сурет: ЖИ көмегімен

Сәресінде не жеу керек? 12 сағатқа энергияны тұрақты ұстайтын тағамдар

Сіз түске дейін тез шаршап, қарныңыз ашып қалатынын сезесіз бе? Бәлкім, сәресіндегі тағам дұрыс таңдалмаған болар. Таңнан кешке дейін сергек болу үшін қандай тағамдар жеу керек? Бұл сауалға терапевт және нутрициолог маман Бағай Назарбайұлы жауап беріп, энергияны қалай сақтауға болатынын түсіндірді.

Сәресінде жеу керек тағамдар

Маманның сөзінше, сәресінде ең алдымен ұзақ көмірсуларға басымдық беру қажет.

Ұзақ көмірсулар қарапайым көмірсуға қарағанда баяу қорытылады әрі ақырын сіңеді. Соның арқасында энергияны ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Ал қарапайым көмірсулар тез қорытылады да, жылдам таусылып қалады, – дейді нутрициолог.

Ұзақ көмірсулар қандағы қант мөлшерін күрт көтермей, оны бірқалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Ал қарапайым көмірсу керісінше, қант деңгейін жылдам көтеріп, артынан тез түсіріп жібереді. Соның салдарынан адам тез шаршап, қайта ашыға бастайды.

Сол үшін нутрициолог, терапевт маман Бағай Назарбайұлы көмірсуларды таңдауда оның түріне мән беру керегін айтады. Ұзақ көмірсулар негізінен тұтас дәнді дақылдың құрамында болады.

Оның айтуынша, сұлы, қарақұмық секілді табиғи, өңделмеген дәндер – ұзақ көмірсулардың негізгі көзі. Олар баяу сіңіп, энергияны көп уақыт сақтауға көмектеседі. Қандағы қант деңгейін күрт көтермей, ұзақ уақыт тоқ болып жүруге көмектеседі. Сәресінде дәл осындай өнімдерге басымдық берген дұрыс. Сондай-ақ нутрициолог бұған қоса, ақуызға бай өнім мен пайдалы май көздерін де жеу маңызды екенін айтты.

Зығыр майы, жаңғақ майы, түрлі жаңғақтар – пайдалы майдың көзі. Ал дәнді дақылдар мен көкөніс талшыққа бай. Осындай теңгерімді ас арқылы біз 8-12 сағатқа дейін энергияны тұрақты ұстап тұра аламыз, – деп түсіндірді Бағай Назарбайұлы.

Дәнді дақыл

  • сұлы ботқасы
  • қарақұмық
    ЖИ
  • қоңыр күріш
  • булгур (бидайдың бір түрі)
  • тары

Бұл өнімдерде талшық көп, сондықтан ұзақ уақытқа энергия береді.

Тұтас өнімдер

  • тұтас дәнді нан
    Жи
  • қара бидай наны
  • қатты бидайдан жасалған макарон

Ақ ұннан жасалған өнімдерге қарағанда, бұларда талшық пен дәрумендер көбірек сақталады.

Сәресінде энергияны ұзақ ұстап тұратын, қорытылуы ағзаға аса ауыр емес тағамның тағы бір түрі – жұмыртқа. Оның құрамында ақуыз, пайдалы майлар және аз мөлшерде көмірсу бар. Осындай үйлесім энергияның ағзада ұзақ сақталуына мүмкіндік береді, – деді маман.

Сәресінде қандай тағамнан бас тарту керек?

Нутрициологтың айтуынша, сәресі кезінде кейбір тағамды шектеген дұрыс. Әсіресе, тәтті және қант құрамы жоғары өнімнен барынша бас тарту қажет.

Тәтті тағам, құрамында қант мөлшері көп өнімдер, газдалған, энергетикалық сусын ағзаға тез әсер етеді, бірақ энергияны ұзақ сақтай алмайды. Олар қандағы қант деңгейін күрт көтеріп, кейін тез төмендетеді. Соның салдарынан адам тез шаршап, қарны ерте ашады, – дейді терапевт маман.

Тәтті және қант мөлшері жоғары өнімдер

  • торт, бәліш, тәтті тоқаштар
    Жи
  • шоколад, кәмпит
  • қант қосылған таңғы ботқалар

Газдалған және энергетикалық сусындар

  • газдалған тәтті сусындар
  • энергетиктер
  • қант қосылған шырындар

Сонымен қатар қуырылған тағамды да шектеу ұсынылады. Өйткені олар асқазан-ішек жолына салмақ түсіреді.

Қуырылған тағам асқазан мен ішек жолының жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе ас қорыту жүйесінде ауырсыну немесе қандай да бір патология болса, ораза кезінде бұл жағдай асқынуы ықтимал, – деп ескертеді нутрициолог.

Суды қалай ішу керек?

Бағай Назарбайұлы сәресі кезінде суды дұрыс мөлшерде әрі дұрыс тәсілмен ішудің де маңызы зор екенін айтады.

Жи

Сәресінде шамамен 500-600 мл су ішкен дұрыс. Бірақ оны бірден емес, бөліп уақыт аралығымен ішкен дұрыс, – дейді ол.

Неліктен кей адамдар түске дейін шаршап қалады?

Бақылауға сүйенсек, кейбір адам сәресінен кейін түске дейін әлсіреп, қарны ерте ашады. Бұған көбіне таңғы ас құрамының дұрыс болмауы себеп.

Егер тағам құрамында ақуыз аз болып, керісінше көмірсу көп болса, адам тез қарны ашады. Сондықтан ақуыз нормасын сақтау өте маңызды. Ақуыз жеткілікті болған жағдайда күндіз әлсіреудің және ерте ашығудың алдын алуға болады, – деді Бағай Назарбайұлы.

Сәресі кезінде басты мақсат – көп тамақ жеу емес, тағамның сапасына мән беру керек.

жеке мұрағатынан 

Сәресінде негізгі назар тағамның құрамына аударылуы керек. Яғни, ақуыз бен пайдалы майдың нормасы сақталуы шарт. Егер осы екі компонент жеткілікті деңгейде болса, тамақтың көлемі аса маңызды болмай қалады, – дейді маман.

Оның сөзінше, кей адамдар ұзақ уақыт тоқ жүру үшін көп мөлшерде тамақ жеуге тырысады. Алайда бұл дұрыс тәсіл емес. Ақуыз бен пайдалы май жеткілікті болса, ағза энергияны бірқалыпты пайдаланып, күндіз әлсіреу мен ерте ашығудың алдын алуға болады.

Ең бастысы – мөлшер емес, сапа. Тағамның құнары мен құрамы дұрыс болса, аз көлемнің өзі ағзаға жеткілікті, – дейді Бағай Назарбайұлы.

10-12 сағат энергия сақтау үшін не маңызды?

Маманның айтуынша, ұзақ уақыт энергияны сақтау тек тағамға ғана байланысты емес.

Су мөлшері: Сәресінде шамамен 500-600 мл суды бөліп-бөліп ішкен дұрыс.

Ақуыз бен май нормасы: Теңгерімді болуы шарт.

Ұзақ көмірсулар: Тұтас дәнді өнімдерге басымдық беру керек.

коллаж El.kz

Шектеу: Тәтті тағамдар, газдалған сусындар, энергетиктер және тым тұзды өнімдерден бас тартқан жөн.

Физикалық жүктеме: Күндіз шамадан тыс ауыр салмақ түсірмеу маңызды.

Ұйқы мен көңіл күй: Дұрыс ұйқы және тұрақты психоэмоциялық жағдай да энергия деңгейіне әсер етеді.

Егер осы талаптар сақталса, 10-12 сағат бойы энергияны тұрақты ұстап тұруға болады, – деді терапевт, нутрициолог маман Бағай Назарбайұлы.