Жаңалықтар

Сарымсақтың емдік қасиеті қандай?

Сарымсақ туралы фактілер
Сарымсақтың емдік қасиеті қандай?
26.06.2020 18:31 38101

Біз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген сарымсақтың бірнеше ауруға ем екенін білеміз. Алайда оның пайда болу тарихынан бейхабармыз. Осы орайда сарымсақтың нақты қандай ауруларға емдік дәрі ретінде қолданылатынын толығырақ ашып айтуды жөн көрдік. Бұл жайында айтпас бұрын сарымсақтың қайдан шыққанына үңіліп көрейік.

garlic-2520487_1920.jpg

Көбінесе, сарымсақтың отаны деп Орталық Азия аталады. Кейбір деректерде Алтай таулары мен Тянь-Шань арасындағы жазықтық деп жазылған. Мыңдаған жыл бұрын ол Қытайға, Египетке және басқа елдерге келуі де мүмкін деген дерек те жоққа шығарылмайды. Басқа нұсқалар бойынша, сарымсақ Орта Азия немесе Ауғанстанның тау бөктерінде, Оңтүстік-батыс немесе тіпті Оңтүстік Азияда пайда болған. Мұнда жергілікті халық әлі күнге дейін жабайы өсетін сарымсақты пайдаланады, ол өзге дақылдардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Оның өткір иісіне қарамастан, ежелгі Мысырда да, Грекияда да, Римде де, Үндістанда да өсірген.

Ал Ежелгі Қытайда сарымсақты мүлде басқа мақсатта пайдаланған. Аспан асты елінде сарымсақ жерлеу рәсімі кезінде зұлым рухтарды қорқытатын күш ретінде қолданылды.

Сонымен қатар, Гомердің кейіпкерлері Ахилл, Агамемнон және айлакер Одиссей сарымсаққа сүйенгені әдебиет сүйер қауымға белгілі. Сондықтан сарымсақтың тұтас иісі «Илиада» мен «Одиссейде» қанның иісімен араласады.

Тағы бір еске сала кететін дерек: кейінірек ежелгі грек атлеттері жаттығу алдында сарымсақты шайнап, «допинг» ретінде қолданған болса, орта ғасырда еуропалық шаруалар осы бір пияз тұқымдасты тұздалған етпен және майшабақпен қосып жеген.

Сол бір заманда сарымсақ дезинфекциясы көптеген адамды асқазан ауруларынан құтқарған. Сонымен қоса, сарымсақтың емдік әсері туралы аңыздар да жоқ емес. Оған сүйенсек, 1720 жылы Францияда сірке суына қосылған сарымсақ мыңдаған марсельдіктерді оба індетінен аман алып қалған деседі.

Ал өткен ғасырдың әйгілі ағылшын аспазының бірі бұл өсімдіктің иісі «жаман иіс» деп саналғанын жазады. Расымен де, пияз тұқымдастарының ішінде ең ащы дәм – сарымсақтың дәмі.

1548 жылы сарымсақ Ұлыбританияға Жерорта теңізінің жағасынан әкелінді. Ол жерде бұл өсімдік мол өседі. Құрлықта, әсіресе Италияда аталған пияз тұқымдас ешқандай кедергісіз, шектеусіз қолданылса, француздар жаппай көптеген тағамға қоса бастаған.

Ерте заманнан бері сарымсақтың пияз сияқты тылсым қасиеттері бар деп есептелген. Ол қиындықтан қорғауға, зұлымдықты жеңуге және удың әсерін бейтараптандыру қабілетіне ие. Сол уақытта сарымсақпен дуаның уытын кетірген. Соғысқа аттанбас бұрын гладиаторлар мен рим сарбаздары матаға оралған сарымсақты белдеріне байлап, одан күш аламыз деп сенген. Балқан елдерінде вампирлерді қуу үшін есік тұтқалары мен терезе жақтауларын сарымсақпен сүрткен. Германияда марқұмдарды шайтандардан сақтап қалу үшін сарымсақты олардың қабірлеріне қойған екен.

Францияның оңтүстігінде сарымсақты бургундар мен саскандар жоғары бағалайды. Гаскония халқының ашушаң мінезді болуын кейбіреулер осымен түсіндіреді. Бургундия герцогының сарайында ханымдарға түскі асқа қантты бәден мен сарымсақ ұсынылған. Бүгінгі күнге дейін Гаскониядағы Сент-Клэр қаласы, Еуропалық сарымсақ патшалығының астанасы болды. Мұнда шілдеден қаңтарға дейін әр бейсенбі сайын таңертең жәрмеңке ұйымдастырылып, онда бір ғана өнім – сарымсақты сатқан. Аталған көрмеде оның түрлі сұрыптары болған. Себебі, әрбір сатушы оның түпнұсқасын шығарып, өз өнімін мақтап сатқан. Күніне елу тонна, ал жазда жүзден астам тонна сарымсақ сатылып, ең жақсы сорттардың бірі – жергілікті сарымсақты сату осы жәрмеңкенің ерекшелігі, мақтанышы болған. Сонымен қатар, тамыз айында бүкіл қала түрлене бастайды екен. Өйткені осы мезгілде сарымсақ мерекесі басталады. Мереке кезінде қала тұрғындары сарымсақ тарихы және оны қалай өсіру туралы маңызды дәрістер оқып, қызықты деректермен бөліскен.

Кейіннен адамзат сарымсақты жақсы көретіндер және оны ұнатпайтындар болып екіге бөліне бастады. Бұл тек жеке талғамға, жай-күйге ғана емес, сонымен бірге, қоғамдағы сарымсақ туралы түсініктерге де байланысты еді. Сарымсақтың қолданылуына түбегейлі қарсылық танытқан Мысыр абыздары болды. Аталған өсімдікті арам деп санағандықтан, олар ешқашан жемеген. Дегенмен, сол абыздар түрлі жорық кезінде құлдар мен жауынгерлер үшін оны жақсы әрі арзан азық деп санаған. Олардың әл-ауқатын көп күш жұмсамай-ақ, «сарымсақты кім жесе, сол мықты» деген түсінікпен бағалаған екен. Тағы бір деректерде орыс халқы адамның кедей екенін оның үстелінде тұрған сарымсақ арқылы білген десе, римдіктер өз арасында оны «исі жаман тағам» деп атап, ақсүйектердің ас мәзірінен мүлде алып тастаған. Гректер секілді римдіктер де сарымсақ бөлек жерде өсіріліп, оған қоса, халықтың кедей топтарына тегін үлестіріліпті. Ал бүгінгі Испания жерінде билік орнатқан Кастилия королі сарымсақты жек көретін адамдар үшін арнайы «Рыцарлық орден» тағайындаған.

Ресейде сарымсақ жеті түрлі ауруға дауа десе, Англияда ең мықты дәрігерге сарымсақты сыйға берген. Онда ежелгі уақытта сарымсақ барлық аурудан құтқаратын дәрі деп саналған. Ол түрлі удан, жыланның уытынан, жабысқақ, оба ауруларына ем болатын «сақтандырғыш құрал» ретінде қолданылған. Фитотерапия бойынша біздің дәуірімізге дейін жазылған «Бень Цао» қытайлық кітабы сарымсақты ең құнды дәрілік заттарға жатқызады. «Чарака-Самхита» үнді манускриптінде тибеттік, «Чжуд-Ши» және ежелгі шығыс медицинасы бойынша басқа да нұсқауларда дәл осындай мәліметтер бар.

Атақты саяхатшы Фернан Магеллан жер шарын аралауға шығатын кезде кеме бортына пияз бен сарымсақтың төрт жүз елу будасын жинап алыпты. Бұдан бөлек, сарымсақ крестшілердің ас мәзірінде болған. Сондай-ақ, Франция және Англияның флотында қырқұлақ ауруынан құтқарғаны туралы жазбалар кездеседі.

Он жетінші ғасырдың ортасында орыс патшасының жанында сарымсақ пен дәрілік шөптер өсіретін бірнеше дәріханалық бау-бақша болды. Сол уақытта Мәскеуде тұратын шетелдік дәрігерлер ресейлік дәрі-дәрмектердің пияз бен сарымсақтан тікелей жасалатынын жазған.

Викториан дәуірінде енгізілген деректерде сарымсақта тозақтың сиқырлы күші бар екені айтылған. Мұндағы аңыз бойынша, жабайы сарымсақ ағылшын шіркеу аулаларында ғасырлар бойы өсіп келеді. Ал мойынға тағатын сарымсақ тізілген моншақтар сенім бойынша жындар мен шайтандарды қуып жібереді екен. Ал шын мәнісінде сарымсақтың ағылшын тіліндегі аудармасы «гарлик» сөзі сол кездегі «пияз» және «найза» сөздерінің тіркесінен пайда болған, яғни тура мағынасында «найза тағу» дегенді білдіреді. Біз бұдан Англияда сарымсақты он алтыншы ғасырдан бұрын өсіре бастағанын білеміз.

Бертін келе, сарымсақ шведтердің де, эскимостардың да ас мәзірінен табыла бастады. Солтүстік елдердегі аспаздар сарымсақтың емдік қасиеттері туралы естіп, оны барлық тағамға қосуға тырысты Бірақ, әрине, сарымсақ шығыс тағамдарына қосуға көбірек жарайтыны белгілі.

Айта кетсек, сарымсақ пияз тұқымдасына жатады. Осы себепті де сарымсақтың жуа құрамымен ұқсастығы бар. Көкөністер арасында белсенді түрде қолданылады және оның иісі өткір дәмі ащы. Осы себепті, аталған жабайы өсімдік дәмдеуіш ретінде барлық ет және жеңіл тағамдарға қосылады.

Ежелгі заманнан бері адамдар сарымсақтың пайдасы тек тамаққа қосатын дәмдеуіш ретінде ғана болмағанын білген. Халық медицинасында бұл ащы дақыл мыңдаған жылдар бойы қолданылған. Осы уақытқа дейін көптеген ауруларды емдеуге мүмкіндік берген дәрі-дәрмектердің құрамына сарымсақ дәрумені қосылған. Осы секілді біраз халық рецептісі сақталған.

9f8ff41e-4aea-431c-9df0-a7f4685b8f7a.jpg

Сарымсақтың пайдасы туралы

Таудың тасты беткейлерінде өсетін өсімдіктің ерекше дәмі мен ащы иісі оның құрамындағы күкірттің болуына байланысты. Дәлірек айтқанда, күкіртті қамтитын бір маңызды зат бар. Бұл – аллицин. Сарымсақ дәл осы зат арқылы өз пайдасын тигізуде.

Аллицин – көптеген пайдалы қасиеттері бар химиялық зат. Ол жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және иммундық жүйелердегі, асқазан-ішек жолдары және адам ағзасындағы басқа да аурулармен күресуге көмектеседі.

Бірақ сарымсақтың емдік қасиеті тек аллициннің арқасында ғана деу қате пікір. Оның құрамында басқа да фармакологиялық белсенді заттар, микро және макроэлементтер, витаминдер, антиоксиданттар бар. Сондықтан сарымсақтың қаншалықты пайдалы екенін тоқтамай тізе беруге болады.

a0b42fce-74f5-49a1-843b-816987f643e7.jpg

Сарымсақтың басты 13 қасиеті

Қысқы уақытта, әсіресе вирус пен инфекция эпидемиясы кезінде бірден ойға оралатыны – сарымсақ. Бірақ тұмау мен суық тиюді емдеуден басқа сарымсақтың тағы қандай қасиеттері бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ал енді бүгін сарымсақтың он үш түрлі қасиетімен бөлісеміз. Дәлірек айтсақ, сарымсақ демікпе, көз аурулары, гипертония, құлақ ауруы, безеу, бөртпе және басқа да түрлі ауруларды емдеуге көмектеседі.

1. Сарымсақ асқазан-ішек жолы ауруларына ем

Асқазан-ішек жолдары ауруларын сарымсақпен емдеу жаңалық емес. Сарымсақ бүкіл ас қорыту жүйесіне әсер етеді, сондықтан оның жұмысын кешенді түрде жақсартып, жан-жақты жетілдіреді. Асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсарту және ас қорыту мәселелерінің алдын алу үшін мамандар сарымсақты күнделікті шектеулі мөлшерде жеуге кеңес береді. Көкөніс құрамындағы заттар ішектердің қызметін жақсартады, ісінуді жояды, шырышты қабықтың тітіркенуін жеңілдетеді және тамақтың ас қорыту процесін реттейді. Ол үшін, ең маңыздысы, сарымсақты қалай дұрыс жеу керек екенін біліп алу қажет.

2. Диабет кезіндегі сарымсақтың пайдалы қасиеті

Қант диабеті – қауіпті ауру, оны емдеу өте қиын. Ауру бүкіл ағзаның жұмысын бұзады, бүйректің, жүрек-қан тамыр мен жүйке жүйесінің жағдайын нашарлатады. Өкінішке қарай, сарымсақпен қант диабеті емделмейді.

Десе де, қант диабетіне сарымсақтың айтарлықтай пайдасы бар. Ол ауру кезіндегі көптеген жағымсыз салдардың алдын алуға көмектеседі. Әсіресе, профилактика ретінде көптеген дәріханаларда сатылатын сарымсақ майының сығындысы немесе үйде дайындалған сарымсақ майын қолдануға болады.

3. Сарымсақ холестеринді төмендетеді

Аллицин заты липопротеидтердің тотығуына жол бермейді. Мұндай тотығу атеросклерозға қауіп төндіреді. Ал сарымсақ – оның алдын алатын таптырмас зат. Күнделікті қолданысқа, әсіресе қандағы холестерин мөлшері жоғары адамдарға сарымсақ ұсынылады. Мысалы, осы мақсатта, яғни холестеринді түсіру үшін сүтке тұтас сарымсақ қосып ішуге болады.

Бір қызығы, сарымсақтың өзінің құрамында аллицин жоқ. Бұл зат сарымсақ жасушаларының механикалық бұзылуы кезінде пайда болады. Сондықтан, көптеген халықтық рецептілерде сарымсақтың пайдасы барынша көп болуы үшін ұсақталған дәрі-дәрмектерді бірнеше минутқа қалдыру керек екені көрсетілген.

4. Гипертония кезіндегі сарымсақтың емдік қасиеті

Сарымсақта қан мен жүрекке пайдалы болатын көптеген факторлар бар. Жоғарыда аталған аллицин, сонымен қатар, тамырды кеңейтетін қызмет атқарады. Гипертония кезінде жылдам көмектесетін қасиетке ие. Жалпы осы ауруға тез әрекет ете алады. Сондай-ақ, осы бір пиязтұқымдас көкөніс тромбоциттердің жабысып қалуын болдырмайды. Тромбоциттердің жабысуы инфаркт пен инсульттің негізгі себебі екені көпшілікке мәлім.

5. Сарымсақ арқылы көз ауруларын емдеуге болады

Сарымсақтың құрамында С дәрумені өте көп. Сонымен қатар, сарымсақ селен (көбінесе күкірт қышқылынан шығарылатын сұрғылт қара металлоид) мен кверцетинге (табиғи биохимиялық зат) бай. Сондықтан бұл пиязтұқымдасты көз инфекцияларымен күресу үшін қолдануға болады. Сонымен бірге, сарымсақтың көмегімен көз айналасындағы ісінуді кетіре аламыз.

6. Сарымсақ құлақ ауруларын емдеу қасиетіне ие

Құлақ ауруы кезінде сарымсақтың пайдасы ұшан-теңіз. Сарымсақ – бұл қышыма қотырды, бактериялар мен вирустарды жоятын белгілі антибиотик. Құлақтың қабынуы жағдайында сарымсақты зәйтүн майымен араластырып, құлаққа тамызуға болады.

Осы ретте, сарымсақ майын дайындау әдісімен де бөліскен жөн болар. Ол үшін жаңа сығылған сарымсақ шырыны мен зәйтүн майын тең мөлшерде араластыру қажет. Дәрілер бөлме температурасында сақталады, бірақ үш күннен артық сақтауға болмайды.

7. Сарымсақ ішек құртын жояды

Сарымсақ диарея, дизентерия және өзге де әртүрлі ішек қызметін бұзатын ауруларды жақсы жоюға көмектеседі. Ол патогенді ішек микрофлорасын толығымен жоқ қылып, қабыну мен тітіркенуді болдырмайды. Яғни, ішек құрттарына қарсы дәрі ретінде аталған пиязтұқымдасты пайдалануға болады. Сонымен қатар, сарымсақ ауру тудыратын микроорганизмдерді жоқ қылып, сау ішек микрофлорасын қалпына келтіреді.

8. Сарымсақ суық тию кезінде де пайдалы

Суық тигенде және тұмауға сарымсақтың пайдасы көп екені бәріне белгілі. Бірақ сарымсақтың қандай пайдасы бар екені, оны қалай және қанша пайдалану керектігін бәрі біле бермейді. Жалпы, осы ауруларды сарымсақпен емдеу мүмкін бе деген сұрақ та туындайды.

Нақтырақ айтқанда, суық тиюдің алғашқы белгілері байқалған кезде түскі асқа ұсақталған екі сарымсақ тісшесін жеу арқылы сіз инфекцияның одан әрі таралуына кедергі жасайсыз. Я болмаса, суық тигенде арнайы сарымсақ сорпасын дайындауға болады. Сарымсақ – вирустық инфекциялар эпидемиясы кезінде оның алдын алатын ең жақсы «дәрі». Көкөніс құрамындағы витаминдер мен минералдар иммунитетті сенімді түрде нығайтады.

9. Сарымсақтың тері үшін пайдасы мен зияны

Сарымсақ шырыны керемет бактерицидтік қасиеттерге ие. Оның көмегімен Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жараларды зарарсыздандырған. Бірақ сарымсақ неғұрлым пайдалы болса, соғұрлым зиянды екенін есте ұстаған жөн. Таза түрдегі сарымсақ шырыны теріні тітіркендіруі мүмкін. Сондықтан қолданар алдында 1 бөлігі судан және 1/4 бөлігі сарымсақ шырынынан тұратын су ерітіндісін дайындау қажет.

10. Сарымсақ безеулерді кетіреді

Жасөспірімдердің өтпелі кезеңдеріндегі безеу бөртпелері – бұл жалпы кеңінен таралған тері проблемалары. Сарымсақ, бал, куркума мен иісмайдың қоспасы безеудің пайда болуына жол бермейді, сондай-ақ безеуден кейін тыртықтарды, оның қалып қойған орындарын тегістейді. Сарымсақтың теріге тигізетін пайдасы дәмдеуіштің антибиотикалық қасиеттеріне байланысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда папилломалардан алынған сарымсақ та пайдалы.

11. Сарымсақпен демікпені емдеуге болады

Демікпені сарымсақпен емдеуде қайнатылған осы көкөніс тісшелерін пайдаланады. Олар демікпе ұстамасының алдын алады және демалуға мүмкіндік береді. Дәрігерлер ұйықтар алдында күн сайын бір стақан сүтпен бірге үш сарымсақ тісшесін қайнатып ішуді ұсынады. Үккіштен өткізілген сарымсақ қосылған уытты сірке суы – демікпе ұстамасына тосқауыл болатын таптырмас зат.

12. Сарымсақ ұзақ өмір сүруге көмектеседі

Сарымсақтың өмір сүру ұзақтығына әсерін дәлелдеу мүмкін емес. Алайда, осы пиязтұқымдастың жоғарыда аталған барлық пайдалы қасиеттеріне сүйене отырып, оны тұрақты түрде пайдалану өмір сүру ұзақтығын төмендететін бірқатар қауіпті факторларды жояды деп айтуға болады. Осылайша, сарымсақ өмір сүру ұзақтығын арттыруы мүмкін.

Сондай-ақ, сарымсақ көбінесе өлімге алып келетін жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді, әсіресе, егде жастағы адамдар мен иммундық жүйесі бұзылылған адамдарға көп көмегін тигізеді.

13. Сарымсақтың қатерлі ісікке де пайдасы бар

Онкологияда және қатерлі ісік ауруының алдын алу кезінде де сарымсақ маңызды рөл атқарады. Сарымсақты үнемі тұтыну асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісігі ауруының даму қаупін азайтады. Бұл өсімдік ағзадағы канцерогендік заттардың концентрациясын төмендетеді, сондықтан, ол қатерлі ісік ауруының, әсіресе, сүт безі қатерлі ісігінің алдын алады.

Сарымсақпен емдеу максималды түрде нәтиже беру үшін оны шикідей үгітіп жеген дұрыс. Дәрігерлер дененің әртүрлі инфекцияларға төзімділігін арттыру үшін оны күнделікті жеуді ұсынады. Күніне екі-үш тісшесін жеуге кеңес береді.

Сонымен қатар, қуырылған, қайнатылған, бұқтырылған тағамдар мен салаттарға сарымсақ қосудан қорықпаңыз және жаңа ғана шыққан сарымсақты ешқашан лақтырмаңыз. Жаңа өскін өте ерекше күшке ие. Осы бір ащы көкөністі жақсы көретін адамдар сарымсақтың қабығының да пайдасын біледі.

Сарымсақтың зияны да бар

Әрбір заттың пайдасымен қатар, зияны да болатыны белгілі. Егер сарымсақты белгіленген мөлшерден асырып пайдаланса, онда ас қорыту жолдарының қабығы тітіркенуі мүмкін. Сондықтан, сарымсақты кім жеуге болмайтынын білу керек. Пиязтұқымдастың екінші бір кемшілігі – оны жеп болғаннан кейінгі ауыздағы жағымсыз иіс. Оны бірден кетіру мүмкін емес, осы себепті адамдар сарымсақ қосылған тағамдарды сирек жейді. Бірақ тұтастай алғанда, сарымсақтың пайдасы бүкіл организм үшін орасан зор.

garlic-5207282_1920.jpg

Мамандар не дейді?

Осы орайда біз елордалық гастроэнтеролог-дәрігер Күлпаш Қалиасқарованың пікірін білген едік.

- Сарымсақ бір адамдар үшін өте пайдалы болса, біреулерге керісінше, зияны тиіп жатады. Біз бұл ретте бәрінің ас қорыту жүйесіне байланысты екенін айта кеткеніміз жөн. Дені сау адамдарға күніне бір-екі талын ғана қолданса жеткілікті. Ал асқазаны ауыратын, гастриті немесе ойық жаралы колиті бар адамдарға сарымсақты күнделікті пайдалануға болмайды, тіпті, кейде ас мәзірінен мүлде алып тастауына тура келеді. Өйткені, сарымсақты жиі тұтыну асқазанның шырышты қабығының асқынуына алып келеді. Бұл тек сарымсаққа қатысты айтылар дүние емес. Кез келген тағамды пайдаланар кезде оның қандай пайдасы және зияны бар екенін сараптап барып қана қабылдасақ, денсаулығымызға орасан зор нұқсан келтірудің алдын аламыз. Яғни, барлық тағам өз мөлшерімен тұтынылғанда ғана пайдалы болады. Әсіресе, ішек-қабыну аурулары бар жандарға қатаң диета сақтап, арнайы мамандармен кеңесіп қана тамақтануы, ас мәзірін жасауы керек.

Елімізді ғана емес дүниежүзі халқын үрейге ұшыратқан коронавирус пандемиясы кезінде желіде сарымсақтың емі туралы түрлі қауесеттер шыққан еді. Аталған жағдайға байланысты алматылық инфекционист-дәрігер Бақытгүл Есенгелдиева өз пікірін білдірді:

- Тұмау, коронавирус – тыныс алу жолдарының жұқпалы вирустық аурулар тобына жатады. Алайда, аталған ауруларды «сарымсақпен емдеуге болады» деген қате түсінік. Сарымсақ – табиғи таза өнім. Оның құрамында адам ағзасына пайдалы өте көп пайдалы заттар, түрлі дәрумендер бар. Оған қоса, қазіргі таңда дәріханаларда сарымсақтың құрамындағы пайдалы ферменттері сығып алынған арнайы ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) сатылады. Оны күнделікті тағамдарға қосу, шикідей өзін жеу, одан салаттар дайындау сол организмдегі дәрумендерді арттырып, иммунитетті нығайтады. Ал иммунитеті жоғары жандарға көп ауру жоламайды, сонымен қатар, ауырса да тез жазылып кететіні белгілі. Сондықтан, сарымсақ, ең алдымен, иммунитетті көтеруші көкөніс екенін есте сақтауға тиіспіз. Ол ешқандай ауруды өздігінен емдемейді. Бір сөзбен айтқанда, тек түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі деген жөн.

Бүгін біз жоғарыда келтірген деректер арқылы сарымсақтың қаншалықты пайдасы бар екенін және оның қандай ауруларға ем екендігі туралы толығырақ мәлімет беріп өттік, сонымен қатар, әр үйде әрқашан кем дегенде тұтас бір сарымсақ болуы керек екеніне көз жеткіздік. Ендеше, сарымсақтың баға жетпес пайдасын көру үшін күнделікті тұтынуды ұмытпаңыз.

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге көрінуіңізді сұранамыз!


(Суреттер pixabay.com және yandex.kz сайттарынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға