Салық берешегі: кімдердің шоттары бұғатталмайды?
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) салық берешегіне байланысты шектеулер қай сомадан бастап қолданылатынын және қарыз көлеміне қарай қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
МКК Аудит департаментінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық берешегін өндіріп алу тәртібі жаңартылған. Енді шектеу шаралары берешек мөлшеріне қарай кезең-кезеңімен қолданылады.
20 АЕК-ке дейін – ескерту мен өсімпұл
Егер салық берешегінің сомасы 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылғы есеп бойынша 86 500 теңге) болса, салық органдары қатаң шараларға бармайды. Бұл жағдайда тек өсімпұл есептеліп, салық төлеушіге берешек туралы хабарлама жіберіледі.
Бұл хабарламада салық төлеушінің нақты қарыз сомасы көрсетіледі. Басқа шектеу шаралары қолданылмайды, – деді Қайсар Арын.
20-45 АЕК аралығы – шоттар бұғатталады
Ал салық берешегі 20 АЕК-тен асқан жағдайда, салық органы басқа форматтағы хабарлама жолдайды. Мұндай кезде мемлекеттік кірістер органдары берешекті өндірудің толық циклін іске қосады.
Атап айтқанда:
- өсімпұл есептеледі;
- банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады;
- касса және инкассалық өкімхаттар арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.
Бұл шектеулер берешек мөлшері 45 АЕК-ке дейін (2025 жылы 194 625 теңге) болған жағдайда жүзеге асырылады.
Егер салық берешегі 45 АЕК-тен асып кетсе, өндіріп алудың барлық заңды тетіктері іске қосылады. Бұл жағдайда:
- дебиторлық берешек арқылы өндіріп алу;
- мүлікті түгендеу және оны сату;
- сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тану шаралары қолданылуы мүмкін.
Хабарлама қалай жеткізіледі?
Салық төлеушінің хабарламаны жеке кабинетінде электронды цифрлық қолтаңба арқылы ашуы оны алғанының дәлелі болып саналады. Егер мұндай растау болмаса, хабарлама қағаз түрінде пошта немесе курьерлік қызмет арқылы жеткізіледі.
Айыппұлдар мен өсімпұлдар кешіріледі
Сонымен қатар Қайсар Арын 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты жаңа жеңілдік тетігі іске қосылғанын айтты.
Үкімет бейімделу кезеңін жеңілдету үшін жаңа Салық кодексі аясында айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару механизмін енгізді. Қазіргі таңда бұл жөніндегі қаржы министрінің бұйрығы Әділет министрлігінде қаралып жатыр.
Егер салық төлеуші 2026 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызына дейін негізгі берешекті толық өтесе, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар автоматты түрде кешіріледі, – деді ол.
Бұл норма төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу құқығы бар азаматтарға да қатысты. Негізгі қарызды мерзімінен бұрын өтеген жағдайда да айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылады.
Сондай-ақ сот шешімімен банкроттық, оңалту немесе қайта құрылымдау рәсімінде тұрған салық төлеушілер де еркін формада өтініш беріп, 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында салық міндеттемелерін орындаса, айыппұлдардан босатылады.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС бойынша есепке тұрмағаны үшін салынған, бірақ өндіріп алуға жіберілмеген айыппұлдар да жеке тәртіппен есептен шығарылады.

