәлелдеп берді. «Қайраттың» нәтижесі ұлттық құраманың соңғы ойындарына да әсер еткені анық, – деді ол.
Клуб енді осы деңгейден түсіп қалмауға тырысуы қажет дегенді алға тартады Нұрсұлтан Құрман.
Нәтижеге келсек, бәрі білді деп ойлаймын. Өз басым «Қайрат» әрі қарай да жеңісті жолын жалғастыратынына сенген жоқпын. Абыроймен ойнап шықса болды дедім. Сондықтан клуб Чемпиондар лигасындағы мисиясын орындады. Енді мақсат – осы деңгейді ұстап қалу. Алдағы Премьер-лига, еурокубокта өзін көрсетіп, қателіктерден сабақ алғанын дәлелдесе болады, - деді Құрман.

