Жаңалықтар

Сараптамалық топтары есепті кезеңде 18 өңірге шығуды жүзеге асырды

Сараптамалық топтары есепті кезеңде 18 өңірге шығуды жүзеге асырды
Фото: ОКҚ 21.12.2022 14:58 1765

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 2022 жылғы жұмысына қорытынды жасалып, 2023 жылға қойған міндеттері айқындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Биыл елдегі күрделі әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруға және азаматтық қоғам мен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған біршама жұмыс атқарылған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, төраға орынбасары Ляззат Сүлеймен оның негізгілеріне тоқталды.

«Ұлттық комиссияның 2022 жылғы қызметінің негізгі басымдықтары: әлеуметтік демографиялық даму, экономикалық мүмкіндіктер мен еңбек қатынастырын кеңейту, отбасы және мәдени адамгершілік даму, зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы іс-қимыл, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтары, заңды мүдделерін қамтамасыз ету, гендерлік саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері», – деп атап өтті Ляззат Жаңылыскызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде қызмет етіп жатқан 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілді. Мұнда отбасы институтын дамытудың және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетудің қазақстандық моделі одан сайын күшейту, нығайту шаралары қарастырылған.

«Қоғамдық саяси іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық комиссияның төрағасы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның басшылығымен ұлттық комиссия 32 маңызды қоғамдық іс-шара мен 8 отырыс, 5 кеңес өткізілді. Ең өзекті мәселелер бойынша комиссия алдында 18 мемлекеттік орган, ведомстволардың баяндамасы тыңдалды», – деді төраға орынбасары.

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы 2023 жылға «Қуатты Қазақстанды» құру бағытында елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың шеңберінде отбасы институтын нығайтуды, гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруды міндет ретінде қойып отыр.

«Жергілікті жерлерде әйелдерді, отбасыларды қорғау саласындағы мәселелер бар. Сондықтан оны нақты зерделеу үшін Аида Ғалымқызының ұсынысымен енді ұлттық комиссияның отырыстарын 2023 жылдан бастап аймақтарда өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ляззат Сүлеймен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға