Сардор Юлдашев: Әр адам жақсылықтың бастамашысы мен берекелі істің жаршысы болуы тиіс
Сардор Юлдашев – уақытын бос өткізбейтін, оқуына да, жұмысына да үлгеріп, қоғамның ісіне де араласып жүретін тынымсыз жан. Өміріндегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың тетігін дәл тапқан Сардор Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының жетекшісі. Медицина университетінің V курс студенті.
Бұл сұхбатымызда Сардор Юлдашевтің құлшынысы қайдан бастау алатынын білетін боламыз.
— Сардор, сіз өзбек этномәдени орталығының жастар қанатына жетекшілік етіп жүрсіз. Бұл уақыт пен жігерлікті талап ететін, қоғамның игілігін ойлауға бейімдейтін жұмыс қой. Қоғамдық жұмысқа араласқаныңызға қанша жыл болды?
— Алғаш рет 2016 жылдың күзінде орталықтың кезекті бір жиынына қатыстым. Аға-әпкелерімнің берекелі ісіне, замандастарымның құлшынысына қарап менің бойымда қызығушылық оты жанды. Өзімнің қоғамға пайдамды тигізіп, жастармен бірігіп орталықтың дамуына үлес қосқым келетінін түсіндім. Содан бері үш жыл өтті. Қолымнан келгенше ақылым мен қайратымды жолдас қылып, маған міндеттелген жұмысты атқарып жүрмін. Бұл бағытта маған жөн көрсетіп, жол бастап жүрген орталықтың төрағасы Шерзод Пулатов. Ол кісіден үйренерім әлі де көп. Әрине жалғыз Шерзод Аббозұлы ғана емес, көптеген орталықтың белді әрі беделді, өмірлік жолынан, ұстанымынан, еңбегінен өнеге аларлық мүшелері көп. Бізде қайырымдылықты, адами құндылықты, рухани байлықты, ізгілікті, парасаттылықты, ұлт болмысын дәріптеп жүрген жандар баршылық.
Орталықта қандай да бір іс-шара өтсе, ол жастармен тікелей байланысты болады. Өзімізге қамқор болып жүрген аға буынға қолқанат болып, кез келген істің басы-қасынан табылып отырмыз.
Төрағамен бірге жылына екі рет студент жастармен кездесу өткізіп, орталық туралы әңгімелейміз. Тек қана сөзбен шектеліп қоймай, іс-әрекетімізбен жақсылығымызды, барымызды және мәдени, рухани құндылығымызды дәріптеп, оны көрсетіп отырамыз. Біздің орталық ең белсенді екенін дүйім жұрт біледі десем, артық айтқандай болмас.
Жалынды жастар біздің ісімізге қызығушылық танытып жатса, біз оларды қатарымызға қосып, рухты әлемге жетелейміз.
— Бізге медицина саласында оқып жатқаныңыз мәлім. Сонымен қатар осы салада жұмыс істеуді бастап кеткен екенсіз. Бұл қалауыңыздың қайдан бастау алғанынан хабардар ете отырсаңыз.
— Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ медициналық университетке түсіп, дәрігер болсам деген арманның жетегінде жүрдім. Маған дәрігер адам жанының сиқыршысы іспеттес көрінетін. Науқас адамды емдеп, оған қуаныш сыйлайтындай. Адам жанын қуаныш пен күлкі де емдеп жазады деп ойлаймын.
Қазіргі уақытта Астана медициналық университетінің бесінші курс студентімін. Арманыма қол жеткізіп, елордада – жастардың арманы орындалатын қалада білім алып жүрмін. Дәрігерлік мамандығымды бар жаныммен сүйемін, өзім одан шабыттанамын.
Осы салада жұмыс істеуді бастап кеткенім де рас. Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық аурухананың «Политравма және эндопротездеу» бөлімшесінде мейіргер болып жұмыс істеп жүрмін. Науқасы жанына батқан жандарға қамқорлық танытып, көңілдеріне демеу болып жүргеніме қатты қуанамын. Өзімнің титтей де болса пайдамды тигізе алатыныман бақытты сезінемін. Бұл сезімді айтып сөзбен жеткізе алмаспын сірә. Дегенмен де қазіргі бойымды кернеген бақытты Авиценна атымен танылған белгілі ғалым, пәлсапашы Ибн Синаның «Өз бақытын бағалай білмеген адам бақытсыздыққа ұшырайды» деген сөзімен жеткізгім келеді. Маған бұл сөздер қанат бітіреді.
— Қоғамдық жұмысты осылармен қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?
— Әрине алдымен оқуымды оқып, жұмысымды тындырамын. Қалған уақытымды орталықтағы қоғамдық жұмысқа арнаймын. Яғни, әрбіріне уақытымды белгілеп қойғанмын. Адам өзін-өзі дамытуына әрдайым уақыт бөлуі керек деп білемін. Жан-жақтылық адам баласына пайдасын тигізбесе, зиянын тигізіп көрмеген. Мен қоғамдық жұмысты салмағын салатын жұмыс деп атамас едім. Бұл – адамның бос уақытын тиімді өткізуге арналған уақыт.
Көптеген адамдармен таныс болып, олардың жақсылығын көріп, оны бойыма сіңіремін. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөз бар ғой.
Тәуелсіз елдің жастарына қазір барлық мүмкіндіктер берілген. Тек өзің еріншектік танытып, бос жүріске салынбай, биікке ұмтылу керек. Биікке шығу – зор талап пен шыдамдылықты керек етеді. Жас кезімде лапылдап жанбасам, жастығымның мәнді өтуіне өзім талпынбасам, арты өкінішке әкелетінін жақсы түсінемін.
— Орталықтың жастар қанатында қанша адам бар? Мүшелікке қабылдау талаптары белгіленген бе?
— Орталықтың жастар қанатында жүзден астам адам бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, студент жастар арасында, әлеуметтік желіде орталықтың жұмысы туралы таныстырып өткен соң қызыққан жастар өздері келіп, орталықтың мүшесі, жастар қанатының белсендісі болуға өтініштерін білдіреді. Мұнымен мүшелікке қабылдауға қойылған талаптар жоқ екенін айтқым келіп отыр. Кез келген уақытта бізбен жұмыс атқаруға қызығушылығы бар елордамыздың жастары қатарымызға қосылуға болады. Ешкімді шеттетпейміз. Бастамаң мен ұсынысың бар ма? Кел! Бәріміз қосылып оны жүзеге асырайық! Сөйтіп табысты мемлекетті құрайық!
— Орталық жастары қандай салада басымдылық танытып жүр?
— Әр этномәдени орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық рухани құндылықты сақтап, оны көбейту. Бізде де осы дәстүрлі мақсатты үзбей келеміз. Өзбек этномәдени орталығыда «Астана ғунчалари» би ансамблі бар. Оның жетекшісі Мухтарам Мамадалихановамен бірге көптеген байқауларда жоғарғы орындарды иеленіп жүр. Ансамбль құрамында Астана медицина университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Парасат» көпсалалы медицина колледжінің студенттері өнер көрсетеді. Біздің бишілеріміз – мақтанышымыз!
Сонымен қатар «Астана ешлари» жастар қанаты белсенділерінен құрылған «Пойтахт» футбол құрамасы бар. Құрама 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған мини-футболдан бірінші орынға ие болды. 2018 жылы үшінші орынды қоржындады. Бұл құраманың ойыншылары тамаша ойын көрсетіп, біраз елге танылып жүр. Айта кетсем, қақпашы Хасан Асатов 2017-2018 жылдары өткізілген мини-футбол турнирінің ең үздік қақпашысы номинациясын иеленді. Сонымен қатар Зафаржон Ахмаджанов, Улуғбек Тожиев, Ойбек Ирсалиев сынды ойыншыларымызды атап өте аламын. Болашақтарынан үміт күттіретін өрендер.
Кеше ғана Дүниежүзілік өзбек жастары қауымдастығының өкілдерімен кездестік. Онда қос тарап өзбек тілін оқыту курстарын ашу, жексенбілік мектепке арналған оқу-әдістемелік құрал әзірлеу, орталықты ктіптармен, ұлттық музыкалық аспаптармен, киімдермен қамту жағы әңгімеленді. Келген қонақтар Қазақстандағы этностарға көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп кетті.
— Адам өмірінде белгілі бір тұлғаны үлгі тұтып, құрметтейді. Әсіресе жас адам еліктегіш келеді ғой. Сіз кімді үлгі тұтасыз және неліктен?
— Сөзіңіздің жаны бар. Мен өмірімде өзіме үлгі тұтатын нақты екі адам бар. Бірі – әкем. Ес білгелі ол үнемі жанымнан табылып, нағыз ер адам қандай болуы керек деген қасиеттерді санама сіңіріп келеді. Көп жағдайда маған қолдау көрсеткен ардақты жан. Отансүйгіш, ұлтжанды болып қалыптасуыма әкемнің үлесі зор.
Ал екіншісі – әлемге әйгілі кардиохирург Леонид Бокерия. Ол кардиологияны дамытуға айтарлықтай үлес қосқан білікті маман. Өзінің еңбегінің, кішіпейілдігінің арқасында қарапайым студенттен білікті де білімді профессорға, академикке айналды. Осыдан шабыттанған мен болашақта білікті дәрігер болу мақсатында студент кезімнен ауруханаларда жұмыс істеп, біліктілік дағдыларымды дамытып жүрмін. Жалпы «Кардиология және аритмиология» мамандығы бойынша білім алып, дәрігерлік жолымды осыған арнағым келеді.
— Орталық жастары еріктілер қатарында бар ма? Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырасыздар ма?
— Әрине, барлық іске ортақтасып жүреміз. Өзімізше қайырымдылық акцияларын ұйымдастырамыз. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсетіп, олардың тұрмыстық жағдайларына көп көңіл бөлеміз. Кәсіпкерлерді қайырымдылық іс-шараларына демеуші болуға тартамыз.
Биылғы жылғы қыста біздің белсенділермен бірге мектеп және оқу мекемелерінің ауласын қардан тазалау акциясын ұйымдастырдық. Бір қарасаң болмашы әрекет, ал оқу орындарының ұстаздары алғыстарын жаудыртты. «Батамен ел көгереді» дейді ғой.
— Ел жастарының алдында қандай міндеттер қойылған? Оның ішінде медицина саласында жүрген жастарға қойылатын талаптар?
— Елімізде жастардың қалыптасуына, сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, мәдениетін өркендетуге, кәсібін ашуға жағдай жасалып, оның механизмі бір жолға қойылған. Қазірде атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жастардың әлеуметтік жағдайын жасауға бағытталған. Онымен қатар жеңілдіктер қарастырылып, қолдау көрсетілуде.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының «Жастар жылы – даңғыл жол» онлайн-жобасы бастау алды. Онда кез келген ынталы жас өзінің жобасын ұсына алады. Яғни, әлеуметтік, ақпараттық жобалар қарастырылып, озық ойлы жастар ісін ашуға мүмкіндік алып, қолдау табатын болады.
Ал енді медицинаға келетін болсақ, бұл сала сәт сайын дамуда. Технологиялар күн сайын таныстырылып жатады. Сол себепті жастар ұшқыр, жылдам, ширақ, тапқыр, логикалық ойлау қабілеті дамыған, жаңалықты бірінші болып білуге ұмтылуы қажет екені, айтпаса да түсінікті. Білікті дәрігер болу үшін тоқтаусыз ізденіп, жаңа емдеу технологиясын, әдістемесін оқып үйренуі қажет. Білікті маманға сұраныс әрдайым жоғары болатындықтан, соған ұмтылу керек.
— Жалпы ел жастарының қоғамдық өмірге араласу белсенділігі қалай? Жастарға қажетті ұсынысыңыз бар ма айтар.
— Елорда жастарының қоғамдық өмірге араласуы өте жоғары деңгейде. Астанамызда көптеген жастар ұйымы, қозғалысы бар, олардың барлығы белгілі бір бағытта өз жұмысын тыңғылықты атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының Нұр-Сұлтан қаласы штабында бес жүзден артық жас тіркелген. Олар этномәдени орталықтардың жастар қанаты мүшелері және колледж, университеттердегі студенттер.
Ұсыныстан бұрын жастарға білімге ұмтылуға, ұйымшыл болуға кеңес берер едім. Елді сүюге, халық қамын ойлауға үндер едім. Бәрі жаман, мен жақсы деумен ештеңе тынбайды. Әр адам жақсылықтың бастамашысы мен берекелі істің жаршысы бола алады.
— Жастар жылында қазақстандық жастарға тілегіңізді білдірсеңіз...
— Жастар жылының жариялануы – біз үшін жылдың ең қуанышты сәті. Мықты Қазақстанды өркендету жолында біз, жастар, мықты болуымыз керек. Бұл үшін бізге ерінбей еңбек етіп, білім шыңын бағындыру керек. Осы орайда Ілияс Жансүгіровтің сөзі ойыма келеді: «Жас мұраты - білім, тәлім – талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы».
Лайым жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік және патриоттық сезім болсын!
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.