Жаңалықтар

"Самара-Шымкент" және "Ақтөбе-Орск" тасжолдарына интернет тартылады

"Самара-Шымкент" және "Ақтөбе-Орск" тасжолдарына интернет тартылады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 17.06.2024 21:48 507

Биыл «Самара-Шымкент» және «Ақтөбе-Орск» тасжолдарына интернет тартылады, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Ақтөбеде 5G стандартына сай келетін 16 базалық станция қосымша орнатылады. Бұл облыс орталығының тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді.

Өңірде интернет сапасын арттыру, коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жаңа цифрлық өнімдерді енгізу мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Кездесуге байланыс операторлары шақырылды. 

Жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша ауқымды жұмыстарды қарастыратын 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту және 5G интернет желісін іске қосу туралы баяндады.

Ақтөбеде байланыс сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа және 160 базалық станция жаңартылды. Биыл жылдың соңына дейін 4G стандартымен жұмыс істейтін 130 базалық станциясын орнату жоспарлануда. Оның 40-на – «КаР-Тел» ЖШС, 90-на «Кселл» АҚ жауапты. Сондай-ақ Ақтөбеде 5G стандартты 28 базалық станциясы орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 16-сы орнатылады, осылайша біз қала аумағын жоғары сапалы мобильді интернетпен қамтимыз, - деді Әсет Отарбаев.

Өңірде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында үздіксіз ұялы байланыс пен мобильді интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында антенналық-діңгек құрылымдарын салу жоспарлануда. 9 ауданда АЖЖ орнату үшін 17 пункт анықталды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімдер жасалды. Қыркүйек айында құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім беру және 2025 жылдың ақпанында жұмысты бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Самара – Шымкент» республикалық тасжолының 521-571 шақырымы және «Ақтөбе-Орск» 51-69 шақырымы учаскелерінде ұялы байланыс пен интернетке қосылу жұмыстары жүргізілуде. Іске қосу биылғы жылға жоспарланған, - деді Әсет Отарбаев.

Бүгінде облыста 312 ауыл бар. Оның ішінде 239 елді мекен мобильді интернетпен қамтылған, бұл — ауылдың 76,6 пайызы немесе ауыл халқының 94,7 пайызы.

Жыл басынан бері Алға ауданындағы Жерұйық, Әйтеке би ауданындағы Ұлғайсын, Ойыл ауданындағы Бестамақ, Шиқұдық, Шалқар ауданындағы Сарсай, Кеңдала ауылдары интернет желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 40 ауылды қосу жоспарланып отыр.

2025 жылы облыстағы барлық елді мекен толық интернетпен қамтылуы тиіс. Қазірдің өзінде 61 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылып, 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында облыстың 192 елді мекенінде талшықты-оптикалық желі тарту жоспарлануда.

Кездесу барысында Асхат Шахаров Beeline байланыс операторына қатысты олқылықтарды атады.

Алтын Орда шағын ауданындағы ұялы байланыс мәселесі неге шешілмеді? Жаңа аудан салынып, ол жерге көп адам көшіп жатыр, алайда ұялы байланыс сапасы әлі де сын көтермейді. Дереу осы мәселемен айналысыңыздар. Халық сапалы қызмет алуы керек. Оның үстіне сіздердің байланыстарыңыз да арзан емес, - деп тапсырма берді аймақ басшысы Beeline байланыс операторының өкіліне.

Асхат Шахаров облыста ұлттық жоба аясында жоспарланған жұмыстарды уақытында жүзеге асырып, тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік тек қала мен ауылдарда ғана емес, сонымен қатар облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында да болу керек. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының арқасында біз бұл мәселелерді шеше аламыз. Бүгінде ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернеттің болуы — халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды факторы. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруымыз керек, - деп түйіндеді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға