Жаңалықтар

Санскрит сөздерінің мәні қандай?

Санскрит сөздерінің мәні қандай?
03.11.2015 09:23 6209

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс ғалымдары санскритке ерекше мән бере бастады. Мәскеу университетінің оқытушысы, жоғары эрудициялы полиглот ғалым ең бірінші санскритолог орыс ғалымы П.Я.Петров (1814-1875)  Байронның шығармаларын санскритке аударған және оның бірнеше шәкірттері Ф. Ф. Фортунатов (1848-1914), В. Ф. Миллер (1848-1913), Ф. Е. Корш (1843-1915) санскритология саласының атақты ғалымдары атанды. Бұл ғалымдар санскритті салыстырмалы-тарихи тіл білімі саласында мейілінше терең қарастырып, орыс сөздерінің 30 пайызы санскрит сөздері екендігін айтқан.

Ал, біз мантра, сандра, баала, сундара, баһи, сутра, буса, бураана сияқты санскриттегі сөздердің қазақ тіліндегі ауызекі сөздердің біразын мысалға келтіреміз.

Мантра - санскриттен аударғанда («Ман» - ақыл, «Тра» асқақтау) сананы жаман ойлардан босататын, яғни ақылдың асқақтауы деген мағына береді. Мантраның дұғадан ерекшелігі - оны әндетіп, ырғақпен айтады. Қазақтар әр нәрсені бір айтып, көп сөйлейтін, мылжың адамдарды  «мантырап кетті» деседі.

Сандра – санскриттен аударғанда («Сандра»- ай (луна)). Ай сәулесі түскендегі «айкезбе», ұйқысыраған немесе ыстығы қатты көтеріліп ауырған адамдардың кейпін «сандырақтады» дейді,  кейде сөзге келісіп қалған адамдардың бірі екіншісінің мысын басуы үшін «сенің айтып тұрғаның барып тұрған сандырақ» деп меселін қайтарады.

Баала – кәдімгі бала деген сөз. Айтылуы – баалак.  Түрік  халықтарының астанасы болған «Орда балық» деп жүрген қаламыз Орда баласының қаласы екендігін қаперге аламыз.

Судра немесе сутра- санскриттегі киелі жазбалар, мәтіндер. «Судыратып оқып шықты» деген сөздің шығу төркіні.

Сундара қазақша сындарлы деген сөздің төркіні.  (орысша «прекрасный»).

Бахи – бақи, мәңгілік ұғымы.

Буса – боз (рең, түс) және «күн жылынып, жер бусанды».

Бураана  бұрын, бұрынғы деген сөз.

Қазақ тіліндегі бірнеше сөздердің төркінін санскритпен салыстыра қарастырған Қытай қазақтарынан шыққан ғұлама тарих ғалымы, тіл маманы, әдебиеттанушы, ақын, прозашы, аудармашы, қоғам қайраткері, Қытай қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Н. Мыңжанидың еңбектерінен де табамыз. 

Айтпақшы, осыдан бірер жыл бұрын, Семей педагогикалық институты Манаш Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми орталығының ғалымдары Тарбағатай тауының сілемі Доланқара жотасынан тасқа қашалған көне санскрит жазуды тапты, - деген ақпарат көздерінде, ғаламторда  хабарланған еді. Шығыс Қазақстан облысындағы Тарғыбатай тауының Долаңғара асуындағы санскрит әріпімен мантраның бір шумағы жазылған тас табылғандығы жөнінде: «Жартастағы таңбаларды әр түрлі көне жазулармен салыстыра отырып, орталық маманы Мұхамед Асылбеков бұл таңбалардың будда мантраларының бірі екендігін анықтады. Жазу санскрит жазуларының бір түріне жатады. «Ом мани падме хум» деп оқылатын, тура аудармасы «Лотос гүлінде жарқыраған інжу-маржан» деген мағына береді. Долаңғара жазуының санскритке жататыны және мантра екендігін растаған анықтамасын Қалмақ Республикасының (РФ) Элистадағы Тарих институтының жетекші ғылыми маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Эльза Бакаева жіберген», - деген Кенжекей Тоқтамұрат мақаласы анықтай түседі.


Сымбат МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ,

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі, этнограф

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға