Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжал неге ушығып барады?
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы кикілжің әлі көпшілік назарынан түспей тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Естеріңізде болса, 23 қаңтар күні Қарағандыда Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелес болды деген ақпарат тарады. Осы дерекке байланысты полиция «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Серік Сәпиевтің қызметтік кабинетке костюммен кіріп, біраз уақыттан кейін жейдесімен асығыс шығып кеткен сәті көрінеді. Ал басқа бір видеода басқарма басшысын кабинеттен орынбасары итеріп шығарып жатқанын байқауға болады.
Кейіннен ММА мен джиу-джитсудан әлем чемпионы, аралас жекпе-жек сарапшысы Айдар Махметов екі тараптың өзара келісімге келгенін, мәселенің толық шешілгенін хабарлаған еді. Бұл ақпаратты Серік Сәпиев те растады.
Мәселе жабылды, жағдай реттелді, – деп қысқа қайырды ол.
Сәпиевтің өзі мәселенің шешілгенін мәлімдегенімен, оқиғаның себеп-салдары мен оған қатысты айтылған пікірлер қоғамдық талқыға ұласуда. Одан қалды орынбасардың сөздері көпшіліктің көкейіндегі күдікті арттыра түскендей.
Серік Сәпиев орынбасарымен болған кикілжіңнің мән-жайын ашық түсіндіріп, оның жеке бастың өкпе-ренішінен емес, облыста ықпалы бар белгісіз топтардың астыртын әрекетіне байланысты өрбігенін алға тартты.
Өңірдегі кейбір ықпалды азаматтар менің сыртымнан спорт мекемелерінің басшыларын заңсыз ауыстырмақ болған. Бұл әрекетті дер кезінде байқап қалып, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым, – деді Серік Сәпиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Олимпиада чемпионы өзіне жасалған қысымға қарамастан, мемлекет басшысы тапсырған спорт саласындағы жүйелі реформаларды соңына дейін жүзеге асыруға ниетті екенін де атап өтті.
Алайда басқарма басшысының орынбасары Дәурен Есімханов мұнымен келіспейтін тәрізді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында интернет пен кейбір БАҚ-та тараған ақпараттың шынайы жағдайды толық көрсетпейтінін алға тартты.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында объективті шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер тарап жатыр. Арандатуға және бұл жағдайды ушықтыруға тырысқан жекелеген адамдардың әрекетіне ермеулеріңізді сұраймын, – деп жазды Дәурен Есімханов.
Осы дауға байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдіріп, асығыс шешім қабылдауға және алдын ала баға беруге болмайтынын ескертті.
Қандай жағдай болса да, оған құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс. Әрбір тәртіпсіздік жазасыз қалмауы керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысы еш кедергісіз, заң аясында жалғасуы қажет. Бұл оқиға бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арнайы тексеру жүргізеді. Басқарма қызметі жан-жақты аудиттен өтеді. Тергеу аяқталғаннан кейін барлық әрекетке тиісті құқықтық баға берілетін болады, – деді облыс әкімі аппарат жиынында.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметкерлерді қызметтік әдеп пен заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Кез келген түсініспеушілік пен келіспеушілік тек құқықтық жолмен шешілуі тиіс. Басшы қызметтік тәртіпке, ұжымдағы ахуалға және мемлекеттік мекеменің беделіне тікелей жауапты. Осыны бәріңіз есте сақтаңыздар, – деп қатаң ескертті Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Қазіргі таңда ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады. Ал оның орынбасары Дәурен Есімханов – самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем біріншіліктерінің жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.

