Жаңалықтар

Саперлер кәсіби шеберлігін жетілдіруде

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді
Саперлер кәсіби шеберлігін жетілдіруде
Фото: ҚР ҚМ 14.01.2023 17:30 1061

Минасыздандыру орталығында Бас штабтың Инженерлік әскерлер департаменті инженерлік-саперлік роталардың командирлерімен оқу-әдістемелік жиын өткізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Апта бойы еліміздің әр өңірінен келген инженерлік-саперлік роталардың командирлері білім деңгейін толықтырып, жергілікті жерлер мен объектілерді минасыздандыру жұмысын ұйымдастырудағы дағдылары мен машықтарын жетілдіруде. Минасыздандыру орталығының тәжірибелі мамандары оқу сыныптарында және «Жағалау» полигонында сабақтар өткізуде.

Саперлер әрдайым іс жүзінде және ашық жерлерде, елді мекендерде әрекет етуге дайын. Біз минадан тазарту саласындағы, оның ішінде оқ-дәрі қоймаларындағы оқиғалардың салдарын жою жөніндегі жұмысты ұдайы тәжірибемізде жалғастырып келеміз.  Шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін де әрқашан зерделейміз. Нәтижесінде жиындарда біз офицерлерді оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды іздестіруді, залалсыздандыруды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды барынша тиімді және қауіпсіз ұйымдастыруға үйретуге тырыстық, – деді Минасыздандыру орталығының бастығы подполковник Мұхамед-Әли Байғұлов.

Заманауи арнайы инженерлік жабдықтар мен қосалқы құралдарды, оның ішінде tEODor робототехникалық кешенін, жинақы мина іздегіштерді, портативті рентген жүйесін, супервизорды, барлаушы дронды, радио кедергі генераторын, керек-жарақтар мен жабдықтарды дұрыс пайдалануға ерекше назар аударылып отыр.

Минадан тазарту инженерлік әскерлер қызметінің маңызды бағыты екенін атап өткен жөн. Оның өзектілігі саперлердің полигондарды Қарулы күштердің жауынгерлік оқуына дайындауынан, түрлі іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, сондай-ақ БҰҰ бітімгерлік миссияларында сұранысқа барынша ие болуынан көруге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға