Саранның индустриялық аймағы қалай дамып жатыр?
Бүгін Саран қаласында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің жетекші өндіріс орындарына арналған пресс-тур өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Журналистер мен БАҚ өкілдері үш маңызды кәсіпорын – «Tengri Tyres» шина зауыты, «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауыты және «QazTehna» автобус шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.
Пресс-тур барысында қатысушылар зауыттардың толық өндірістік циклімен – шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңімен танысып, өндірістегі технологиялық процестерді көзбен көрді. Іс-шараның мақсаты – отандық индустрияның даму барысын көрсетіп, кәсіпорындардың жұмысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамға кеңінен таныстыру.
Алғашқы нысан – «Tengri Tyres» шина зауыты. Мұнда зауыттың даму тарихы, өнім түрлері, қауіпсіздік талаптары мен өндірістік қуаты жөнінде ақпарат берілді. Аталған зауытта өндіріс көлемі артып келеді. Бұл туралы кәсіпорынның өндіріс және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі директорының орынбасары Максим Белявский мәлім етті.

Қазақстандағы «Tengri Tyres», Ресейдегі «Ikon Tyres» және Өзбекстандағы «BRZ» зауыттары «Татнефть» өндірістік тобына кіреді. Әрқайсысы өз брендімен жұмыс істейді. Қазақстандағы біздің бренд – «Attar», зауыт атауы – «Tengri Tyres». Жобалық қуаты – жылына 3,5 миллион шина. Қазіргі таңда 46 түрлі өлшемдегі шина өндірісі жолға қойылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 105 түрлі өнімге жеткізіп, толық қуатпен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – дейді директор орынбасары.
Максим Белявскийдің айтуынша, кәсіпорын ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімдерін Ресей мен Беларусь елдеріне де экспорттайды.
Қазіргі таңда зауытта 800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, әр қызметкер теориялық және практикалық оқытудан өтеді. Әрбір жұмысшыға тәжірибелі тәлімгер бекітіледі. Бұл өндірістің сапасын арттырып, кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді ол.
Өндіріс басшысының сөзінше, зауыт ашылғалы бері 450 мың дана шина шығарылған. Жыл соңына дейін алғашқы бір миллиондық межені бағындыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2028 жылға қарай зауыт қуатын 7 миллион шинаға дейін арттыру көзделуде. Бұл мақсатта қосымша жабдықтар орнатылып, өндіріс алаңы кеңейтілмек.
Келесі нысан – «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауыты. Аталған тұрмыстық техника зауытының директоры Александр Критский кәсіпорынның даму жолын және алдағы жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, зауыттың негізі 2022 жылы қаланған. Бұған дейін резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын ескі зауыт қайта жөнделіп, заманауи өндіріс орнына айналған.

Зауытты қайта құру идеясы 2022 жылы пайда болды. Бұл жобаға Қазақстан мен Өзбекстан президенттері батасын берген болатын. Сол кезде өндіріс орны бос тұрған, ал қазір – толық жаңартылған заманауи кәсіпорын. Алғашқы өнімдеріміз 2023 жылдың соңында шығарылды, ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан нарығына жөнелтіле бастады, – деді зауыт басшысы.
2024 жылы зауыт 181 мың дана жоғары сапалы тұрмыстық техника өндіріп, оның бір бөлігі ТМД елдеріне экспортталған. Ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 100 мыңнан асып отыр.
Бүгінде біз шығаратын «Artel» және «Shivakі» – «B» санатындағы техника, яғни баға мен сапа арақатынасы жағынан оңтайлы өнімдер. Алайда біз үшін үлкен жетістік – 2024 жылдың басында Samsung брендімен кір жуғыш машиналар мен теледидар өндірісін іске қосу болды. Бұл – жоғары «А» санатындағы техника. Осы жоба бойынша Samsung компаниясымен екі стратегиялық келісімшарт жасалды. Өнімдерді Қазақстанда өндіру арқылы олардың нарықтағы бағасы төмендеп, халыққа қолжетімді болады деген үміт бар, – деді Александр Критский.
Зауытта қазіргі уақытта 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. 2028 жылға қарай кәсіпорын толыққанда, бұл сан 1000 адамнан аспақ. Сол кезде өндірістік көлем жылына 1,1 миллион дана тұрмыстық техникаға жетпек. Осы орайда зауыт директоры локализация деңгейіне де тоқтала кетті.
Пластиктен жасалатын құрылғыларда, мысалы, кір жуғыш машиналарда, локализация 70%-ға дейін жетеді. Ал теледидарлардағы ең қымбат компонент – экран. Оны біз әзірге шетелден аламыз, сондықтан бұл өнімдерде локализация 30%-ға жуық. Бірақ болашақта бұл көрсеткіш те артады. Қазіргі таңда картон қаптамалар, металл бөліктер, нұсқаулықтар секілді бірнеше компонент Қазақстаннан алынады. Ал ABS және PP секілді пластик түрлері 2028 жылдан бастап елімізде шығарыла бастайды деген жоспар бар, – деп түсіндірді ол.
Зауыт алдағы уақытта қазақстандық брендпен жеке өнім шығару мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Александр Критскийдің айтуынша, бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып, 2023 жылы бірнеше теледидар тәжірибе ретінде құрастырылған.
Соңғы нысан – «QazTehna» зауыты. Қатысушылар автобус пен коммерциялық техниканы құрастыру желісімен, дәнекерлеу, бояу және жинақтау цехтарымен танысты.
«QazTehna» – Қазақстандағы автобус және арнайы техника шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде шамамен 6000 автобус пен 3500-ге жуық арнайы және жүк техникасын өндірген. Бұл туралы зауыттың техникалық даму жөніндегі директоры Әділ Шайкемелов айтып берді.

Қазіргі таңда біздің зауыт екі негізгі бағытта жұмыс істейді: бірі – жолаушылар тасымалына арналған автобустар, екіншісі – төтенше жағдайлар қызметі мен Ішкі істер министрлігіне арналған арнайы техника. Барлық техника Қазақстанда құрастырылып, дайын өнім ретінде шығарылады. Әрбір бөлшек, әрбір компонент өндірістік тізбекте өз орнын тауып, нақты стандартқа сай жасалады, – деді ол.
Компоненттердің басым бөлігі шетелдік серіктестерден – бренд иелерінен жеткізіледі. Мысалы, «Yutong» компаниясымен серіктестік аясында Қытайдан жеткізілетін жиынтықтар қолданылады. Алайда зауыттың басты мақсаты – жергілікті компоненттерді көбейту, яғни өндірісті оқшаулау деңгейін арттыру.

Қазақстанда автокомпоненттер базасын жасайтын кәсіпорындар жоқтың қасы. Сондықтан біз бұл бағытты өзіміз қолға алып, жергілікті өндірісті дамытуға бет бұрып отырмыз. Қазірдің өзінде аккумулятор батареялары, сымдар, кейбір бөлшектер ел ішінде өндіріліп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз бұл бағытты кеңейтуге жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Зауыттың маңызды жобаларының бірі – штамповкалық өндірісті іске қосу. Бұл жоба аясында 2026 жылдан бастап автобустардың қаңқалық бөлшектері – шанақтың алдыңғы, артқы және бүйір бөліктері, төбе элементтері Қазақстанда өндірілмек.
Бұл жобаның мақсаты – дәнекерлеуге қажетті металл бөлшектерін толықтай өзімізде жасау. Қазірдің өзінде кейбір компоненттерді өндіруді бастадық. 2026 жылы толық өндірісті жолға қоямыз, – деді Әділ Шайкемелов.
Пресс-тур аясында Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кәсіпорындарға оң баға беріп, индустриялық аймақтардың ел экономикасындағы маңызын атап өтті.

Бүгін біз Сарандағы индустриялық аймақта орналасқан үш ірі зауытта болдық. Жалпы, елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ пен 55 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мемлекет бұл аймақтарда инфрақұрылымды толықтай дайындап, кәсіпкерлерге өндірістік үдерістерге көңіл бөлуге мүмкіндік жасайды. Бұл – бизнесті қолдаудың маңызды үлгісі, – деді министр.
Оның айтуынша, Саран қаласындағы «Tengri Tyres» зауыты бүгінде 47 түрлі шина шығарады. Оның 36-сы – жаздық, 11-і – қыстық. Жылдық қуаты – 3,5 миллион шина. Бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар, Еуропаға да экспортталуда.


«Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауыты жақын күндері Samsung теледидарларын отандық өндірісте шығара бастайды. Бұл – халықаралық серіктестік аясындағы үлкен жетістік. Ал «QazTehna» былтыр 1400 автобус өндіріп, Қазақстандағы жалпы сұраныстың жартысын өтеді. Бастапқыда ірі торапты жинақтау әдісі қолданылса, енді мемлекет кәсіпорындарды CKD – ұсақ торапты құрастыруға көшуге ынталандырып отырмыз, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр Саран қаласын моноқалаларды дамытудың табысты үлгісі ретінде атап өтті. Оның сөзінше, индустриялық аймақтың мультипликативті әсері байқала бастаған. Атап айтқанда, өндіріс орындарымен қатар тұрғын үй құрылысына да қызығушылық артқан.


Астанадан бір құрылыс компаниясы Саранда көпқабатты үйлер салуға ниет білдіріп отыр. Бұл – индустриялық даму арқылы қаланың әлеуметтік тынысына серпін берудің жарқын мысалы, – деді министр.
Саран қаласындағы индустриялық аймақ – отандық өндіріс шоғырланған маңызды нүктелердің бірі. Бұл аймақта онға жуық жоба жүзеге асып жатыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, мемлекет мұндай өнеркәсіптік кешендерге кешенді қолдау көрсетуді жалғастыра береді.

Бүгін біз шина, тұрмыстық техника және автобус өндірісінің нақты үлгілерін көрдік. Бұл кәсіпорындар ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Әсіресе, осындай моноқалаларда жүйелі өндіріс ошақтарының пайда болуы өңірлік даму үшін өте маңызды, – деді Азамат Панбаев.
Оның сөзінше, өндірісті қолдаудың үш негізгі бағыты бар. Біріншісі – салықтық жеңілдіктер. Мысалы, кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығы, кей жағдайда қосымша құн салығы, сондай-ақ жер және мүлік салығынан босатылады.


Екінші бағыт – жеңілдетілген несие беру. Бұл құрал «Бәйтерек» холдингі арқылы іске асырылады. Биылдан бастап кәсіпкерлерге 12,6% мөлшерлемемен өндірісті дамытуға арналған несие ұсынылып жатыр. Айта кетерлігі, бұл – қайтарымды қаржы, яғни субсидия емес.

Үшінші қолдау – инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Жаңа зауыт саламын деген инвесторға мемлекет электр энергиясы, су, жол сынды маңызды желілерді тартып береді. Бұл өндірістің бастапқы шығынын азайтып, бизнестің жылдам іске қосылуына ықпал етеді.


Сонымен қатар, Азамат Панбаев отандық өнімді өткізу тетіктері жөнінде де айтты.
Жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың сатып алу жүйесіне отандық өнімдерді енгізу арқылы ішкі нарықтағы сұранысты арттырып келеміз. Бұл да мемлекеттің бір тетігі ретінде жұмыс істеп жатыр, – деді ол.

