Сақ дәуіріне тиесілі сирек кездесетін екі қола пышақ табылды
Павлодар облысының Баянауыл ауданында сақ дәуіріне тиесілі сирек кездесетін екі қола пышақ табылды. Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғанында жазғы далалық тәжірибе кезінде анықталған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, құнды жәдігерді Марғұлан университетінің археологтары мен студенттері тапқан.
Сол оқу орнындағы археологиялық қорлардың бас сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, биыл «Торайғыр-6» атты белгілі ескерткіште қазба жұмыстарын жүргізіп, тас төбенің шыңын зерттеген. Нәтижесінде «Торайғыр-7» атты жаңа қорған анықталыпты. Екі қорғанды қазу барысында сақ дәуірінің ерте кезеңіне жататын қола пышақтар табылып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұл – Павлодар облысында табылған ең көне қола бұйымдардың бірі. Пышақтар ежелгі технология әдісі арқылы қоладан құйылған. Бірақ стилистикалық жағынан ерте темір дәуіріне жатады. Бұл аймақта дамыған металлургиялық технологиялар мен тұрақты мәдени байланыстардың болғанын растайды дейді мамандар. Сондай-ақ археологтар бұл жерден Тасмола мәдениеті өкілдерінің қалдықтарын тапқан. «Тарих» бағдарламасының студенті Ангелина Грищенко «қаңқа-сүйектер жақсы сақталған. Бұл жыныс, жас және антропологиялық сипаттамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Ал төменгі қабатты тазартқан кезде біз көне Андронов мәдениетіне жататын қабірлерге тап болдық» дейді. Айта кетейік, Марғұлан университеті Баянауыл аймағында 10 жылдан аса уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді. Бүгінде оқу ордасы Баянауылдағы негізгі археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етеді.