El.kz

Салық органдары табысты жаңа тәсілмен тексереді

Келер жылдан бастап салық органдары азаматтардың табысын жанама әдіспен анықтай бастайды. Тиісті қағидалар Қаржы министрлігімен бекітіліп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа тәсіл азаматтардың кірісі мен шығысын салыстыруға негізделген. Егер адамның шығыстары ресми табысынан асып кетсе, салық органдары оның нақты табысын мүлік, көлік, шоттағы қаражат және басқа да активтер құны арқылы есептей алады.

Бақылау барысында банк шоттарындағы қозғалыс, мүлік пен қызметтерге жұмсалған шығындар, шетелдегі табыс пен мүлік туралы деректер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен шетелдік құрылымдардан алынған ақпарат ескеріледі.

Жанама әдіс жеке тұлғаның декларациядағы табысы тіркелген мүлікке жұмсалған шығыстан аз болған жағдайда немесе есеп жүргізу ережелері бұзылғанда қолданылады. Сонымен қатар, ресми түрде тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар да тексеруге ілігуі мүмкін.