©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Самарқандағы жанармай бекетінде болған жарылыстан қаза тапқандар саны артты

Өзбекстанның Самарқанд облысы Каттакурган ауданындағы жанармай құю бекетінде орын алған жарылыстан қаза тапқандар саны үш адамға жетті. 9 мамыр күні ауруханаға жеткізілген азаматтың бірі көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Milliy телеарнасының мәліметінше, оқиға 7 мамыр күні сағат 15:06 шамасында Қуштепа махалласында орналасқан АЖС аумағында болған. ЗИЛ маркалы жүк көлігіне дизель құю барысында, көлемі 10 текше метр болатын резервуарда жану процесі жүріп, соңы жарылысқа ұласқан.

Қайғылы оқиға салдарынан станса басшысы, оператор және жүк көлігінің жүргізушісі мерт болды. Облыстық ІІБ баспасөз хатшысы Хамидулла Сагдуллаевтың мәліметінше, Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 259-бабы 2-бөлігі бойынша («Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу») қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.