Жаңалықтар

Сарбаздар салған ән

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
07.05.2016 07:31 12226

Сарбаздар салған ән

«Сен маған хат жазуды ұмытпа!»

..Қазiр әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген жастар «Ал-давай» тобына өлшеусiз алғыс айтатын шығар. Неге дейсiз ғой? «Сен маған хат жазуды ұмытпа» деп келетiн «Күт менi» әнiн жарыққа шығарғаны үшiн. «Күт менi» он шақты жылдан берi әскердегi сарбаздардың гитарамен сүйемелдеп отырып шырқайтын сүйiктi әнiне айналды. «Таңертең қырау, жан-жағымда тау». Әннiң мәтiнi мардымды емес, әрине. Десе де, бұл әзiрге марш екпiнiнде жазылған, отансүйгiштiк сипаттағы жiгерлi әуендерге сусап жүрген жастардың көңiлiне демеу болуға жарап тұр.

Алда келе жатқан Отан қорғаушылар мерекесi қарсаңында «әскердегi жастар «әу» деп жүр ме екен?» деп, әскерде жүрген және әскерден таяуда оралған жастарға сауал тастадық. Бақсақ, сарбаздар арасында әскери тақырыпта жазылған, патриоттық әндерден гөрi, махаббат тақырыбындағы әуендердiң дәуренi жүрiп тұр екен.

Сауалнамаға қатысқан жастар мұндай «хит» әндердiң қатарына Талғат Жорабаевтың орындауындағы «Сағыныш сазы», Ерболат Құдайбергеновтiң «Бiздiң жiгiттер», Тоқтар Серiковтiң орындауындағы «Көршiнiң қызы» әндерiн жатқызды. Ауылдан ендi ғана келген сарбаздар көбiне Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Анашым» әнiн тебiрене шырқайды екен. Сондай-ақ, «Қызыл гүлiм-ай», «Отыздан асып барамын» сияқты той әндерi де танымалдылығы жағынан ешбiр әнге есе жiбермейдi деседi.

Әскердегi жас Тоқтар Серiковтiң «Екi жыл дегенiң екi айдай бола ма?» деп келетiн «Жылама» әнiмен сүйiктiсiн жұбатады екен. Сүйген қызына «сен менi күтiп алғын әскерден» деп сәлем жолдайтын сарбаз сөзiн жоғарыдағы «Күт менi» әнiнен кездестiремiз. Өзi әскерде жүргенде сүйген қызы хат жазбай қойғанда, не өзге жiгiтпен қол ұстасып кеткенде сарбаз жүрегiн Асқар Жүнiсбековтiң «Хат жазып тұр», Ғадiлбек Жанайдың «Есте сақта», Қайрат Нұртастың «Ауырмайды жүрек» әндерi емдейдi дейдi.

Патриоттық әндi кiм шырқайды?

Ең қызығы, жастар арасында үлкен ықыласқа ие әуендер арасында бiрде-бiр патриоттық ән жоқ болып шықты. Бiр сарбаз сөз арасында ара-тұра Ескендiр Хасанғалиевтiң «Атамекен», Бекболат Тiлеуханның орындауындағы «Елiм менiң» әндерiн шырқайтындарын айтып қалды. Оны айтасыз, осыдан 2-3 жыл бұрын ел арасында «әскердегi жастар саппен қадамдап жүргенде «Нұрлан мен Мұраттың» «Жаулап алды махаббат» деп келетiн әнiн хормен айтады екен» деген сөз шықты. Ән мәтiнiнде буын саны аз, әуенi жеңiл болғаны үшiн шырқайды екен. Болмаса, сапта тұрып махаббатты айтып не көрiнiптi?

Сарбаздардың отансүйгiштiк рухтағы әндердi шырқамай, сезiмдi дәрiптейтiн жеңiл, жылаңқы әуендердi ауыздарынан тастамай айтатыны қынжылтады, әрине. Кеңес заманында әскери жiгiттер үшiн Отан тақырыбы махаббаттан жоғары тұрды. Оған сол кезде кең танылған «Первым делом – самолеты, ну а девушки – потом» деп келетiн ән де, «У солдата выходной», «Вот приеду с победой» әндерi де айқын дәлел бола алады. Ресей эстрадасы қазiр де мұндай әуендерге зәру емес, өйткенi, оларда Ресейдегi қайыңдардың шулағанын да сезiммен жеткiзетiн «Любэсi» бар.

Халыққа «Ән сал, сарбаз» әнiмен танылған Мәдина Сәдуақасова бiрнеше жыл Президенттiк оркестрде әскери қызметте iстеген. Соңғы жылдары жарық көрген «Шекарашы сарбаздар» әнiн орындайтын Сандуғаш Нұрғазина ҚР ҰҚК Шекара қызметiнiң ансамблiнде қызмет жасайды. Шекара қызметiнiң тағы бiр қызметкерi Артур Iзтiлеуовтiң репертуарында «Берiк болсын шекарасы қазақтың» деген тамаша ән бар. Осыларды санамалап отырып, «Тек әскери тәртiптi көрген әншiлер ғана патриоттық әндердi жүректерге жеткiзе шырқай ма?» деген де ой келдi. Өйткенi, кейiнгi кезде «Жiгiттер» тобы шырқаған «Айбынды армия», Асқар Жүнiсбеков орындайтын «Жаса, Қазақстан» әндерi сарбаздардың барлығы бiрдей сүйiп айтатын әнiне айнала алмады.

Сарбаздар салған ән

Сонымен, жауынгерлер арасында «хитке» айналатын жiгерлi әндерiмiз қашан жарық көредi? Бiз Қорғаныс министрлiгi жыл сайын әскери-патриоттық тақырыптағы әндерге байқау жариялап, сосын үздiк деген әндердi жинақ қып шығарып, әскери бөлiмшелерге таратқанын қалар едiк. Ал, басқалар не дейдi?

Абай АЙМАҒАМБЕТ, тiлшi:

Әншiлерге жауапсыз сезiмдi емес, жiгерлi рухты жырлайтын уақыт жеттi

– Мен осыдан бiршама уақыт бұрын «Хабар» арнасындағы «Айбын» әскери бағдарламасының редакторы болдым. Бiздiң шығармашылық топ жылына бiрнеше рет iссапармен әскери бөлiмдерге барады. Сонда әрiптестерiм әскердегi жастардың әскери-патриоттық әндердi айтуға шорқақ екендiгiн, тiптi құлық танытпайтындығын айтып келедi. Есесiне, жауынгерлер қазақ эстрадасындағы соңғы шыққан кез-келген «хит» әндi жатқа соғады екен. Менiң ойымша, қазақ әншiлерi, әсiресе жастар әскери тақырыпта «хит» әндер жаздыруға бiлек сыбанып кiрiсуi керек. Мәселен, сарбаздардың көбiсi Ғ.Жанай, Қ.Нұртас, Е.Нұржановтарды тыңдайды делiк. Сол әншiлер өздерiнiң репертуарын жауапсыз сезiмдi жырлайтын жасық әнмен толтыра бермей, патриоттық әндер жазып, әскердегi iнiлерiне сый жасасын.

Тоқтар АСАНОВ, әскери борышын өтеп келген сарбаз:

Сазгерлер жақсы ән жазса, сарбаздар неге айтпасын?!

– «Әскерде неге патриоттық ән айтпайсыңдар?» дейсiз бе? Әуелi сарбаздар iлiп әкетiп айтатын керемет отансүйгiш әндi неге шығармайды сазгерлер? Бәрi «патриоттық ән жаздық» деп жарияға жар салады, соның даңқы Ақорда мен «Бәйтеректiң» жанында клип түсiрiп, оны телеарнада көрсетуден ары аспайды. Сосын, кей әншiлер әнiнiң мәтiнiнде «Қазақстан» деген сөзi болса болды, соны патриоттық ән деп ойлайтын сияқты. Сарбаздарға қойыртпақ, шұбалаңқы сөйлемге толы туынды емес, көңiлдi нотадағы, жiгерлi, жылдам айтылатын ән керек.


Роза ӘРЕН

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға