Жаңалықтар

«Сақ стилінде» жаңа банкноталар айналымға шығады

«Сақ стилінде» жаңа банкноталар айналымға шығады
Фото: Ұлттық банк 31.05.2024 02:29 3828

Ұлттық банк 2024 жылғы 28 маусымда 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 10 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Бұл «Сақ стилі» жаңа сериясынан екінші банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Банкноталар жаппай қолданысқа 2024 жылғы қыркүйекте беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

Банкноталардың түсі – күлгін-көк.

Банкнотаның бет жағында:

- көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);

- ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;

- артефакт – тау шыңындағы барыс бейнелі әшекей (Есік қорғаны, б.з.д. 5-4 ғғ., Алтын адамның бас киіміндегі деталь, қар барысы – батылдықтың, күш пен сұлулықтың символы).

Артқы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан мен Қазақстанда мекен ететін барыс бейнеленген. Негізгі суреттің артында дөңгелек пішіндес қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:

  • «Қалқан» – құндылықтарды қорғау;
  • ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы;
  • ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірдің символы.

Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт, яғни аузында грифондары бар барыстың басы бейнеленген (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, мақсаттылық пен күштің символы). Банкнотаның ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар. Онда Іле Алатауы тауларының ландшафты көрініс тапқан.

Номиналы 10 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 28 маусымнан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен екі жыл бойы ауыстырылады.

Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2024 жылдың 28 маусымнан  2026 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.

Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 28 маусымнан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 28 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады.

Жаңа үлгідегі (2024 жылғы)  және ескі үлгідегі (2012 жылғы)  банкноталар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз.

Олар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға