Жаңалықтар

Санжар Керімбай қазақ қоғамында салафиттердің неге жеңіске жеткенін түсіндірді

Санжар Керімбай қазақ қоғамында салафиттердің неге жеңіске жеткенін түсіндірді
Фото: Видеодан алынған кадр 01.12.2023 12:25 5700

Жазушы, ағартушы, баспагер Санжар Керімбай Тимур Балымбетовке берген сұхбатында елге діннің ықпалы, жастардың қазақылыққа оралуы және тағы да басқа мәселелер жайлы ой қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгіме барысында өзін зікірші деп атайтын Санжар Керімбай осы ұстанымы үшін біраз қиындыққа тап болғанын да жасырған жоқ. Осы орайда тележүргізуші одан салафизм мен сопылықтың арасындағы қақтығыста неліктен алғашқысы жеңгенін сұрады.

Олар жеңді, біраз жерде үстемдік орнатты. Соның кесірінен қазақтың мәдениеті, руханияты гүлденіп кете алмады. Себебі салафиттер дінді меңгеріп, тек Құранмен жүреміз деп ойлады. Бұл ғылымда әбден зерттеліп тастаған. Мекке Мединаға жақын тұратын арабтар өздерінің өткен тарихын аса ұнатпайды. Себебі пайғамбар бұларды гүрілдетіп, өркениеттің көшіне ілестіріп жіберген соң, өздерін сол нүктеден таратады. Оның алдында сүйенетін түк жоқ, негізінен тұрпайы, жабайы ұстаным болған. Сондықтан оларды «әхла Хадис» дейді, яғни нұсқаумен жүретіндер. Біреу бағыт-бағдар беріп отырмаса, адасып кетуден қорқатындар, - деді ол.

Сөз арасында ағартушы Түркістан топырағында ғұлама ғалымдардың көптеп дүниеге келуінің себебін де түсіндіре кетті.

Ал Самарқан, Түркістан топырағындағыларды «әхла Рай» – көңілдің, интеллекттің көзімен көру дейді. Имам Матуриди оларға басу айтып, «келіп жатқан мыңдаған ақпаратты ақылдың сүзгісінен өткізіп, жүрекке қонымды болса ғана аламыз» деді. Олар бәрін сүзгіден өткізді, ақыл-ой таразысына салды. Әйтпесе дінді алға тартып, неше түрліні тықпалағысы келгендер көп болған. Түркістан топырағында ғалымдардың көптеп тууы да сондықтан. Бұл жердегі қазақтардың білімді болуы «әхла Хадис» пен «әхла Райды» қатар ұстануында деп жатады, - дейді Санжар Керімбай.

Ол салафизмнің үстемдік құруы ойланудың тым қиын екендігімен тікелей байланысты деп отыр.

Өмірдегі ең ауыр жұмыс – ойлану. Себебі ізденіп, ойланып, соңында бір ақиқатқа келу сенің бұрынғы ұстанымыңа, өмір салтыңа түбегейлі қайшы келуі мүмкін. Ол кімге ұнасын?! Сол кезде біреу келіп мәңгі өмірдің мағынасын шешіп беру, жұмаққа кіргізу туралы ұсыныс жасайды. Мына ережелерді орындасаң болғаны дейді, - деді Керімбай.

Санжар Керімбайдың сөзінше, ойлану мимен ғана жұмыс емес, ол өз-өзіңді көп нәрседен шектеу, тіпті тамақтың өзін талғап жеу, тиісінше ол көпшілік үшін өте қиын. Ағартушының сөзіне қарағанда, ойланудың қиын тұстары тым көп болғандықтан да адамдар ойланбайтын жолды таңдап, біреудің сөзімен жүргенді құп көреді. Салафизмнің жеңуінің басты себебі де осында деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға